Ұлттық ойындар ұмытылып бара ма?
Бүгінде уақыт талабына сай зерделі, жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру маңызды міндеттерге жатады. Қазақ халқының басты мәдени элементтерінің бірі тұрмыс-салт пен тарихи тәжірибелерден жинақталған ұлттық ойындар болып табылады. Бұл ертеден келе жатқан дәстүрлер қатарынан саналады. Сондықтан бала тәрбиесінде оның алатын орны ерекше. Жас ұрпақты имандылыққа, тапқырлыққа, адамгершілік қағидаларына баулуда баға жетпес құрал. Бала айналасындағы жағдайлардың бәрін ойын арқылы қабылдайды. Сол арқылы тәрбиеленіп, өнеге үйренеді. Дәстүрлік таным-түсініктен туындайтын қазақ халқының ұлттық ойындары – жас өскінді іс-әрекетке, адамгершілік әдептерді игеруге, ақыл-ойын жетілдіруге, салауатты өмір сүруге тәрбиелеуде теңдесі жоқ құрал.
Бабалар қалыптастырған ойындарда біріншіден, жаттығулар жасап, ұлт ойындарын ойнаған кезде дене дамуы жақсарады. Екіншіден, ұлт ойындарының мазмұнын, ойлау тәртібін түсіндірген кезде әдет-ғұрпымыздан, өткен өмірімізден хабар береді. Кейінгі кезде ұлт ойындарына көңіл бөлмеуден бірқатары ұмыт болып, мүлде жоғалып барады. Қазіргі күні өскелең ұрпақтың ой-санасын дамытатын қиял-ғажайып ертегі кітаптардың орнын ғаламторды оңай қолданатын компьютер мен телефон алмастырған. Бүгінгі жас өреннің балалық шағы атыс-шабыс ойындары арқылы қатыгездікке, зұлымдыққа тәрбиеленіп жатқаны қынжылтады.
Қазақ халқының тарихи көне жырларының, эпостары мен лироэпостарының қай- қайсысын алып қарасақ та, олардың өн бойынан халықтың ұлттық ойындары мен әдет- ғұрып салттарының алуан түрлерін кездестіреміз. Осы жырлардың негізгі кейіпкерлері – болашақ ел қорғаушы батыр, жауынгер, халық қайраткерлері, ойын үстінде көрінеді.
Ұлттық ойындар ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес мұра. Сондықтан оны үйренудің, күнделікті тұрмысқа пайдаланудың ұрпақ тәрбиелеуде пайдасы зор. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, бүкіл өміріне ұштаса береді.
– Расыменде ұлттық ойындарды біз Наурыз мерекесі қарсаңында ғана еске түсіреміз де, кейін келесі жылға дейін ұмыт қалады. Бұл дұрыс емес. Ұлттық ойын түрлерін тек айтулы мерекелерде ғана қолданбай, арнайы сабақ кестесіне де қосып, қызықтыра әр іс-әрекетте көрсетсек баланың эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға болар еді, – дейді кент тұрғыны Айбек Айғараев.
Ұлттық ойынды іс-әрекетте қолдану балалардың ой-өрісін жетілдірумен бірге, бабалардың асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгілерге жеткізе біледі. Бірақ оны жүргізуге арналған нақты әдістемелік құралдар жоқтың қасы. Балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен, ойната отырып жан-жақты тәрбиелеуге болады. Сондықтан мектеп жасына дейінгі балаларға ұлттық ойындардың маңызы зор.
– Көбінесе асық, ләңгі, әйкел деген ойындар ойнадық. Бұлар екеу ара ойнайтын ойындар. Әйкел ойынын ойнап жүргендерді көріп жүргенім жоқ. Сосын екі топқа бөлініп «Қызыл жалау» деген ойынды ермек қылатынбыз. Мақсаты – жалауды қолға түсіру болатын. Онысы балалардың батылдығы, шапшаңдығы мен ойлау қабілетін шыңдайтын. Қазір ойнайтын, ойнамайтынын білмеймін. Мүмкін аты өзгерген болар. Бұл ұлттық ойынға жатпауы да мүмкін. Осы күндері немерелеріммен асық атып, ширығамын. Қазір алпыстан аса асығымыз бар. Балабақшаға баратын немерем ұтқан және ұтылған асықтарын өзі санайды. Оннан аса асықты санап, алып қоса алады. Осылайша телефоннан ажыратуға тырысамын. Көбіне өздері асық ойнайық деп тұрады. Жалпы ұлттық ойындардың балалардың ой-өрісін дамытуға әсері көп, – дейді заңгер Құдайберген Есекей.
Ақсақалдың айтуынша, ұлттық ойындарды қимылды және қимылсыз ойындар қылып ойнауға болады. «Хан талапай», «Хан алшы», «Орнын тап», «Теңге ілу» тағы басқа ойындарды математика іс-әрекетінде 1-10 санауға, асықтарды алу ретімен, берілген тапсырмаларды орындауға болады.
Сауат ашу мен жазу және тіл дамытуда «Соқыр теке», «Сақина жасыру», «Орамал тастамақ», «Ұшты-ұшты», «Қуыр-қуыр қуырмаш», «Киіз үй» сынды ойындар да бар. Бұларды сонымен бірге қоршаған ортамен таныстыруда қолдануға болады. Бұдан бөлек тоғыз құмалақ, ақ сүйек, бес тас, ақ сандық, көк сандық, сақина салмақ, жасырынбақ, арқан тартыс, білектесу, қазақ күрес, күшің жетсе, үзіп кет, Айгөлек сынды түрлі ойындар бүгінгі күні балалар арасында айтарлықтай ұйымдастырылмайды. Оның орнын заманауи гаджеттер басып алуда. Телефонға телмірген өрендер Алик.кз, Настя мен әкесі, Маша және аю сияқты түрлі-түсті мултьфилмьдерді көруге жаны құмар. Ал оларды ұялы ғаламтордан ажыратып, ұлттық ойындарға бейімдеп жүргендер саусақпен санарлық.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА