Жеңімпаздар ұстаханасы
№17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі ұжымы бүгінгі күні даңқты додаларда топ жарып, чемпиондарды даярлап шығаруда аянбай еңбек етіп келеді. Сондықтан болар талай-талай таланттардың томағысын сыпырып шығарып, жемісін үзбей беретін жеміс ағашы іспеттес, берекелі спорт шаңырағы ертеңгі күнге үлкен үмітпен қарайды. Бақытбек Мәмбетжанов басқаратын мектептің жетістігі мен алған асуын қазалылық жұрт жақсы біледі. Десек те, тамыз айының үшінші жексенбісі спортшылар күні қарсаңында осы қасиетті жеңімпаздар ұстаханасына қайта ат басын бұруға тура келді.
Бәсі биік бозкілем батырлары
Біз айтып отырған мектептің жасап жатқан еңбегін көрсету үшін бұған дейінгісі емес, осы жылдың өзіндегі жеткен жетістігі жетіп жатыр. Биылдың өзінде спорттың қай түрінен болмасын ел асқан спортшылардың қоржыны құр қайтқан емес. Талай жерде топ жарып, аудан, облыс қана емес, республика атын асқақтатып, көк туымызды көкте желбіретіп келеді. Соның ұшар басында – грек-рим спорты тұр. Неге десеңіз, мұндағы жастар Азия чемпионатында талай алпауыт балуандарды тізе бүктіріп, жүлделі оралған.
Нақтыласақ, өткен маусым айында грек-рим күресінен Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында Азия Чемпионаты болып өтті. Мұнда ауданның екі бірдей бозкілем батырлары Қуаныш Амангелді мен Шыңғысхан Әбдіхалымов бақ сынады. Екеуіде ақтық сыңға шығар жолда сүрінді. Бірақ үшінші орынға таласта бар күштерін салып, қоржынға қола медаль салды. Қазалының қос Қажымұқаны елге оралған соң, жарыстағы ерекше сәттерді сұрап білдік.
«Жеңімпаз атануға сәл қалғанда Үндістан спортшысына жеңілдім. Яғни, ақтық сынға шығар жолда сүріндім. Сөйтіп, үшінші орынға таласып, қанағат қылдым. Спорт болған соң, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Сәл ғана іштей өкініш болды, бірақ мұның өзі көңіл қуантарлық көрсеткіш. Алда әлі талай додалар күтіп тұр. Бастысы бабыңда болу, жаттығудан қол үзбеу. Алла қаласа әлемнің алып балуандары бас қосқан байрақты бәсекелерде топ жарып, ел абыройын асқақтатуға күш-жігерімді саламын», – деді Қуаныш Аманкелді.
Ал Шыңғысхан Әбдіхалымов айыр қалпақты ағайындардың бозкілемінде кеткен қателікпен үздіксіз жұмыс жасайтынын айтады.
«Бішкектегі тартысты көптен күттім. Алғаш жолдама алғаннан дайындықта болдым. Бірақ ата-бабаларымыз айтқандай, «бұйырыс болмапты». Сөйтіп, Қырғызстан еліндегі жарысты үштікпен қорытындыладым. Ендігі мақсат – Әлем Чемпионатына аяқ басу. Сәтін салса, елдегі тілекші жандардың үмітін ақтайтын боламын. Бастысы дайындық. Сондықтан жаттықтырушылардың айтқанынан шықпай, күн-түн демей еңбектену керек», – дейді ол.
Міне, елдің жігерлі жігіттері осылай деп тұр. Қазақстанда грек-рим күресінен Шыңғысхан 45 келіде үздік болса, Қуаныш 110 келі салмақта қарсылас шақ келтірмей тұр. Қай жарысқа жолға шықса да жүлдесіз оралмаған. Ал бұл солардың ішіндегі ең ауқымды жеңістерінің біреуі. Батырлардың бапкерлері Әмірбек Айнадинов пен Мейірман Әлизақ.
Құрметті оқырман, неліктен бұл спортшыларға ғана тоқталып отырмыз? Аталған мектептің бозкілемінде тер төгіп жүрген жастар жеткілікті. Тіпті жаттығуларына арнайы барып, еңбектеріне тәнті болғанбыз. Ондағы әрбір жас спортшының көзіндегі жалын, өзіне деген сенімділігі таң қалдырады. Алайда осы екі жас арқылы біз өзгеде спортшылардың жігерін жанып, иықтан демей аламыз. Биік белестерді бағындыруы үшін қанаттандырамыз.
