Сағыныш салған сызат

– Мен әкесіз өстім. 2 жаста болғанда ол белгісіз себептермен біреудің кінәсін арқалап түрмеге тоғытылып кетті. Анам әпкем екеумізді осы уақытқа дейін қиындықпен жеткізіп, аяқтан тұрғызды. «Әкең сені тастап кеткен жоқ, сендерден жырақтағанына оның кінәсі жоқ қой?!» деп ойлап тұрған шығарсың. Иә, мен оны жақсы түсінемін. Бірақ мен әкемнен бұрын тағдырға өкпелімін. Әдетте әкелер үнемі бауыр еті баласының жанында болуы керек емес пе? Неге өзге бүлдіршіндердің асқар тауы бар, ал менікі жоқ? Дәл осы сұрақ менің жанымды жегідей жейтін. Соның әсерінен бе екен, әкеме деген сағыныш жек көруге ұласты. Ес білгенде әкем қандай адам, ол жанымызда болса қалай болар еді деген ойлар да жаныма маза бермейтін. Тіпті онымен кездесуді де тағатсыздана күткенмін. Бірақ уақыт өте келе сағымға айналған сағыныштың жетегінде жүргенімді түсіндім. Оның тар қапастан шығып, жолығар сәтіміз жақындаған сайын одан сәт сайын алыстай бердім. Бұрынғы арақашықтық одан сайын алшақтап сала берді. Себебі ішімдегі сағыныштың шамдары өшті. Солай мен әкемді жек көріп кеттім, – деді құрбым терең күрсініп.
Бұрын соңды бұлай өзі туралы көп сыр аша бермейтін құрбымның ағынан жарылғанына қайран қалдым. Оның бұл айтқандарын бастапқыда қорыту оңайға соққан жоқ. Бірде кінәлап, бірде оның жанын түсінуге ұғынғаныммен ішкі қиналысын жүрегімнен толыққанды өткізе алмадым. Себебі көкейде сансыз сұрақтар тұрды. «Әкесін сарыла күтіп, сағынған болса, онда неге оны жанына жуытқысы келмейді. Неге оны жек көреді?» деген сауалдарға өзімше жауап іздеп, сергелдеңге түстім. Бәріне сананы серпілтетін жылы естеліктердің болмағандығы шығар кінәлі. Әлде жүдеу көңілді селт еткізер үміттің жоқтығы ма екен кедергі. Әкесіз өскен күндері дағдыға айналған соң, күнделікті салтынан айнудан жасқанатын болар бәлкім. Әйтеуір оны түсінуге талпынған сайын ойым сан-саққа жүгіріп, бөліне берді. Айша қанша жерден әкесін жек көрдім деп айтса да, сол қара суыққа оранған күздегі көңілі қанша қабаржыса да, оны әр көрген сайын көз жанарынан әкесіне деген сағыныштың лебі есіп тұратынын байқадым.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