Ата заң – айбарымыз
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді бостандығымыз бен еркіндігіміздің басты кепілі, тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры – Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын Конституциядағы осы сөздердің мазмұнында жаңа әділетті қоғам орнатуды арман тұтқан мыңдаған ұрпақтың сан ғасырлық мұраты жатыр.
Ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихында Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты іргелі заңдардан бастау алған бүгінгі Конституция – елімізді биік белеске шығарған, тарихи маңызы аса зор Ата заң.
Ширек ғасыр бұрын қабылданған еліміздің Ата заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Ата заң – біздің барлық істеріміздің алтын таразысы, еліміздегі тұрақтылық пен өркендеудің негізі мен кепілі, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары.
Біз тәуелсіздік арқылы ғасырлық мәні бар орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік. Сондықтан баянды істеріміздің бастауы болған бас құжатымызды ардақтай білейік.
Баршаңызға амандық-саулық, бейбіт өмір, берекелі де мәнді тұрмыс-тіршілік, шаңырақтарыңызға баянды бақыт тілеймін.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Конституциямыз ғұмырлы, елдігіміз мәңгі болсын!
Ізгі ниетпен,
Қазалы ауданының әкімі
Мұрат ЕРГЕШБАЕВ