Айтпақшы, қазір мұнда грек-рим бойынша 15 жаттықтырушы бар. Әрқайсысының шәкірттері жүлдеден құр алақан емес. Мәселен, Ғанибек Нысанның оқушысы Біржан Нағашыбай өткен шілде айында Талдықорған қаласында грек-рим күресінен «Ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындарында» 3 орынды еншілеген. Сол секілді Мұхтар Рахмет бапкердің Саят Айдосы оқушылар арасындағы Гимназиададан қола жүлдегер атанды. Мұнан бөлек, Кеңшілік Есмұрзаевтың спортшысы Жандос Задаш наурыз айында Шымкент қаласында грек-рим күресінен жастар арасындағы ҚР Чемпионатының қола жүлдесін иеленді. «Болғаны ма?» деп ойлап қалмаңыз... Олар жеткен жетістікті тізе берсек тоқтау жоқ. Ал біз жоғарыда айтып өткендей тек жыл басынан бері нәтижелерді баяндап отырмыз.
Ауыр атлетикадан аудан абыройы асқақтап тұр
Несін жасырайық, аудан атын танытатын, көк байрақты биікке желбірететін спортшылар тәрбиелеп шығаруда №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің еңбегі зор. Алдыңғысы грек-рим дейтін болсақ, одан соң ауыр атлетика тұр деп айтсақ жарасады. Мұндағылар аз ғана уақыттың ішінде біршама жетістікке жетіп, көп назарын өзіне аударған. Тіпті көпшілік спорттың бұл түрінен алған асуға таңдай қағып, қол соққан. Ал осындағы жастардың басым көпшілігі нәзік жандылар. Ер балаларда бар әрине. Бірақ арулардың шыққан шыңы әлде қайда биікте.
Расымен қазалылық ауыр атлетші қыздар үлкен додаларда оқ бойы озып келеді. Оған дәлел «Ауыр атлетика» бөлімінің 2016 жылдан бүгінге дейін жеткен жетістіктері.
Алғаш ауданда ауыр атлетика үйірмесі Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектепте ашылды. Алғашында барлығын Азиз Жақсылық есімді жаттықтырушы өз мойнына алған болса, қазір бапкерлер қатары артып, жанына Әлихан Іздік есімді білікті спортшы қосылды. Осы бір жігіттердің еңбегінің арқасында қазір қазалылықтар осы спорт түрінен қатардан қалмай келеді.
Азиз Жақсылықтың зілтемірші қыздары өте көп. Барлығы мықты. Тіпті бірсыпырасы Қазақстан чемпионы атанып үлгерген. Бұрын біздегі жұрт ауыр атлетикадан Аяжан Нұржан, Алтынай Тәңірбергенова, Таисия Алексеева, Салтанат Қыпшақбай және Таңшолпан Каюпова секілді есімдерді жиі естіген болса, қазір олардың да қатары толықты. Бұл қыздар алғаш ауыр атлетика ауданда ашылғаннан бастап келе жатыр. Олар бүгінге дейін талай қарсыласты қапыда қалдырып, ауыр зілтемірді бастан асырған. Шыққан шыңын жаза берсек өте көп. Сондықтан биылғысын баяндайық.
Жыл басында, яғни наурыз айында Қостанай қаласында ауыр атлетикадан өткен 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздар арасындағы ҚР-ның Чемпионатынан мектептің зілтемірші қыздары жоғары нәтижеге қол жеткізе білді. Тоқталсақ, Алтынай Тәңірбергенова жұлқи көтеру, серпе көтеру және қоссайыстан үш алтын медаль жеңіп алды. Сол секілді дәл осылай Таисия Алексеева да үш алтын медаль тақты. Ал Аяжан Нұржан күміс медаль еншілесе, Салтанат Қыпшақбай қола медалды қанағат қылды.
Одан соң қыздар сәуір айында Қызылорда қаласында ауыр атлетикадан өткен ерлер мен әйелдер арасында жекелей жаттығулар бойынша ҚР-ның жеке-командалық чемпионатына аттанды. Мұнда зілтемірші қыздар жоғары нәтижеге қол жеткізіп, аудан абыройын асқақтата білді. Мәселен, Алтынай Тәңірбергенова жұлқи көтеру, серпе көтеру және қоссайыстан үш күміс медаль иеленді. Аудан мақтанышы чемпионатта 59 келі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Басты жүлде үшін Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Зульфия Чиншанломен бәсекеге түсті. Дегенмен екінші орынды қанағат тұтуға тура келді. Осылайша Алтынай алғаш рет екінші орын алып отыр. Бұған дейін ол өз салмағында 9 мәрте алтыннан алқа таққан. Аталған бәсекеде Салтанат Қыпшақбай жұлқи көтеру, серпе көтеру және қоссайыстан үш қола медалды иемденді.
