Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірліктің күшімен біткен іс

Бірліктің күшімен біткен іс

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске арналған жұмыстың бірі Қазалы ауданынан «Жеңіс» саябағының бой көтеруі еді. Сол күннен бері бұл орын өткен мен бүгінді тоғыстырып, ұрпақтар сабақтастығы деген қасиетті ұғымды қастерлеуге, бірнеше буынды отансүйгіштікке баулып келе жатқан руханият кенішіне айналып отыр.
1981 жылдың күз айы. Поселкелік атқару комитеті депутаттарының көше, аула тазалығын сақтау мен тал егіп көгалдандыру-көркейту жұмыстарын жақсартуға жаппай бетбұрыс жасау қажеттігін түсіндіріп, жүзеге асыруды мақсат тұттық.
Аудан орталығы Жаңақазалы поселкесінің орналасқан жері көгалдан жұпыны, тегістелмеген, шұқырлы. Аяқсуды насоспен айдаудың өзінде қиындық бар. Ағаш егу үрдіске айналмаған. Оның үстіне Арал теңізінің суы қайтып, «экологиялық апат аймағы» деген танылған кез.
Таза ауа тарылып, сорлана басталған жерді одан әрі тұзды етпеуге аз болса да септесетін амал – арық тартып, аяқсу келтіріп, көшелер мен аулаларға ағаш егуді қолға алу маңыздылығы тұрғындарға жеткізілді. Сол кезде көтерілген мәселенінің бірі – халық демалып, тынығатын мәдени орталық ұйымдастыру еді. Бұған дейін екінші дүниежүзілік соғыста майданнан оралмаған 5000-нан астам қазалылыққа ұрпағы тағзым ететін ескерткіш орнату ісі де айтылып жүрген-ді.
Жеңістің 40 жылдығына арнап, «Жеңіс» паркін халықтың күшімен салу жайлы бастама көтерілгенде депутаттар мен актив мүшелері бірауыздан қолдады. Мұнан соң халық жиындарын ашып, мәселені ортаға салғанда, тұрғындар қоштап, елге үндеу жарияланды. Алайда аудан орталығында парк салатындай бос жер жоқ еді. Сондықтан поселкенің шығыс бетіндегі сор басқан көлемі 80 гектар бос жерден құрылысты бастау орны белгіленді.
«ПЧ-60» мекемесі Қаратаудан жеткізген қара тасқа «Ұлы Отан соғысы жеңісіне 40 жыл толу мерекесі қарсаңына бұл жерге Жеңіс паркі салынады» деген жазу жазылды. Белгіленген аймақты мекеме, мектеп, кәсіпорындарға бөліп беріліп, жабайы, шым басқан ой-шұқырлы жерді ешқандай техника көмегінсіз, қолмен тегістеп, арам шөптерден арылтты. Арықтарды қазып, күзгі ағаштар отырғызу жұмыстарына тапсырма беріліп, жұмыс басталып кетті. Жұмыстарды ақы-пұлсыз жасату оңайға түскен жоқ. Тапсырманы орындау мақсатында бірін мақтадық, бірін сынадық, енді бірді көптің ортасына салып ұялтып, әйтеуір бетбұрыс жасадық. Күннен-күнге атқарған жұмыстар көзге көрініп, елдің сенімі арта бастады. Жаңа серпін мен қарқынды күштер пайда болып, жұмыстан кейін және сенбі, жексенбі күндері еңбек құралдарымен мекемелер саябаққа ағыла бастады. Ешқандай мемлекеттің қаржысынсыз, елдің күшімен сенбіліктер өткізіліп, Жеңістің 40 жылдығын айтулы датасын дәл осы орында тойлауға мүдделілер ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Күзде барлық мекеме-кәсіпорындар, ардагерлерге дейін жер бөлініп, бекітілді. Техникалар жоқтың қасы, жер қолмен тегістеліп, арықтар күрекпен қазылды. Айналасын қоршау, ішіне жол салу, жарық жүргізу, сауда орындарын ашу, ұрандар жазу, би алаңы мен сахна, фонтандар салып ісі де басталды. Күн өткен сайын жасанып, көріктеніп келе жатқан жердегі жұмыстар көркімен көз тартты. Бұл уақытта бұрынғыдай нұсқау күтпей-ақ ынталанып келуді әдетке айналдырған елге сүйіспеншілігіміз арта түсті.
