Балалар жылы: Қазақстанда 19 түзету кабинеті және 7 оңалту орталығы ашылады
Қазақстанда Балалар жылында 19 түзету кабинеті және 7 оңалту орталығы ашылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда балалар жылында 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (пмпк), 19 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (пптк) және 7 оңалту орталығы ашылады. Олар балаларға әлеуметтік медициналық-педагогикалық және түзету арқылы қолдау көрсетуге қажеттілік бар өңірлерде құрылады.
«ПМПК, түзету кабинеттерінің саны жыл сайын артып келеді. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты бақылауда ұстап отыр. Былтыр Қарағанды, Ақтау қалаларында, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында, Алматы облысының ауылдарында және Қапшағай қаласында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар ашылды. Министрлік 2025 жылға дейін ПМПК желісін 50 000 балаға 1 ПМПК есебінен 125-ке дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарының саны да артып келеді. 2021 жылы 13 түзету кабинеті ашылды. Осылайша, балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау айтарлықтай кеңейіп келеді, бұл балалар мүгедектігінің алдын алуға және азайтуға ықпал етеді», - деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Күдеринова.