Қыздардың жаттықтырушысы Азиз Жақсылықтың айтуынша, бұл жеңістің әлі басы.
– Иә, барлығы 2016 жылдан басталды. Алғашында ауыр атлетиканың табалдырығын аттаған аудан жастарының қатары көбейді. Тіпті кейбірін жаттығу залына ата-анасынан сұрап арнайы өзім әкелдім. Қазір сол спортшылардың нәтижесі жаман емес. Барған жерден құр қайтпайды. Шүкір! Алда талай жұмыс жасап, шәкірттерімнен үлкен еңбекті талап етемін. Мақсатым – ауданнан Әлем, Олимпиада чемпиондарын шығару, – дейді жаттықтырушы.
Азиздің шәкірттері қатарында топ жарып жүрген тек қыздар ғана емес ер балаларда бар. Мәселен, өткен шілде айында Семей қаласында ауыр атлетикадан 2006-2007 жылғы жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы ҚР-ның жеке командалық чемпионаты өтті.
Аталмыш бәсекеде мектептің зіл теміршісі Нұржан Шаңғытбай 55 келі салмақ дәрежесі бойынша алтыннан алқа тақты. Бәрекелді!
Қайсар мінезді грэпплинг қыздары
Бақытбек Мәмбетжан басқаратын №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде қазір 12 спорт түрінен жаттықтыратын 40 бапкер бар. Әрқайсысы бір төбе. Кіл сен тұр, мен атайын. Аудан спортына елеулі еңбегі сіңген, қажыр қайратын осы жолда сарп еткен азаматтардың басы осы мектепте тоғысқан. Одан бөлек, нәзік жанды жаттықтырушыларды да кезіктіруге болады. Ол – грэпплингші жастарды дайындайтын Жансая Мұрат. Одан бөлек осы бөлімде тағы бір жаттықтырушы бар.
Спорттың бұл түрі жергілікті жерде ашылғанына 1 жылға жуық уақыт болса да, олардың жетістіктері көңіл қуантады.
Жалпы грэпплинг қоян-қолтық ұрыс. Қарсыласын ұстап, одан физикалық артықшылыққа ие болу үшін жақын қашықтықта күреседі. Сондай-ақ мұнда шорты-футболка және киманомен өнер көрсетеді. Жасөспірімдерді үнемі спортқа шақырып, жоғары жетістікке жетуге жетелеген мектептің грэпплинг бөлімінің жаттықтырушысы Жансая Мұрат күреспен айналысып келе жатқанына 12 жыл болған. Ұзақ уақыттан соң туған жеріне оралған ол ауданда спорттың бұл түрі ашылуын көздейді. Осылайша аудандық спорт бөлімінің ықпалымен ашылған грэпплинг аз уақыт ішінде өз жұмысын бастап кетті.
– Ашығын айту керек, қазір жастар таңнан кешке дейін ұялы телефонда уақыт өткізетінін көріп жүрміз. Мақсат – осындай жасөсіпірмдерді күрестің жаңа түріне шақырып, олардың денсаулығына көңіл бөлу.
Бөлімнің тұсауы кесілгеніне көп болмаса да балалардың көрсеткіші жаман емес. Ептеп бұған қызығатындардың қатары артып келеді. Қазір мұнда 50-ге жуық өскін жаттығу жасауда. Қай додаға сапарға шықсақ та, қолдау көрсетіп барлық жағынан жағдай жасайтын аудандық спорт бөліміне алғысымыз шексіз. Әрі қарай тынбай еңбек етіп, жергілікті жерде грэпплингті жандандырып, жақсы көрсеткіштер көрсетуді көздейміз, – дейді жаттықтырушы.
Өткенге оралсақ, 2021 жылдың желтоқсан айында Ресей елінің Мәскеу қаласында грэпплинг және грэпплинг ги-ден жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты болды. Мұнда грэпплинг күресінің палуаны Айжан Ерқосай 38 келі салмақ дәрежесі бойынша жоғарыда аталған спорттың екі түрінен қос күміс медаль жеңіп алды.