«Көп түкірсе – көл» дегендей, жолдың жобасы жасалып, үстіне асфальт төсеп, рельстен бардюрлер салу жұмыстарын Ұмыттырған Таңжарықов пен Әбдімәжит Абдуллаев басқаратын «ДРЭУ», «ПЧ-60» мекемелері тиянаты, жедел атқарды. 200 орындық жазғы үлкен сахнаны Тұраш Сегізов, бас қақпаны Сапарбай Розметов, ертегілер қалашығы мен субұрқақты Әзімжан Әліпбаев, Самал Орынбаев басшылық ететін теміржолшылар мен Темірхан Әбдіқадіровтың аудандық санэпедқадағалау мекемесі жасап, орнатты. Басшысы Сағи Шалбасов, «ХРСУ» мекемесі «Достық кафесін» жасаса, «Қарлығаш» атты мейрамхананы Кәрім Тәжмағамбетов басшылық ететін аудандық тұтынушылар одағының жұмысшылары жүзеге асырды. «Отан үшін от кешкендер» аллеясы, спорт алаңдарын «ШЧ-2», «ПМС», «ПЧ-60» теміржолшылары сыйға тартса, КРЭК мекемесі парктің ішіне дербес электротрансформаторын орнатты. ПМК-86 құрылыс мекемесі темір шартақпен паркті қоршады. Теміржол электростанциясының алтыбақан орнатып, ұлттық алаңдар жасады, вагон депосы, ТРЗМ ұжымдары үлкен сахна мен би алаңын жасады. Бұл жұмыстар басында жүрген азаматтар Әбдінағи Әбжанов, Жансары Пазылбеков, Серікбай Сұлтамұратов, Қуанған Бакенов Едіге Құсанов, Ғани Ысқақов, Ашықбай Тоғымов, Бегім Бодықов, Самұрат Имандосов, Кемал Аманов, Арғын Орынбаев, Нұрлан Әлмағамбетовтердің табандылық пен жауаптылығын ерекше атап өткен жөн.
Саябақ сәні ағаштармен көріктенеді. Көгалдандыру Күләш Мергенбаева, Молдабай Ақниязов, Жұмабек Құлбаев, Серік Қуанышбаев, Ләззат Ізбасқанова, Бақыт Сәтбаев, Марат Құдайбергеновтер басқаратын мектептер мен кәсіптік мектеп адал жұмысымен өзгелерге үлгі болды.
1981 жылдың күзінде күзгі қаламшарлар, 1-2 жылдық ағаштар, дария жағасынан жиделер тамырымен қопарылып әкелініп, ретімен отырғызылды. Қыс бойы алтыбақан, турник, футбол қақпасы, валейбол, баскетбол тақтайлары мен пано, ұрандар, аркаларды дайындау жұмыстары тоқтамай жүргізіліп, 1982 жылы көктемде жаяу жүргіншілер жолы санынды. Екі жылда ағаштар кісі бойындай болып өсті, субұрқақ, айналмалы әткеншек, билярд ойнау орны, би алаңдары, стадион салынды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, 1983 жылдың 14 қазан айында ауданға партия комитетінің бірінші хатшысы болып Елеу Көшербаев келді. Ол кісі халықтық істі қуана қолдап, оның уақытында, дұрыс орындалуына тапсырма беріп, өзі тікелей араласты. Елекеңнің жары Дәнеш де науқастығына қарамай ел азаматтарының келіншектерін топтастырып, өздеріне участік бөлдіріп, ағаш егіп, тұрақты күтімге алып, елге үлкен аналық мейіріммен үлгі көрсете білді.
