Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Салмағы ауыр салт

Салмағы ауыр салт

Халқымыз қаралы хабарды ешқашан тіке айтпаған. Қазаны көнекөзділер астарлап естіртетін болған. Біреу өмірден өтсе не жамағайыны қайғылы жағдайға душар болса, сол отбасының жақын-жуығына хабарды солқ еткізбей, айтар ойын жанамалап немесе алыстан орағытып жеткізген. Жағымсыз хабарды естіртуде қамсыз отырған шаңырақтың алдағы жағдайын бағдарлап, тым құрыса үстінен жай түсіргендей болмайын деп тұспалдап жеткізуі сөз қадірін терең ұғынатын қазекеңнің көрегенділігін байқатады. Бірақ қазір көпшілігі, оның ішінде кейінгі ұрпақтың негізгі мазмұны жасырылған сөздердің мәнін ұғынбай, тура қабылдап жататынына жиі куә болып жүрміз. Тіпті өз өмірлік тәжірибемізде де сондай жағдайларға жиі ұшырасып жатамыз. Мысал ретінде өмірімде орын алған тақырыпқа арқау болатын оқиғамды сіздердің назарларыңызға ұсынбақпын.
2016 жылдың қысы болатын. Мектепте оқушылардың жаңа жылдық шыршасы өтіп жатыр. Кенет телефоным шыр ете түсті. Адамдарға толы залдан өтіп, дәлізге қарай адымдап телефон тұтқасын көтердім. Анам екен қоңырау шалған.
– Алло. Сәлембердік. Қалдарыңыз қалай? деген едім, анамның дауысы әдеттегідей емес, солғын естілді. Біртүрлі, бірдеңеге қамығып тұрғаны сымсыз құрылғының бергі жағынан анық сезілді. Дереу не болды аманшылық па? дедім көңілсіздігінің себебін білмек болып: «Көкең ана ауылға түйе іздеп кетті» деп сөзін қысқа қайырды да, тұтқаны қоя салды. Анамның айтқанын түсініңкіремей, «Ана ауылы несі, қай ауыл?» деген күйі шара өтіп жатқан залға қайта беттедім.
Концерт бітіп, үйге қайтар жолда анама бірнеше мәрте қоңырау шалмаққа талпындым, бірақ нәтижесіз болды. Неге тұтқаны алмай жатыр? Деп күбірлеп, өз-өзіммен сөйлеп келе жатқанымды байқаған әріптес апайым: «Кім қоңырауға жауап бермей жатқан, бәрі дұрыс па?» деді.
– Таңертеңгілік анам хабарласқан, бірдеңелерді айтқан болды. Дұрыс сөйлесіп қарық болмадық, «көкең ана ауылға түйе іздеп кетті» дегеннен басқа ештеңе айтпады. «Не қылған түйе, кімнің түйесі? Дауысы да біртүрлі» дей бергем, әлгі апайым: «Ай, аңғалым-ай... Ештеңе түсінбегенге ұқсайсың ғой өзің» деді жаныма бір қадам жақындай түсіп. Мен апайыма қарап «Сонда нені түсінуім керек?» дедім таңданып: «Көкеңнің жақсылығы болсын!» деді ауыр күрсініп. «Анаңның айтпағы осы болған еді. Сөздің төркінін дұрыс түсінбегенсің ғой» деп арқамнан қаға бергенде үстімнен суық су құйып жібергендей күй кештім. Көзімнен ыстық жас ытқып шықты. Анамның тұтқаны тез қоя салуының себебі осы екен ғой дедім менде ішімнен. Кейіннен ойлап қарасам, қаралы хабарды астарлап, жұмсақ жеткізуде үлкен мән жатыр екен. Сондағы сөздің ұлылығы ғой, «егер көкең қайтыс болды» деп дүрсе қойса, ол қазаны қалай қабылдайтынымды, қандай жағдайда боларымды кім білсін...
Бүгінде салмағы ауыр салт бұрынғы мәнін жоғалтып, негізгі мақсатынан алыстап бара жатыр. Оған қазір уақыттың көшінен қалғымыз келмей, асығыстыққа жол беретініміз себеп болып отыр. Ұлттық құндылықтарды ұмыт қылмай, мәдениеттен ажырамауды көздесек, тағылымға толы салттың тереңіне бойлауды бүгіннен бастайық дегім келеді

Арайлым ЖҮСІПОВА
02 шілде 2022 ж. 582 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930