Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәһір: мән мен сән

Мәһір: мән мен сән

Соңғы күндері неке қиылғанда берілетін сыйлық әлеуметтік желі мен екеуара әңгіменің басты тақырыбына айналды. Қуаныш ортасында жас шаңырақ иесінің мойнына артылатын мұсылмандық міндетті жұрт әрқалай қабылдайды. Көпшілік мұны діннің қалыңдыққа берген артықшылығы деп қарағандықтан көп қарындас қалауынан қысылмайтынын байқап жүрміз. Соңғы үлгідегі «Iphone», «Camry 70», бриллиант комплект, қаладан пәтер: бақытқа қарай қол созған көп келіннің қалау-арманы осындай сыйлықтың айналасында қалықтап жүр. Бұл жайында қазақы дәстүр мен дін не дейді?
Ұғынықты тілмен айтсақ, ислам дінінде мәһір ізгі мақсат үшін сыйлық етіліп, үйдің асыраушысы оқыс оқиғаға тап болғанда отбасының күнелтуіне гарант ретінде түсіндіріледі. Мұның үкімі жайында алдымен ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл айтып берді.
– Дінде қалыңдық малы – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 4-аятында: «Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілден тарту етіңдер», – деп бұйырады. Шариғат бойынша мәһірді міндетті түрде беру керек. Келісілген мәһірді бермеу – күнә, бірақ қиылған некесі дұрыс болып саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Он дирхамнан азы мәһір емес», – деген (Бәйһақи). Сахабалар өмір сүрген араб халифаты заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған. ҚМДБ Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуа бойынша, алтынның құны Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі белгілеген 585 сынама бағасымен есептеледі. Бүгінде 585 сынамасы бар алтынның бір граммы ҚР Ұлттық банктің мәліметі бойынша 14030 теңге тұрады. Сонда 4,25 грамм алтын, яғни мәһірдің ең аз мөлшері шамамен 60 мың теңгені құрайды, – дейді ғалым.
Бір қызығы, мәһірдің жоғарғы шегі көрсетілмеген. Дінде сылықтың бағасы ер адамның материалдық деңгейіне, отбасының әлеуметтік жағдайына қарап белгіленеді. Дегенмен, сұрау салғанда айды аспаннан бір-ақ шығаратын ақмайдалылар да аз емес. Десек те бұған имамдардың қалыңдыққа «қалыңырақ қолқа сал» деп үгіттеуі де әсер ететінін анық. Мәһірдегі мұндай аура жас отбасының кейінгі өміріне де әсер етуі мүмкін емес пе?!
– Мәһір күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмауы керек. Сыйлықты бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала беріп, қалғанын кейін бере алады. Әр елде мәһірдің өзіндік мөлшері қалыптасады. Оны мәһір-мисл деп атайды. Мәһір-мисл деп қыздың әке жағынан туыстары арасында өзіне тең келер әйелдерге берілетін сыйлық мөлшеріне айтылады. Оны анықтағанда әйелдердің жасы, сұлулығы, мал-дүниесі, ақыл-ойы, білімі, діндарлығы, өмір сүріп жатқан жері мен уақыты ескеріледі. Мысалы, қыз бен тұл әйелдің мәһірі екі түрлі болуы мүмкін, – дейді дін қызметкері.
Қалай болғанда да мұсылмандық некесін қидырған жігіт мәһір алып беруге міндетті. Осындайда сыйлыққа құран кітап, ас әзірлейтін құрылғы немесе сәнді орамал сұраған келіндерді көрсек, көңіл жылиды. Өзінің қалауын айтуға қымсынып, қанағатшылдық қылған қалыңдыққа күйеуі айды алып бергісі келіп кететінін ерлер қауымы жақсы түсінеді. Әрі-беріден кейін ертеңін Аллаға тапсырып, жамандыққа ойын жықпайтын жұрттың ұрпағы саналы уақытын сыйлыққа емес, салиқалы ұрпақ өсіріп, соны жеткізуге, бақыттың кілтін табуға жұмсаса, сондай ойда болса, керемет емес пе?!

Р.ҚАЙРАТҰЛЫ
19 шілде 2022 ж. 500 0

Музей – тұнған тарих

18 мамыр 2024 ж. 93

Бегім ана берген сый

18 мамыр 2024 ж. 145

ҰБТ: қам қалай?

18 мамыр 2024 ж. 100

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031