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазалылықтарға арналған ескерткіш, мәрмәр тасқа жазылған есімдер, мәңгілік алау оты, тағы басқа түрлі атракциондар мен ойын автоматтары басқа да спорттық ойындар орналастырылған үйлер салу жұмыстары жедел жүргізілді.
 Кезінде халқы үшін айтарлықтай іс жасап, тер төккен аға буындардың еңбектерін бүгінде ел біледі, сол үшін оларды құрметтейді.. Олардың өткеніне көз жүгіртсек, толағай таудың шыңындай болып көзге шалынады. Сол кездегі кәсіпкерлер, орталық базар бастығы Құдайберген Мұсаев, Ибайдулла Тілеп, Өмірзақ Түктібаев, Аманбай Ерқатов, Бекқали Бекбауылов, мешіттің бас имамы Сағындық Жақып, мәдениет бөлімінің басшысы Жетіскен Мәкеналиев, аудандық газет редакторлары Әлмамбет Әлішев, Қасқырбек Мамбетжановтардың еңбектері ерекше.
Көпшілік арасынан орынсыз сын айтып, қисынсыз арыз жазғандар табылды. Игілікке бағытталған іс көздеген мақсатта бітті. Қалың бұқарамен тіл табысудың арқасында, бірліктің күшімен біткен саябақтың ішінде 1985 жылы Жеңістің 40 жылдық мерекесі ұлан-асыр той болып өтті. Халық серуендеп, тынығып, демалатын, боздақтарға тағзым ететін «Жеңіс саябағы» осылай қолданысқа берілді.
Бүгінде саябаққа кіре қалсаң, таза ауа, сылдырап аяғымен арықтан ағып жатқан су, жапырағы желмен сылдырап, бірін-бірі қуалап, иін тіресіп өскен әртүрлі ағаш, иісі аңқыған гүл шашқан жиде.
«Жеңіс» саябағын салудағы негізгі мақсат – келешекте ел-жұртқа Қазалының ер-азаматтарының, бүкіл халқының қан майданда жасаған өшпес ерліктерін, тылдағы ерен еңбектерін үлгі ететін, ерлік-еңбек шежіресіне айналатын, батылдық пен батырлыққа еліктететін, кейінгі жас буынға бабалар рухына тағзым ететін қасиетті де қастерлі орынға айналдыру болды. Келешек тәрбиенің ұясы – «Жеңіс» саябағы» еңбекті ақтайтын, таланттарын мақтайтын, тарихын сақтайтын қастерлі де қасиетті орын болды. Халықтың тағзым етіп, тынығатын, табиғатты тамашалап, демалатын сүйікті мәдени орталығына айналды. Жаңадан ауылшаруашылық, теміржолшылар мен кәсіпкерлер аллеялары ашылып, қоғам қайраткерлері, білім, ғылым, жазушы, журналистердің суреттері ілінді. Парктің ішіндегі жолдар кеңейтіліп, табанына бурчаткалар төселіп, екі қапталына бардюрлер салынып, фонтандар атқылады. «Жеңіс» паркінің ішкі ауласына түгелдей түнгі шырағдандар орнатылып, жарықтандырылды.
1985-1990 жылдары облысты басқарған мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков Қазалыға жол сапармен келіп, «Жеңіс» саябағын аралап көргенде, мынадай баға берген еді.
«Бұл жер ашық аспан астындағы жалпыға бірдей салынған академия. Қанша адамға ой салатын нақыл сөздердің іші толған ақыл. Саналы адам саябаққа бір кіріп шыққанда, ойы өзгеріп, білімге сусындап шығары сөзсіз. Мұндай саябақ облыстың орталығында да жоқ, «Вы берите пример как работать и отдыхать учитесь от Казалинцев. Это просто прелесть, чудо, вот так. Тарихты жастарға осылай оқыту керек», – деп өзге басшыларға қарап: «Келешек осындай жұмысты Сіздерден де талап етемін», – деген болатын.
