Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Спортшыларға сенім мол

Спортшыларға сенім мол

Қазіргі бойынан ұлттық намысы бар, ана тілін құрметтейтін спортқа ынталы жастарды көре алуға бола ма? «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» демекші, туған елінің намысы үшін отқа да суға да түсуге дайын батыл да батыр ұрпақты тәрбиелеудің бүгінгі күнде маңызы зор. Әрине жасөпірімдердің болашағын мектеп қабырғасынан бастап ойлауды ерекше деп санаймыз. Осы орайда №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі бұл күнде көпке үлгі ретінде айтуға болады. Талай таланттардың томағысын сыпырып, берекелі спорт шаңырағы ертеңгі күнге үмітпен қарайды. Ендеше №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің тыныс-тіршілігі тұрғысында Бақытбек Мәмбетжановпен спорт күні қарсаңында сұқбаттасудың сәті түскен еді.
–Бақытбек Қасқырбекұлы, қазір бөлімде қанша жаттықтырушы бар және олар жастарды қандай спорт түріне баулуда?
– Біріншіден, бұл спорт ошағы қасиетті екенін баса айтқым келеді. Қазірге дейін талай дарынды балалардың дайындап шығардық.
Қазір спорт мектебінде спорттың 13 түрі бойынша ауыр атлетика, баскетбол, бокс, волейбол, гандбол, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, таэквондо, футбол, кикбоксинг, грэпплинг, қазақ күресі бөлімшелері жұмыс жасауда. Аталған бөлімшелердегі 34-спорттық-сауықтыру, 59-алғашқы даярлық, 21-оқу-жаттығу топтарында 1618 оқушы жаттығады. Оқушылармен оқу-жаттығу процесін 42 жаттықтырушы-оқытушы жүргізсе, олардың 28 штаттағылар. Спорт мектебіндегі 38 жаттықтырушы-оқытушылардың арнайы жоғары білімі болса, 4 жаттықтырушыда арнайы орта білімі бар. Спорт мектебінде біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты 1, бірінші санатты 7, біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты 8 жаттықтырушы бар.
Өздеріңізге белгілі, спортшы қандай жетістікке жетсе де, оған ең әуелі бапкері қуанады. Яғни сол күнге дейін еткен еңбегінің еш кетпегеніне марқаяды. Біздегі жаттықтырушының басты мақсаты осы. Ел ішінен дарынды жастарды шығарсақ, солармен мақтансақ дейді.
– Аудан спортының бүгінгі жайы, деңгейі қандай?
– Жергілікті жердегі спорттың хәлі мүшкіл деуге болмас. Деңгейі жоғары болмаса, төмен емес. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетіп жүр жастарымыз. Олардың барлығына жақсы жағдай жасалған. Стадион, дене шынықтыру сауықтыру кешені, екі спорт кешені жұмыс жасауда. Спорт түрлеріне келетін болсақ, бокс, грек-рим күресі, дзюдо, футбол жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Тіпті бұл жағынан басқалардан алдыңғы орындамыз десек те артық емес.
Мәселен, Құндыз Қожахмет – футболдан ҚР-ның әйелдер құрама командасының мүшесі, Олжас Сырлыбай – грек-рим күресінен ҚР-ның ересектер құрама командасының мүшесі, Айдос Сүлеймен – грек-рим күресінен ересектер арасындағы ҚР-ның чемпионаттарынан жүлделі орындардан көрініп жүр. Сол секілді Гүлсая Ержан – бокстан ҚР-ның жастар құрама командасының мүшесі және Арайлым Бақытжанқызы – бокстан ҚР-ның жастар құрама командасының мүшесі. Міне, осыдан-ақ аудан спортының нәтижесін, деңгейін анық көруге болады.
– Карантин уақытындағы аудан спортшыларының жай-күйі қалай болды? Жаттығудан алыстаған жастар бабын жоғалтқан жоқ па?
– Әлемді әбігерге салған індет бізді де айналып өтпегені белгілі. Ол барлық салаға кері әсерін тигізіп, жағдайды ушықтырып жіберді. Әсіресе спорт саласына оңайға соқпады. Көптеген спортшының өзге ел, қалаларда жарыстары болатын. Яғни споршылар өздерін көрсететін мүмкіндіктен айырылды. Барлығы кейінге шегеріліп, ұзаққа созылып кетті. Алайда мектеп жасөспірімдері дене шынықтыру жұмыстарынан қашықтап кетпес үшін карантин уақытында әр топқа 5 спортшыдан санитарлық талаптарды сақтай отыра жаттығу жұмыстары жүргізілді.
– Жуырда бірнеше спортшы қыздар Қызылорда қаласына ауысқанын естідік. Мұнан соң оларды бүгінге дейін спортқа баулыған аудандағы бапкерлер көбіне тасада қалып, еңбегі еленбей жатады. Бұл туралы не айтасыз...
– Сіздің айтқыңыз келгені боксшы қыздар болса керек. Иә, біздің мектебіміз бен балалар мен жасөспірім мектебі спортшыларымыз спорт түрлері бойынша жас ерекшеліктеріне байланысты ересектер спортына өтеді. Одан кейін облыс құрама командасында өнер көрсетеді. Қызылорда қаласында Жоғары шеберлер мектебіне қабылданып сол жақта жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Жетістікке жетіп жүрген спортшылар аудан атыннан түрлі жарыста өнер көрсете береді.
Сосын аудандағы жаттықтырушылар еленбей қалады деген пікірге келіспеймін. Керісінше осыған дейін еңбектеніп, жоғары дәрежеге жеткізген бапкерін ешқандай жас ұмытпайды. Спортшылар басқа қалаға кеткенімен аудан намысын арқалап, абыроймен еңбек ете береді.
– Жас талантты спортшыларға қандай қолдау, құрмет көрсетіліп отырады?
– Мектебіміздің спортшылары жыл басынан бері Қазақстан Республикасының чемпионаттарынан 35 медаль жеңіп келді. Атап айтар болсақ, грек-рим күресінен екі медаль, таеквондодан 11, ауыр атлетикадан 10, грэпплингтен 9 медаль алдық. Жыл аяғына дейін бокс, таэквондо, ауыр атлетика чемпионаттарынан жүлде алсақ деген жоспарымыз бар. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінен жастарға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Спортшылардың алдағы уақытта жоғары жетістікке жетуі үшін қолайлы жағдай жасалуда.
Сондай-ақ жеңіс тұғырынан көрініп жүргендерге мүмкіндігіне қарай құрмет көрсетілуде. Олардың еңбегін елеп, сыйлықтар үйлестіріп, марапаттауға ұсыныс беріп жатырмыз.
– Болашақта ауданда жоқ спорт түрін ашу жоспарда бар ма?
– Өткен жылдың қараша айында грэпплинг бөлімі ашылып, осы спорт түрінен аз уақытта грэпплингтен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатынан үздік нәтижелер көрсеттік. Нақтыласам, жасөпірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатынан 2 алтын, 3 күміс және 5 қола иелендік.
Келешекте жеңіл атлетиканы ашу үлкен мақсатымыз болып отыр. Осы бағытта жастарды даярлап, жақсы нәтижеге жеткіміз келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК
14 тамыз 2021 ж. 897 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 69

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930