Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаңыз қандай ән тыңдап жүр?

Балаңыз қандай ән тыңдап жүр?

Бүгінде балалар жеңіл әрі ырғақты, мағынасыз әуендерді тыңдауға әуес. Түрлі жанрдағы динамикалық әндерге құмарлық уақытша құбылыс десек те, бүгінде жеңіл-желпі әндердің қатарын көбейтіп, кішкентай тыңдармандарды таңқалдырамыз деп талғамды төмендетіп жатырмыз. Бірақ «талғамға талас жоқ» деп жастарды есті әндермен емес, ессіз әуендермен сусындату қаншалықты орынды? Ендеше тақырыпқа тиек болған сұрақ турасында ой қаузасақ.
Қазіргі балалардың музыкалық қалауы көптеген факторлардың әсерінен қалыптасып отыр десек артық айтпаймыз. Вирусты түрде таралған танымал әншілердің түрлі платформадағы тректері жастарды өзіне тартпай қоймайды. Тиісінше оны жүктеп, плейлистке қосады немесе ақылды динамиктер арқылы тыңдайды. Оған қол жеткізу де аса қиын емес. Тек ән мен орындаушының атауын айтсаңыз болғаны. Ал мектеп жасына дейінгі балалар сөзі жиі қайталанатын әндерді, мульфильмдерде айтылатын музыканы жақсы көреді. Әдетте, мұндай жастағы балаларды рок, джаз, немесе классикалық жанрдағы әндер қызықтыруы екіталай, олар көбіне күлкілі әрі көңілді әндерге елітіп өседі. Дегенмен баланың көзқарасы мен дүниетанымын дамытып, қалыптастыруда есті, мағыналы әндерді тыңдату да маңызды екенін де естен шығармағанымыз абзал.
Жалпы бала тыңдайтын нәрсені бақылауға, музыканы жақсы және жаманға бөлуге және ондағы «дұрыс» музыкалық талғамды тәрбиелеуге тырысудың қажеті бар ма? Егер солай болса, оны қалай жасау керек? Психолог мамандардың айтуынша балалардың талғамындағы сізге ұнамайтын кейбір музыка ұл-қызыңыздың ішкі шиеленісі мен қайсыбір уайымын жеңуге, ойын тәртіпке келтіруіне жәрдемдесуі мүмкін екен.
– Өтпелі жастағы балалар көбіне теледидар мен ютуб арналарындағы жарқын бейне баяндарды қарап, хитке айналған тректерді тыңдауды құп көреді. Дәл осындай танымал әндердің барлығының мазмұны дұрыс, мағынасы жүйелі деп айту қиын. Мұндай музыканы балалардың тыңдауына тыйым сала да алмайсың. Балаға шектен тыс тосқауыл болған сайын, оны өзіңіз құрған шеңберден шығарып алуыңыз бек мүмкін. Сондықтан баланың қандай әуен тыңдап жүргенін қадағалап, онымен байланыс құруға тырысу керек. Ашық диалогқа түсіп, оған өзі тыңдап жүрген әндерінде ненің ұнайтындығын ұғынуға тырысқан жөн. Плейлистегі музыкалық топтамаларына көз жүгіртіп, онымен бірге ән тыңдаңыз. Сіз сол уақытта ғана кейбір композициялар туралы пікіріңізді өзгертіп немесе оның плейлистін мазмұнды әндермен жаңартуға мүмкіндік аласыз. Тым болмағанда балаңызға қандай музыкалық жанр мен бағыттар жақын екенін түсіне аласыз, – дейді психолог маман Гүлайым Дидарова.
Соңғы 15-20 жылдықты алып қарар болсақ, музыкалық таңдау бүгінгідей сан алуан болды деп айту қиын. Ол уақыттарда қазіргідей әндердің тез таралымы болған жоқ. Соған сәйкес, аға буын өкілдері мен өскелең жас бір әуенді тыңдады. Тіпті сол кезеңдерде жастардың музыкалық талғамы туралы әңгіме де аз талқыланды десек өтірік емес. Ал қазір ше? Бүгінде бұл қоғамның уайымын тудырып отыр. Түрлі жанрдағы әндердің сан жағынан артуы, сапаның әлсіреуіне әкеліп соқтыруда. Себебі қазіргі заманғы әуендердің мазмұны жалаңаштанған, тіпті идеясы арандатушылыққа негізделгендерін де жиі естіп жүрміз. Бұл ата-ананы, тіпті тұтас қоғамды алаңдататын дүние. Мұндай сарындағы музыка баланың көзқарасына теріс әсер етіп, «дұрыс емес» әрекеттерге де итермелеуі мүмкін.
Осы орайда ұл-қыздарының қандай музыка тыңдап жүргендігін білу мақсатында Ажар есімді ата-ананың пікірін сұраған едік.
– Менің 7-11 жастағы ұл-қызым tik-tok желісінде хитке айналып үлгерген әндерді тыңдап, билейді. Бір күні тыңдап жүрген шетелдік әуендеріне құлақ түріп, не айтып жүргендерін түсінбекке әннің сөзін аударып қарадым. Сөйтсем анайы сөздер қолданылған екен. Бұған дейін сазына ғана елітіп, аса бір алаңдаушылық білдірмеген мен балаларымның музыкалық талғамын дамытуды қолға алдым. Бірақ оларға шамадан тыс шектеу қоймаймын. Кей әуендердің мағынасына назар аудармай, балалармен бірлесе тыңдаймыз. Себебі кей музыканың лексикологиялық мағынасы терең болмағанымен, көңіл күйге ерекше әсер етеді. Сондықтан балаңыздың қандай әуенге құмартып, талғамына әсер еткіңіз келсе, онымен бір толқында болу керек, – дейді ата-ана.
Музыка – біздің өміріміздің бір бөлігі. Оның көмегімен баланың дамуына оң әсер етіп, оның әлеуметтік дағдыларын жақсартуға болады. Олай болса, ертеңіміз есті әнді естіп, жан-жақты дамып, өссін десек, жадымызға жат ырғақтардан жырақ болайық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
23 шілде 2022 ж. 816 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031