Сондай-ақ жыл басында Тараз қаласында грэпплинг және грэпплинг ги-ден балалар мен жасөспірмдер арасындағы ҚР-ның чемпионаты өтті. Мұнда да Жансаяның шәкірттері Айкүнім Русланқызы, Бегімсұлу Жаңабаева, Айжан Ерқосай және Айда Оралбай күміс медаль алса, Наргиз Яхып пен Бегімсұлу Жаңабаева қола медалды қанағат қылды. Ол аз десеңіз, мамыр айында Қостанай қаласында грэпплинг және грэпплинг ги-ден өткен үлкен жасөспірмдер мен жастар арасындағы ҚР-ның чемпионатында Ерсұлтан Қайыржан күміс және Ақниет Мақсатбекқызы қос қола медалдың иегері атанды.
Жаттықтырушы Жансая Мұрат №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Бақытбек Мамбетжанның қолдауы ерекше екенін айтады. Ал басшы бұл жастардың болашағынан үлкен үміт күтетінін жасырмады.
– Қазіргі аудан спортшыларының деңгейі көңіл көншітерліктей. Спорттың қай түрінен болмасын жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеді. Өткен жылдың соңына ашылған жаңа күрес түрі, яғни грэпплингке ағылып жатқан өскіндердің аяқ алысы жаман емес. Аудан намысын жоғары деңгейде қорғап, мақтанышымызға айналып келеді. Олардың алар асуы әлі алда. Талай ақжолтай жаңалықтармен халықты қуантатынына сенім мол, – деді Бақытбек Қасқырбекұлы.
Былғары қолғап шеберлерінің шыңы
Қайсар мінезді қазақтың қыз-жігіттері бокстан шаршы алаңда өздерінің шеберлігі жоғары, шоқтығы биік екенін мойындатып келеді. Яғни, Қазақстанда жастардың бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары деп нық сеніммен айта аламыз. Мұндай өскіндердің қарасы бізде де қалың. Оған дәлел жергілікті жердегі №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің былғары қолғап шеберлері.
Шаршы алаңда намысты қолдан бермейтін қазалылық жастардың қайсар мінезіне талайлар таңдай қаққан. Бірінің ізін бірі жалғап, бокс деңгейін жылдан жылға көтеріп келеді.
Талай бокс майталмандарын шығарған бөлімше тарихы тереңде. Ал бүгінде спорттың бұл түрімен 100-ден әрі жасөспірім шұғылданып, қыр-сырын үйреніп келеді. Олар алпауыт жарыстарда топ жарды. Аудан абыройын асқақтатып, жеңіс төрінен көріне білді. Осы ретте оларды дайындап, жоғары нәтижеге жеткізген бапкерлерді айтпай кету әбестік. Қазір мұнда жастарды 4 жаттықтырушы боксқа баулиды.
Оның ішінде ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытбек Құлбаев бар. Білікті бапкер Қазалы ауданының спорт саласына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан азамат. Соның ішінде 2012 жылы өткен Лондон олимпиадасында қола жүлдені қанжығасына байлаған Марина Вольнова осы мектептің түлегі, әрі Бақытбек Жұмабекұлының шәкірті. Одан бөлек көптеген шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы.
Аудандағы бокс бөлімшесіндегі бапкерлер қатарын толықтыратын Жеңіс Боранбай мен Азамат Құтмамбетов І санатты жаттықтырушылар. Атпал азаматтардың үздіксіз дайындығының арқасында былтырғы жылы спортшылар жақсы көрсеткіш көрсетті. ҚР-ның чемпионатында жүлделі орындардан көрінді.
Ел ішінде бокспен айналысатын ер азаматтар жетерлік. Дегенмен олардың қатарында нәзік жандылар да аз емес. Нақтыласақ, ол қатарды ұлттық құрама мүшесі, ел бойынша жастар арасындағы бокстан екі дүркін чемпион атанып үлгерген Гүлсая Ғалымжанқызы толықтырады. Мақсаты – әлемдік додаларда топ жару. Ол өмірін спортсыз елестете алмайтынын айтады. Алаңға шыққанда қызу қандылықтан гөрі аса шыдамдылықпен ұтқыр болуды жөн санайды. Гүлсая жайында бапкері: «Қазақ қыздары қай кезде де сұлулық пен қайсарлықтың символы бола білген. Батыр әпкелерінің ізін жалғастыратын жұдырықты нәзік жандылардың жұлдызы жана берсін!» дейді.
Рас. №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің мақтаныштары жеткілікті. Соның ішінде шаршы алаңның шаңын шығарып жүрген біздің боксшылардың алар асуы әлі алда. Бұл бөлімнен топ жарып, ел еңсесін көтеретін чемпиондардың шығуына сенім мол.
