Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаңыз ашуға бейім болса...

Балаңыз ашуға бейім болса...

Соңғы уақытта балалардың агрессияға бейімділігі туралы жиі айтылып жүр. Тіпті бұл тұтас қоғам үшін үлкен мәселеге айналып отыр. Балдырғандардың шектен тыс ашуға беріліп, агрессияға жол беретіндігі кімді де болмасын алаңдатпай қоймайды. Олай болса, балалар бойында жиі көрініс табатын осы бір мінез-құлықтың болу себебі мен салдары жайын зерделеп көрелік.
Расымен қазір балалар жиі негативті эмоцияға ерік береді. Мұны көпшілігі қалыпты жағдай деп қарастырады, дегенмен бұл үстіртін қарайтын дүние емес. Тақырыпқа бойламас бұрын әуелі агрессия ұғымының мағынасына тоқталайықшы. Бұл термин латынша ««aggressio», қазақша «шабуыл жасау» дегенді білдіреді. Бұл адам әрекетінің ерекше формасы. Агрессия – адамдардың қоғамда өмір сүруінің нормалары мен ережелеріне қайшы келетін деструктивті мінез-құлық, ол айналадағы адамдарға физикалық және моральдық зиян келтіруі мүмкін.
Жалпы бала бойындағы агрессия қандай әрекеттерден тұрады, алдымен соны қарастырсақ. Көбіне балалардың агрессиялық әрекеті келесідей болуы мүмкін. Атап айтар болсақ, отбасыдан тыс қоршаған ортаға, жақын адамдарға қыр көрсетіп, айтқанын орындамау не қарсы шығу. Тіпті өзін жазалап, шашын жұлып, тырнағын тістеп, өзін тамақтан шектеу. Үйдегі мүлікті, заттарды сындыру не лақтыру сынды әрекеттерден тұрады. Ал бұл әрекеттердің алдын алып, бойдағы агрессивті энергияны жақсы жаққа жұмсаған абзал. Бұл турасында атақты австриялық психолог конрад Лоренц: «Егер адам зиянды емес әрекеттермен айналысса, ол агрессияны төмендетеді немесе агрессивті энергияның қауіпті деңгейге жетуіне жол бермеуге болатындығын айтады.
Зерттеуші мамандардың пікіріне сенсек, агрессияның жағымды тұстары да бар. Ол адамды табанды болуға, кедергілерді жеңіп, мақсатқа жетуіне итермелейді. Сондықтан тәрбие процесі барысында балалардың бойынан агрессивтілікті алып тастауға емес, оның деструктивті, асоциалды түрлерін шектеуге және бақылауға және оның, өзін-өзі қорғау қабілеті сияқты жағымды көріністерін ынталандыруға бағытталуы керек, – дейді мамандар.
Ал ата-аналар агрессияның балаға тигізер жағымды тұсы бар дегенге сену қиын дегенді алға тартады. Солардың бірі – Айдана Жанаева.
– Менің екі қыз, бір ұлым бар. Екеуі мектеп жасында, ал біреуі балабақша тәрбиеленушісі. Қыздарымның мінезі өте байсалды. Ал кішкентайым ашуланшақ. Болмашы нәрсеге тез ашуланып, агрессияға бой алдырады. Ойыншықтарын сындырып, қолына түскен заттарды шашып, қиратады. Қыздарымның кітап-дәптерін жыртып, қаламдарын сындырып тастайды. Кейде ашуын екі қыздың қолын тістеп те шығарады. Осындай әрекеті үшін таяқтап, жазалап та аламын. Баламның мұндай әрекетін балалыққа баласам да, кейде түсінбей қалатын сәттерім де болатынын жасыра алмаймын. Өскен соң бұл мінезі өзгереді деп өзімді жұбатамын. Әрине, өзі өзгерер деп тек күтумен шектеліп қалмаймын. «Ашудың арыстанын ақылдың ақ беренімен атып ал» демекші, ашуын ақылға жеңдіріп, бойында сабырлылық һәм ұстамдылықты қалыптастыруға ата-ана ретінде ықпал жасаймын.
Көбінде ата-аналар балалары агрессия танытқанда қандай әрекетті басшылыққа алу керектігін білмейді. Мінез көрсетуінің себебін іздемей, «сен анаған не мынаған тартқансың» деп жатады. Тіпті болмаса бұл маған әдейі қырсығып тұр деп түсінеді. Шындығында баланың бойында көрініс тапқан бұл мінез-құлық оның дамуының қалыпты жағдайы болып саналады. Олар саналық деңгейі әлі толыққанды дамымағандықтан, тиісінше эмоциясын басқара алмайды. Соны ата-аналар жете түсіне бермейді. Бұл турасында психолог Аида Абдулманова былай дейді:
– Жалпы бала бойындағы агрессия шығарылмаған ішкі сезімдер мен баланың қанағаттанбаған қажеттіліктерінен туындайды. Сондықтан баланы сезімін басқаруға, өзінің эмоциясын түсінуге, тіпті басынан өткізіп, сезінуіне, жақсы не жаманды ажыратуға ерте жастан үйреткен жөн. Ата-аналар көбіне балаларына агрессия танытатын ойындарды, іс-әрекеттерді рұқсат етпейді. «Олай жасама, айғайлама» деген сынды сөздермен баланың эмоциясын шектеп тастайды. Бірақ бұл баланың ішкі эмоциясын шығаруға пайдалы екендігін де ұмытпау керек. Егер бұл шектен тыс орын алып, жағымсыз эмоцияға жиі бой алдырса, онда оның агрессивті мінез-құлқының себебін анықтап, соған орай шара қолданғаныңыз абзал. Баламен жиі сөйлесіп, ол ашуланған уақытта оның назарын аударып, агрессияны ешкімге зиян келтірмейтін тарапқа бағыттауға тырысу керек, – дейді психолог.
Танымал чех психологы Зденек Матейчик: «Егер балада тебетін доп жоқ болса, онда ол қасындағы балаларды теуіп ойнайды», – дейді. Олай болса, балаңыз энергиясын дұрыс жаққа жұмсап, агрессияға бой алдырмасын десеңіз, онда оған жайлы орта қалыптастырып, мейірімге бөленуіне мұрындық болғанымыз абзал.

Арайлым ЖҮСІПОВА
26 қараша 2022 ж. 504 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031