Отырған қыз орнын табар...
Әлеммен бірге құндылықтар да өзгеріп жатыр. Қазір қоғамда әрбір үшінші қыз баласы тұрмысқа шығуға асықпайды. Оған себеп те көп. Тәрбиеден бастап адамның көзқарасына дейін бәрі себеп бола алады. Әрине, олардың таңдауына ешкім қарсы келмейді. Дегенмен оң босағада отырған қыздардың бүгіні мен болашағы кімді болса да толғандырмай қоймасы анық. Ал олардың бойдақ өмірді қимай, отбасылық өмірге асықпауы – үлкен мәселе. Расымен оң босағада отырған қыздардың отбасылық өмірге асықпауының себебі неде және оған не кедергі?
Халқымыз «Қыз бала жат жұрттыққа жаралған», – деп тәрбиелеген. Ал бүгінде ата-аналардың көпшілігі байырғы тәрбиеден алыстап бара жатыр. «Жақсы оқы, жақсы мамандық ал, беделді жұмыс тап», – деп тәрбиелейді. Қыз баланың жетістікке ұмтылғаны, өзін жан-жақты дамытқаны, мансапта белгілі бір дәрежеге жеткені әрине жақсы, бірақ бұл оны өмірлік миссиядан алыстатады. Олардың көпшілігі мансап пен отбасын бірге алып жүру мүмкін емес деген пікірді ұстанады. Сондықтан олар таңдау жасағанда біріншісіне тоқталуға мәжбүр. Себебі қыз баланың өмірінде мансаптық жетістіктер неғұрлым көп болса, өмірлік серігін таңдағанда, оған қойылар талап та соғұрлым жоғары болмақ. Ал өзіне сай келетін азаматты таппаған соң, олар үшін негізгі мақсат – мансап болып қала бермек.
Қазір қыздардың көпшілігінде тұрмыс құру туралы белгілі бір стереотип қалыптасқан. Ол – отбасылық өмірдегі үзілмейтін азды-көпті мәселелер, керуетте жатқан күйеуі, тынымсыз балалар және тағы басқа. Көп жағдайда мұндай қағиданы ұстану, бала кезден қалған бейнелерден туындайды. Өздерінің басында құрастырып алған сценарийлерден басқасын білмейді. Сондықтан отбасылық өмірде бақытты боламын дегенге әсте сенбейді. Бірақ барлық адамның өмір жолы бірдей емес екендігін ескерсек, кез-келген адам қарым-қатынасты дамытудың өз нұсқасын жасай алады. Ол үшін әркім лайықты адамды таңдай білу керек. Ал бұл оңай шаруа емес.
Қыз баласының отбасылық қарым-қатынасқа дайын болмауының тағы бір себебі – өткен өміріндегі қатынастан көңілінің қалуында. Әдетте сәтсіз махаббаттың құрбаны болғандар өткен өміріндегі келеңсіздіктерді ұмыта алмай, жаңа қарым-қатынасқа дайын болмайды. Ал бұл отбасылық өмірде үлкен кедергі туындатады. Туындаған келеңсіздіктер салдарынан бойжеткендердің қарым-қатынасқа қызығушылығы да бәсеңдей бермек. Соның нәтижесінде олар жалғыздықты өздеріне серік етеді. Көңіл көкжиегінде лайықты ер азамат пайда болса да, өздері үйренген жалғыздықтан арыла алмайды.
Психолог мамандардың пікіріне сенсек, өз қатарластарынан бұрын отбасын құратындардың көпшілігі мұны не үшін жасайтыны, шынымен қалайтыны туралы мүлдем ойламайды. Мотивтердің ақиқатын түсіну кейінірек пайда болады. Ал оң босағада отырған қыздар тұрмыс құрғысы келетінін немесе келмейтінін уақыт өте келе мойындайды. Біраз уақыттан кейін олар мұны кейінірек жасауға болатындығын немесе өмірді басқа сценарий бойынша құруға болады деп түсінеді. Мұны жан-жағындағы адамдардың тарапынан қойылатын сұрақтарға берер жауабынан аңғаруға болады. Сұраққа қарсылық танытпаса да, тұрмысқа шыққысы келмейтіндерін тікелей мойындамайды. Бірақ бұл түбегейлі отбасылық өмірге асықпау немесе қаламау деп түсінуге болмайды. Махаббат келсе әрбір адам өмірлік ұстанымдары мен қағидаларына да қарсы тұрады.
Осы орайда тақырыпқа арқау болған қыздар қауымының бірқатарынан тұрмыс құруға асықпауының себебін өздерінен сұрауды жөн көрдік.
– Әр адам әртүрлі, тағдыры да сан қилы. Меніңше, қыздар мына жасқа дейін тұрмыс құрып, үлгеру керек деген қалыптасқан стереотиптен арылғанымыз жөн. Себебі тұрмыс құрудың белгіленген жас шегі болмайды. Әрбір қыз баласы отбасылық өмірге моральдық тұрғыда дайын болып, саналы түрде тұрмыс құрса, оның отбасы да берік болады деп ойлаймын. Өз басым өзгелердің «Қашан тұрмыс құрасың? Тойға қашан барамыз?», – деген әңгімелеріне күліп қараймын. Өзгелер секілді мен әлі тұрмыста емеспін, отбасылық өмірге кешігіп қалдым деген комплекс жоқ. Сондықтан асықпай жүріп, отбасылық өмірге анық қадам басқым келеді, – дейді 29 жастағы Аяулым есімді ару.
Ал 27 жастағы Айым қыз баласының бақытын тұрмыс құрумен байланыстыратындарды түсінбейтінін айтады.
– «Тұрмыс құрсаң, бақытты боласың» – деген қасаң пікірмен мүлдем келіспеймін. Оның үстіне тұрмыс құрмаған қыздардың бәрі бақытсыз деп айта алмаймын. Кейде жақындарымнан «Сенің бақытты болғаныңды қалаймын, тезірек бақытыңды тап» – деген тілектерін жиі естимін. Олардың да тілегі орынды. Бірақ адамның нені қалайтынын білмей тұрып, таңдауына қарсылық білдіруге болмайды. Оның үстіне адамның қашан, қалай бақытты боларын ешкім білмейді, ол Жаратқанға ғана аян дүние, – дейді Айым.
– Өзімді оң босағада отырған қыздардың санатына жатқызбаймын. Осы уақытқа дейін тұрмыс құрмауыма пәлендей себеп жоқ. «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді», – деп өз адамымды күтіп жүрген жайым бар. Қыз баланың тұрмысқа шығуы уақытқа не басқа да құндылықтарға тәуелді дегенге мүлдем қарсымын. Оған түрлі себеп болуы мүмкін, – дейді Заруна.
Қыздардың көбі отбасын құру асығыстықты ұнатпайды деп ақталса, ал кейбірі өз адамын күтіп жүргендігін айтады. Оң босағада отырған қыздар қандай себепті сылтау етсе де, ерте ме, кеш пе өмірден өз орнын тауып, аяулы жар, асыл ана деген статусқа ие болса дейміз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