Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасыр дерті

Ғасыр дерті

Бүгінде күйбең тірлікте шешімін таппай келе жатқан мәселе көп. ХХ ғасырдың обасы, нашақорлық, ішімдік, шылым шегу – қоғамның айықпас дертіне айналды. Дегенмен соңғы уақыттары шешімі қиындап бара жатқан адамның өз-өзіне қол жұмсауы күн өткен сайын белең алуда.
Ғылыми тілде “Суицид” аталған термин ХVII ғасырда пайда болған. Десек те ХVIIІ ғасырдың ортасына дейін қоғамда бұл ұғым пайдаланылмаған. Тек ХХ ғасырдың басында адамдардың өз-өзіне қол жұмсауының етек алуына байланысты ғылымда «суицидология» атты дербес зерттеу саласы қалыптасты.

Үмітсіздер саны артуда
Жыл сайын 10-20 миллион адам суицид жасауға бекінеді. Олардың бір миллионға жуығы жарық дүниемен қош айтысады. Психологтар өзін-өзі өлтіру оқиғаларының 60 проценті көбіне көктем, жаз мезгілдерінде іске асатындығын алға тартуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзіне қол жұмсау көрсеткіші бойынша әлем елдерін үш топқа бөлген. Өзін-өзі өлтіру көрсеткіші өте төмен, оған Грекия, Италия, Гватемала, Филиппин, Албания, Доминикан республикасы, Армения жатады.
Мұсылман елдерінде ең төменгі көрсеткіш Мысырда, Кувейтте байқалады. Африкада да бұл көрсеткіш жоққа тән. Аустралия, АҚШ көрсеткіші орташа елдерге жатқызуға болады.
Өзін-өзі өлтіру көрсеткішінің өте жоғары шегін Жапония, Венгрия, Эстония, Ресей, Литва, Латвия көрсетуде. Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірінде тұр.

Торыққанға қолдау қажет
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстанда 100 мың тұрғынға шаққанда 53 кісі өзіне қол салып қаза болады екен. Бұл көрсеткіш Орта Азия елдері бойынша Қазақстанда ең жоғары деңгейде деген дерек келтіреді. Бұл ретте ДДСҰ өзін-өзі өлтірудің 800-дей себебін анықтап отыр. Олардың ең негізгілері жеке өмірдегі кикілжіңдер, үмітсіздік, махаббаттағы ыза, айналасындағылармен түсініспеушілік, жұмыстағы келеңсіздіктер, түртпекке тап болу, қорлық, кемсітушілікке ұшырау болып табылады.
– Біріншіден суицидке балалар бармайды. Басым жағдайда жасөспірімдер өмірмен қоштасуға бел буады. Себебі буыны қатаймаған өрен сөз көтермейді. Ересек адамдарда екеуара отбасылық жағдай мен кедейлік, қаражат тапшылығы, жазылмайтын дерт не мүгедектік, секталарда кездесетін фанатизм, психикалық аурулар, рухани азғындық, өзін ешкімге керексіз сезіну, өмірден түңілу, жақын адамынан айрылу, оқшаулану, жалғыздық, жазадан қорқу, жақындарымен сыйыса алмау, торығу, өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы, үнемі жолы болмаушылық сынды себептер әсер етеді, – дейді ауданаралық аурухана психиатр дәрігері Бақтыбай Тлеумбетов.
Дәрігердің айтуынша, мұндай қайғылы оқиға орын алмау мақсатында ауданда арнайы орталықтар мемлекеттік мекемелерде ағарту-түсіндірме шараларын жүргізіп тұрады. Осындайда күйбең тірліктегі мәселелерін іштей тынып, шеше алмай жүргендер кеңес сұрап ашылады. Ал жас өскіндердің өзін құзға тастатпау үшін оған көп көңіл бөлінуі қажет. Ал қазіргідей қарбалас өмірде отбасылық қарым-қатынасқа аса қатты мән берілмейді. Сондай-ақ толық емес отбасы мен ата-анасы қарайламай өз-өзіне қалған балаларға ерекше бақылау керек дегенді алға тартады психиатр.
Сонымен қатар ұдайы зерттеулердің қорытындысы бойынша суицидтік мінез-құлықтың жіктеулеріндегі айырмашылықтары қарастырылатын шынайы дүниені әр алуан формада бейнелейді. Мамандар өзін-өзі өлтіру – шынайы суицид, өзін-өзі өлтіруге талпыныс – аяқталмаған суицид деп жіктейді.
Брукбенк суицид туралы арнайы немесе әдейі өзін-өзі өлтіруге ниеттенген және парасуицид әдейі өзін-өзі жаралау, бірақта өліммен аяқталмайтын ниетті актіге негізделген деп пайымдаған. А.Личконың пікірі бойынша суицид жасөспірімдерде жариялылық, аффективті және шынайы болады дейді. Е.Шир ниеттенер алдындағы суицидтік мінез-құлық, тежелмейтін, амбивалентті, импульстік және жариялылық түрлеріне бөледі.

