Орманды қорғау – ортақ міндет
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік орман қоры жерлері 6509,7 мың гектар құрайды. Оның ішінде орманды алқаптар 3103,2 мың гектар жерді алып жатыр. Осы орманды алқаптардың 54,7 мың гектары өрт қауіптілігі аса жоғары болып саналады.
Қазақстан Республикасында барлық ормандар қорғауға және сақталуға жатады. Алайда табиғат байлығына немқұрайлы қарайтын жеке азаматтар мен шаруашылық субектілері тарапынан келтірілген зиян шексіз және жылдан жылға азаймай келеді.
Орман табиғаты біздің баға жетпес құндылығымыз, оны қорғап сақтап қалу бүкіл адам баласының парызы.
Оның адам өміріне алар орны ерекше. Орман – жер шарының тынысы, тамақ пен шикізат қоры, ол – дәрі, денсаулық кепілі
Орман өрті қаупі бар маусымында, яғни күзгі толасыз жауын-шашынға немесе қар жауғанға дейінгі мерзімде мыналарға тыйым салынады. Мәселен, арнайы көрсетілмеген және белгіленбеген орындарда от жағуға, жанып тұрған шырпыны, темекі күлін тастауға және темекі тартатын трубкалардан ыстық шоқтарды қағып түсіруге, аң аулау кезінде тез немесе бықсып жанатын материалдардан жасалған оқ тығындарын пайдалануға, орман алаңқайларында, алаңдарда, шалғындарда шөптерді жағуға және мемлекеттік орман қорының егістік даларында және ормандарға іргелес жатқан учаскелерде аңыздарды өртеуге болмайды.
Жоғарыда айтылған негіздегі ережелер бұзылған жағдайда аталып көрсетілген қаулыларға сәйкес акт, хаттама жасалып әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын ескертеміз. Бұл Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 367-бабында көрсетілген.
Ормандарда өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитариялық қағидаларды бұзу – жеке тұлғаларға – он, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне- елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз елу айлық есептік мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Өрттің шығуына, адамның денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет, егер бұл әрекет ірі залал келтірмесе, жеке тұлғаларға – жиырма бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне –жетпіс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз елу есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Аталған баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалған әрекеттер –жеке тұлғаларға – бір жүз, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Н.МУСТАФАЕВ,
«Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі ММ»
КММ-нің орман қорғау және күзету инженері