Қол добы көш басында келеді
Бүгінге дейін №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спорт бөлімдерін бөлек-бөлек ашып, газет бетіне жариялап жүрміз ғой. Сол арқылы осы мектепте жаттығып, аудан мақтанышына айналған ұл-қыздармен жақын танысып, емен-жарқын әңгіме өрбіте білдік. Байрақты бәсекелерде сәттілік тілеп, алаңға шықса тақым қысып отырдық. Соның ішінде грек-рим, ауыр атлетика, грэпплинг, бокстан бөлек топтасып жарысқа шығу мүлдем бөлек екеніне көзіміз жетті. Сол қатарда гандбол спорт түрі бар. Мұндағы көрсеткіш тым бөлек, әрі көңіл қуантады. Ал өскіндерді екі бірдей бапкер баулиды.
Өткен жылдың қараша айында Қостанай қаласында гандболдан 2008 жылғы жастар және одан кіші жасөспірім қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты болды. Жоғарыда айтып отырған мектепте жаттығатын қос ару Бану Көпжан мен Әнел Нұрланқызы өзгелерден дараланып облыс намысын қорғайтын құрамаға шақырылып, жарысқа жолдама алған болатын. Нәтижесінде Қызылорда облысының командасы байрақты бәсекеде жеңіске жетіп, қос қызымыз алтыннан алқа тағынды.
Нәзік жандыларды қолдауға барған жаттықтырушысы Серік Бисембеков құрамаға қосқан қыздарының шешуші ойында жеңістің туын желбіретуге үлкен үлес қосып, ерекше ойын көрсеткенін айтады.
– Түрлі жарыстарды көріп жүрміз. Бірақ Қостанай қаласында өткен чемпионатқа тоқталсам, онда 6 команда өзара бақ сынасты. Онда Нұр-Сұлтан, Қостанай, Қарағанды, Алматы, Қандығаш қалаларының мықты спортшылары бас қосты. Барлығы бір-бірімен кездесіп, ұпайға талас жүрді. Соның ішінде бізге қарсылас бола білген Қарағандылық қыздар болатын. Міне, осы ойында менің қос қызым облысқа жеңісті жұлып әперді десем артық айтқаным болмас. Несін жасырайын, бұған дейін талай жарыстарға оқушылар апарып жүрмін. Аудан абыройын арқалап көптеген қалаларда болдық. Алайда бұл жолы Бану мен Әнелдің жеңіс үшін намысқа тырысып, соңына дейін ойнап, өзгелерден ерекшелене білді. Спорттың бұл түрімен жаттығатын жастар жеткілікті. Аудан өскіндерінің қызығушылығы артып, жылдан жылға қатары толығып келеді. Бұл дегеніміз, Қазалыдан әлі талай жеңімпаздар шығады деген сөз. Ал мен сол үшін көп тер төгетін боламын, – деді жаттықтырушы.
Жерлесіміз Бану Көпжан гандбол жарыстарында ерекше көзге түсіп жүрген жас спортшы. Серік бапкердің жаттығуында болып, өз-өзін шыңдаған ол спорттың бұл түрімен айналысып жүргеніне мақтанады. Сол ынта-жігерінің арқасында көп жетістікке жете білді. Жарыстан қалған әсерімен бөліскен Бану:
– Қостанай қаласында жарыс болады дегенді естігеннен облыстың құрама сапына ілігу үшін жаттығудан қол үзбедім. Соның нәтижесінде құрама қатарына қосылып, жарысқа қатысып, жеңіспен оралдық. Ең бірінші бапкеріме алғысымды білдіремін. Ол «сендер қалайда осы жолы үздік болуларың қажет» деп жігер беріп, алға сүйреді. Бұл жеңісті алғашқысы не соңғысы емес, әлі талай еңбек етіп, Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткім келеді, – деді Бану Көпжан.
№17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің бірқатар спорт бөлімшелеріне тоқталып, біршама ақпарат беріп өттік. Чемпиондар ұстаханасындағы көздерінен от көрінетін жастардың дайындық алаңындағы шеберліктеріне сөз жоқ. Барлығы елдің еңсесін көтеруге, рухын өрлетіп, намыс туын желбіретуге, сананы буғаулаған темір шынжырды турайтын алдаспан қылыштай жарқырап тұр. Осыдан-ақ ондағы спортшылардың келешек ел атын шығарып, биіктерден көрінетініне сенім зор.
Абзал ЖОЛТЕРЕК