Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мобилизация машақаты

Мобилизация машақаты

Қыркүйектің 21-і күні Ресей Президенті Владимир Путин Федерация азаматтарына қатысты ішінара мобилизация жариялады. Бұл – бұрын әскери борышын өтеген, соғысқа жарамды тұрғындар арасынан 300 мың сарбаз алдырамыз деген сөз. Осыдан кейін геосаясат жағдайынан хабардар орыстар жаппай жақын шетелдерге қаша бастады. ЕАЭО елдерінің азаматтарына ортақ ережеге сәйкес, Қазақстанда 30 күнге дейін, ал тіркелген жағдайда 90 күнге дейін емін-еркін жүре алады. Бұл үшін келімсектер алғашқы үш күн ішінде тіркелу қажет. Олар 90 күннен кейін уақытша тұруға құжат тапсыра алады. Осыны қаперге алған ресейліктердің басым бөлігі Қазақстанға үдере көшіп, шекара маңында шақырымдық кептеліс қалыптастырды. Бұл қазақстандықтарды алаңдатып отыр.

Шекара «құлпын» ұстағандар не дейді?

Ашығын айту керек, ресейліктер арасында сепаристік көзқарастағы әсіреұлтшыл азаматтар көптеп саналады. Жұрттың жаппай дүрлігуі де осыдан, елдегі тыныштықты ойлаудан туындап отырғаны ақиқат. Белгілі блогерлер мен саясаттанушылар карантин жариялау немесе Заңға өзгеріс енгізу арқылы биліктен көршіден ауған көшті тоқтату туралы талап қойып отыр. Қазақстандықтар арасында және шекара маңындағы хаостан биліктің хабары барын білдік. Алайда сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев келімсектердің уақытша келім-кетіміне шектеу қоя алмайтынын айтты.
– Тұрғылықты тұруға ықтиярхатқа келетін болсақ, бұл жерде мынаны айтқым келеді. Бұл мәселені реттейтін тиісті заңдар бар. Егер қандай да бір азамат Қазақстанның мемлекеттік органдарына келіп, тұруға ықтиярхат сұраса, яғни олар әзірлеуі тиіс құжаттар тізбесі бар. Бұл құжаттардың ішінде “азаматтың өзі келе жатқан мемлекет тарапынан берілетін рұқсат қағазы болуы керек” деген тармақ бар. Біздің заңдарымызда мұндай тармақ анық көрсетілген. Егер мемлекет азаматқа кетуге рұқсат бермей, бірақ ол кетіп қалса, Қазақстан оған тұруға ықтиярхат бере алмайды. Келісім бұл – елден шығуға рұқсат берліген парақша, онда қол мен тиісті мөр болуы керек, – деді сенат төрағасы.
Бейресми дерекке сүйенсек, екі ел арасында соғыс басталғаннан бері Қазақстанға 800 мыңға жуық ресейлік көшіп келген. Мобилизациядан үркігендер бұл цифрды еселеп жіберуі мүмкін. Ал белгілі сарапшылар Ресей басшысы Қазақстаннан соғысқа жарамды азаматтарды қайтаруға өтініш жасауы мүмкін екенін айтады.

Көршіге көмек – міндет

Қазақстан екі мемлекетпен де дипломатиялық қарым қатынаста. Майдан басталған тұста ел азаматтары украиналықтарға гуманитарлық көмек көрсеткені белгілі. Ендігі кезек төбедегі шекарасы түгелімен шектесетін мемлекетке келді. Заңсыз сызық асып келетін келімсектерді туған жеріне қайтаруды билік көршіге деген ізетті көмегі ретінде көрсетуі тиіс. Санаға сиятын пікірді саясаттанушы Ғазиз Әбішев айтты.
– Ресейліктер Қазақстан аумағында анықталған жағдайда Ресей Федерациясына қайтарылады. Бұл ресми Мәскеудің тарапынан толығымен қисынды қадам болар еді. Қазақстан бұған қарсы шыға алмайды. Егер Ресей Федерациясында Украина аумағында арнайы әрекет етуді қаламағаны үшін қылмыстық қудалау енгізілсе, онда әскерден жалтарғандар қылмыскер болып саналады. Сонда Ресей құқық қорғау органдары оларды халықаралық іздеуге салып, Қазақстанға экстрадициялау туралы өтініш жібере алады. Ал Қазақстан Ресейдің одақтасы бола тұра, экстрадициядан бас тарту үшін сенімді дәлелдер табуы екіталай, – деп түсіндірді.
Олай болмаған жағдайда келімсектердің көптігінен елдегі тауар мен қызмет бағасы күрт көтерілуі мүмкін. Онсыз да қымбатшылық қысымында отырған жұрттың жүйкесі сыр бермесіне кепіл жоқ. Қазірдің өзінде Қарағанды, Астана, Алматы қалаларында пәтер бағалары өсім алып, келімсектерден пайда тапқысы келген пәтерді жалға берушілер итшілеп күн көріп отырған жерлестерін сыртқа қууда.

Пәтердің бағасына басу айтыңдар...

Рас, билікке білікті мамандардың елге келгені, инвистицияны қазақ экономикасына салғаны ұтымды. Сонда да, атқамінерлер шекара маңында шиеленіске зер салғаны артық болмас еді. Неге десеңіз, бір сөмкені иыққа асып, жаяулата келе жатқандардың қарасы көп. Алдымен майдан шебіне жіберілетін әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың кескініне қарап, пайда ойлау қисынға келмейді. Әрі-беріден кейін есепсіз ауызға азық-түлік жетіспей, бағаны шарықтады. Одан бұрын пәтер жағалап жүрген қазақтардың жалға тұрған үйіне талас қазірден басталып кетті. Билік пәтер жалға берушілердің құлқынын құрсауламаса, бір бөлмелі пәтердің бағасы жарты миллионға жуықтап тұр.
Айта кетерлігі, елімізде жалға беру құны тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен, тек тамыз айының өзінде елдегі орташа пәтер жалдау 12,4%-ға өсіп, биылғы рекордтық көрсеткішті орнатты. Бір жылдың ішінде Алматының өзінде баға 62,5%-ға өсті. Алайда кейбір пәтер иелері қазіргі жағдайға байланысты бағаны одан әрі көтеруді ұйғарғаны белгілі. Бұл әсіресе «Крыша» порталында жарияланған пәтерлерді жалға беру туралы жаңа хабарландырулардан байқалады. Көптеген жаңа листингтердің бағасы 21 қыркүйекке дейін жарияланғандарға қарағанда айтарлықтай жоғары.
Мысал ретінде айтайық, Алмалы ауданында ауданы 30 шаршы метрді құрайтын бір бөлмелі пәтердің иесі 400 мың теңгеге баға белгілеп қойған. Бұл ұқсас ұсыныстардан 68,1 процентке артық. Жетісу өңірінде де ұқсас жағдай. Бұрынғы жатақханадағы ауданы 30 «шаршы» жартылай жиһаздалған бір бөлмелі пәтерді 350 000 теңгеге жалға беретіні көрсетілген.
Үдере көшкендердің батыс пен оңтүстікке келуі екіталай. Өйткені мұнда пәтер бағасы төмен болса да, орыстілділер үшін қолайлы орта баяғыда құрыған.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ


24 қыркүйек 2022 ж. 462 0

Аңдушыны алушы жеңе ме?

21 қыркүйек 2024 ж. 46

Төрештің ұлы топ жарып жүр

20 қыркүйек 2024 ж. 62

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30