Шешім таппаған шарасыздық
ДДҰ өз-өзіне қол жұмсаудың 80 тәсілін анықтаған. Қазіргі таңда асылу, суға кету, улану, ғимараттан, көпірден, жартастан тағы басқа биік жерлерден өзін тастап жіберу тәсілдері кең тараған. Бұдан бөлек қару арқылы өзін-өзі өлтіру, өзін-өзі өртеп жіберу, әдейі нәр татпай ашығып демін тауысады. Сэппуку Харакири Жапониядағы өзін-өзі қанжарлау, қылышқа құлау Көне Римде кездескен. Тамырын кесу арқылы көп қан жоғалтып қансырап өлу, техникалық құрал қолдану, пойыздың, машинаның астына түсу, тоққа ұрыну жолдарымен бұл фәниден баз кешеді.
Ғалымдардың айтуынша суицидтің үш түрі бар. Біріншісі – шынайы суицид. Оған барған адам өмірден түңіледі, үнемі көңілсіз болып жүреді, өлгісі келеді. Нақтырақ айтқанда өмірдің мәнін жоғалтады.
Екінші түрі – жариялық суицид. Өзін-өзі өлтіргісі келгендердің көбі өлместен бұрын өзгелердің назарын өзіне аударғысы келеді. Мәселен, біреумен ренжіссе, қолына суық қару алып, болмаса арқан, жіп ала жүгіріп «өлем» деуі.
Үшінші түрі – жасырын суицид. Бұл түрінде адам өз-өзін өлтіру жақсы іс еместігін түсінеді. Бірақ қиындықтан шығар шара, жол жоқ болып көрінгендіктен өлімге апаратын істерге бас тігеді. Мұндай жолмен көз жұмғандардың басым бөлігі өліміне кінәліні көрсетіп хат жазып қалдырады. Олардың арасында маңайындағылардың баршасына, келесісі жақын адамына және бірі бастығына болған оқиғаның себепкері деп кінәні артып береді.

Бастысы – отбасы жауапкершілігі
Қазалы ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі мәлімдегендей, Ювеналды полиция тобының қызметкерлерімен кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын келеңсіз оқиғалар, оның ішінде суицидке байланысты құқық бұзушылықтардың алдын-алу жұмыстарын атқарды.
Сала қызметкерлері аудан бойынша кәмелетке толмағандар арасында қылмыстылық пен суицидті болдырмау мақсатында профилактикалық шаралар ұйымдастырды. Осы орайда қоғамда белең алып бара жатқан өз-өзіне қол сұғушылық фактілері мамандарды алаңдатуда.
– Суицид салдары өткен жылмен салыстырғанда 3-тен 0-ге төмендеді. Сондықтан кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған келеңсіз оқиғалар, оның ішінде суицид және жыныстық қол сұғылмаушылығымен байланысты құқық бұзушылықтар бойынша ағымдағы жылы ата-аналармен және кәмелетке толмағандармен жиындар өткізілді. Оның орын алуына жол берген, ата-аналарды анықтау мақсатында, жұмыстар атқарылып келеді. Кәмелетке толмағандардың арасында суицидтің, құқық бұзушылықтарды болдырмау, қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу жұмыстары Ювеналды полиция тобы және білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмыстар өз деңгейінде тұрақты атқарылуда.
Бүгінде оқу ордаларында жастар үшін ювеналды полиция тобының инспекторларымен, психолог, діни бірлестіктер өкілдері, педагог мамандармен бірлесе басқосамыз. Жуырда «Жастар арасындағы суицидтің алдын алу» үшін білім алып жатқан студенттердің ата-аналарымен кездесулер ұйымдастырылды. Профилактикалық мәнді де, маңызды лекциялар кезінде ата-аналар белсенділік танытып, мазалап жүрген сауалдарына тұщымды жауаптар алды. Студентер мен оқушылар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік жадынама таратылды. Тиісті орындардың қашанда әрбір жанға қол ұштарын тигізуге әзір екендіктерін білді, – дейді жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы полиция майоры Мархабат Бегалиева.
Заңды тұлғаның айтуынша, білім беру ұйымдарына бекітілген Ювеналды полиция инспекторлары тарапынан, оқушыларға сақтық шаралары туралы түсініктеме беріліп, бөгде адамдармен араласпау және шақырған жерлерге бармау туралы оқушылырға, жадынамалар үлестірілді.
«Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» тақырыбында «Бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мектеп ынтымақтастығы», «Интернет желісінің оқушы психологиясына әсері», «Жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау», «Балалар қауіпсіздігін ұйымдастыру, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері» тақырыбында ата-аналар жиналыстары, кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізілді. Әрине мұның бәрі өз саласының маманы үшін қауіптің алдын алуға арналған еселі еңбек. Дегенмен желдің соққан бағытын бажайлап, қасіретті болдырмау отбасы мүшелеріне жүктеледі.
Себебі суицид – ауру, рухани азап және психологиялық дағдарыс, ішкі күшті жанжал болғандықтан соңы өлімге әкеліп соғатын жағдайдың алдын алу үшін тікелей мамандарды уақытында жұмылдыру керек. Психиатр дәрігердің кеңесіне сүйенсек, стресске ұшырап, жүйкесі жұқарғандарды дәріханада босатылмайтын арнайы мемлекет бөлген дәрілермен емдеуге болады. Сондықтан осындай келеңсіз жайттарды байқаған сәтте шұғыл әрекет еткен абзал.
Мамандар мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі дегенді жеткізді. Сол басты байлық саналатын адам өмірін қорғау әрбір азаматтың алдында тұрған мәселе. Ал бала тәрбиесіне ең әуелі ата-ана мүдделі болуы тиіс. Ол мектептен тыс уақытта немен шұғылданатынын, қайда барып, не істейтінінен хабардар болып, бағыт-бағдар беріп отыру әрбір ата-ананың бұлжымас парызы.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
10 қыркүйек 2022 ж. 616 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031