 «Жеңіс» паркі Қазалының даңқын Одаққа шарықтатты. Мәскеуде өткен Бүкілодақтық табиғат қорғау жиынында баяндалған осы паркті арнайы көруге «Известия» газетінің тілшісі А.Бұлдашов келіп, материал жариялады.
Кейінгі аудан басылары Айтбай Көшербаев, Нәжімадин Шамұратов, Бақыт Жахановтар да абатты орынның одан әрі көркеюіне үлес қосты. Соғыс кезін еске түсіретін екі пушка әкелініп, бурчаткалар салынды, «Құрмет алаңына» 21 елді-мекен ағаш үй тігетін жер биіктетіліп, арнайы орын жасалды. Киіз үйлер іші жасақталып, ақ дастархан төрінде Соғыс және тыл ардагерлері өткен өмірді еске алып, жастарға жүрек жарды батасын ақ ниетпен беріп жатты. Елге адал қызмет етіп, әділ билік жасаған, ұрпақтары еңбегін елеп, ұрпаққа өнеге ету мақсатында 13 елге еңбегі сіңген қайраткерлерге бюст орнатты. «Ауруын жасырған арам өледі» дегендей, өкінішке орай, парктің ішіндегі би алаңы, сахна, бассейн, үйлер тігетін жердегі құрылыс материалдары, ертегілер қалашығы, панолар мен аркалар, өсиет сөздер тақталары мен бардюр орнына салынған рельстер қолды болып кетті.
Ақ жолмен келген жетістікке қуана білу де үлкен парасаттылық пен адамгершілік аясынан арна табар қасиет.
Мейрамбек Шермағанбет ауданға әкім болып келгелі барлық салада таңғажайып жұмыстар атқаруда. Жайлы мектеп, спорт кешендері, көпір, төрт жолақты жол, балабақша, мәдениет үйлері, Әйтеке бидің 180 жылдығы, Жанқожа батыр 250 жылдығына еңселі ескерткіш орнатып, бүкіл Қазақстаннан қонақтар шақырып, дүбірлетіп той өткізді. Жолдар жөнделіп, ағаштар егіліп, барлық жерде мұнтаздай тазалық сақталуда. Темір жолға төбесі жабық көпір құрылысы, темір жол вокзалына толық жөндеу жұмыстары басталды. Басқаны қойғанда, үкіметтік емес ұйымдарға да қос қабатты, көрікті Руханият ғимаратының бой көтеруі – ауданды ажарландыра түсті. Жеңістің 80 жылдығына паркке толық реконструкция жасалып, мәдени тынығу кешеніне айналды. Уақыт талабына сай жаңа бет-бейнеге енген орында ел тарихын ұғындыратын жұмыстар, заманауи тынығу орындары, жаңашыл көріністерді көріп, көзіміз сүйсінді.
Елдің әлеуметтік ахуалының артып, төл танымына батыл бетбұрыс жасауы көпті сүйсінтуде. Мемлекет алға қойып отырған тапсырмаларды тиянақты орындауға тәжірибесі мен ізденімпаздығын тоғыстырған ел ағалары, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа және жауапты жолда жүрген барлық азамттар ісіне сүйіспеншілікпен қарап, тілегін тілеп отырған жағдайымыз бар.
Бірлік бар жерде – береке бар. Мәңгілік қазақ елі идеясын бәріміз бірге ел болып жүзеге асыруға атсалысайық!
Оразғали БЕКБАНОВ,
Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
17 мамыр 2025 ж. 33 0

АЛҚАПТАҒЫ АЛҒАШҚЫ ДӘН

17 мамыр 2025 ж. 34

Ел қорғаны боламын

17 мамыр 2025 ж. 34

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031