Аластау қатерді қайтарады
Қазақ халқының көнеден келе жатқан ырым-сенімнің бірі – аластау. Мұны кейбір деректер шамандық дәуірден қалған дегенді айтады. Десек те, аластау арқылы тіл-көзден, сұқ сөзден, бәле-жаладан, ауру-сырқаудан сақтануға болады дегенді естіп өстік. Ал аластау үшін өсімдіктердің киесі саналған адыраспан мен хош иісті арша таңдалған.
Жалпы бұл ырым оттың киелі қасиетiне сенуден пайда болған тазарту тәсiлi, ұшықтаудың бір түрі. Аластау қазақтар арасында көне дәуірден келе жатқан анимистік және тотемдік наным-сенімге негізделген. Ол – адамдарды бәле-жаладан, көз тию, сұқтан сақтауға бағытталған әртүрлі әрекеттер арқылы атқарылады. Оттың көмегімен жасалады.
Аластау сөзінің түбірі алас от деген мағынаны білдіреді. Сонда аластау рәсімі ежелден орныққан отқа табыну жосынынан бастау алады деуге болады. Дел-салдықтың бәрi адамға жын-шайтан, албасты, әзәзiл мен перiлердiң соғуынан жабысады деп саналғандықтан, әрбiр көшкен сайын киiз үйдi де, малды да, мүлікті де аластайды.
От тұтатып онымен бесікті, босағаны, тағы басқа жерлерді аралата «алас, алас, ауру-сырқаудан алас, тіл мен көзден алас» деген сөздер айтады. Мұны жөн білетін, ем-домнан да хабары бар адамдар атқарды. Аластау сонымен бірге тазалық пен амандықтың да кепілі ретінде қолданылды. Мал індеті шыққан кезде түрлі шаралар жасалған соң арша, адыраспан сияқты өсiмдiктердi тұтатып қораны да аластаған.
– Қазақтың ежелгі ырымдарының көпшілігі қазір тұрмысымыздан алыстап барады. Сонымен қатар замана ағымымен жаңа ырымдар да бой көрсетуде. Қоғам құндылықтарды өзі сұрыптайды. Қазақ ырым-тыйымдары да өзін-өзі ретке келтіріп, табиғи түрде сұрыпталып жатқан үдеріс. Мұндай үдеріске төңкерісшіл көзқараспен келіп, кесіп-жонып, алып тастау мақсатын ұстанудың мәні жоқ. Ғылыми негізі бар болсын, болмасын – ырымды жасағаннан дін ислам жолынан азып, күпірлікке салынып кеткен қазақ жоқ. Ал аластатуды – түтету деп келте ойламаңдар. Сенің сіріңкең ештеңені қорқыта алмайды. Ал адыраспан немесе арша тұтанғанда лаулап от шығады. Ал оттан үркімейтіннің өзі жоқ. Жәндік түгілі адамдар да сескенеді. Сондықтан да дұрыс ойлыларға бұрыс ойларыңды тықпалап, теріс әрекеттеріңді көрсетпеңдер. Сондықтан жақсылықтан үміттендіретін, ізгі істерге жетелейтін, жан дүниеге сенім ұялататын жағымды ырым-тыйымдар ұлт дүниетанымының ажырамас бір бөлігі ретінде өмір сүруге құқылы. Ал біз назарымызды ғасырлар сынынан өтіп болған қазақ дүниетанымын тергеп-тексеруге емес, ұлт тұтастығына, рухани құндылықтарға, дін мен дәстүр бірлігіне қатер төндіретін құбылыстармен күреске аударуымыз қажет, – дейді тарихшы маман.
Серік АҚМЫРЗА