Жарық көше жүргіншіге жайлы
Биыл Қазалы қаласындағы Абай, Өтепбергенов, Ш.Уәлиханов, Бекетай би, Қосаев, Қ.Рысқұлбеков, Б.Момышұлы, Толыбеков, Қазалы және Бөлекбаев көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жұмыстары жүргізілуде.
Жуырда Қазалы қаласына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап арнайы барып атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Осы кездесуде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов та өз саласына тиісті шаруалар төңірегінде айтып берген еді.
Жалпы биыл Қазалы қаласында жағымды жаңалық жетерлік. Қаланың батыс беткейінен жаңа балабақша құрылысы бөй көтеріп жатса, Абай ауылына шығатын тұста спорт алаңы ашылды.
Кәсіпкерлік кең етек жайып келе жатқан «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негізінде өткен жылға 27 адамға жолдама беріліп, оның ішінде оқуды аяқтағаны 25 адам. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 70 адам 228,3 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау алып, кәсіптерін дамытуда. Тарқатып айтар болсақ, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен 21 адам 167,5 миллион теңге, Өңірлік инвестициялық орталықтан 4 адам 22,0 млн. теңге, «Еңбек» бағдарламасы арқылы «Ауылшаруашылығы қаржылай қолдау қорынан» 4 адам 14,8 млн. теңге несие алса, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 41 адам 24,0 миллион теңге қайтарымсыз грант алып отыр.
Қазалы қаласында 572 кәсіпкер бар. Оның ішінде 56 дүкен, 94 түрлі қызмет көрсету нысаны, 41 такси, 29 жолаушылар көлігі халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, қаланың 352 тұрғыны Әйтеке би кентіндегі орталық базар мен Қазалы қаласында түрлі кәсіппен айналысады.
Қала бойынша 2300 бас мүйізді ірі қара, 4598 бас уақ малы, 442 бас жылқы бар. Жеке және шаруа қожалықтардағы құстардың саны 878 басты құрайды. Төрт түлік малдарына түрлі ауруларға қарсы дәрілер егіліп, алдын-алу жұмыстары жүргізілсе, иесіз 145 ит пен 15 мысық ауланып, жойылды. Осы тұста қала әкімшілігіндегі мамандар иесі бар иттердің өзі әсіресе,түнгі мезгілдерде қараусыз көшеге шығып, тұрғындарға қауіп төндіруде. Сондықтан қала тұрғындарына осы мәселеге немқұрайлы қарамай, асыранды ит пен мысықтарына барынша жауапкершілікпен қарауларыңызды сұрайды.
Сонымен қатар Қазалы қаласы тұрғындары тарапынан үй жануарларының өріске шығару мен күтіп алу тәртібіне және түнгі мезгілде көше бойында бей-берекетсіз жайылып жүрулеріне қатысты шағымдар жиі түседі. Соның негізінде, иесіз өріске шыққан үй жануарлары көше бойын ластау, көшеге шығарып қойған қоқыс қалдықтарын шашу және тұрғындардың үй аулаларындағы тал-теректерді бүлдіру фактілері жиі тіркеліп, 6 тұрғынға хаттама толтырылған.
Қазалы қаласы аумағынан 2007-2021 жылдар аралығында тұрғын үй құрылысын салу үшін жер сұраған азаматтардың жалпы саны 1764 адам кезекте тұрған болатын. Ауданы әкімдігі жанындағы жер комиссиясының шешімімен барлығы 476 азаматқа Қазалы қаласы аумағынан жер табысталды.
Көгалдандыру жұмыстары бойынша көшелерге және саябақтарға 1150 түп тал көшеттері отырғызылып, 1500 ге жуық тал түптері мен 3600 метр құрайтын көше жолының жиегіндегі бордюрлер ақталып, алаңдардың, саябақтардың, түнгі жарық шам бағаналары сырланды. Алаңдар мен саябақтарға және мекеме аулаларына гүл көшеттері егілді. Сонымен қатар қаланың батыс, оңтүстік шығыс бөлігінде СНП-500/10 маркалы және солтүстік беткейінде жылжымалы насостар орналасқан. Аталған су айдайтын насостар арқылы көшедегі талдарға, парктер мен саябақтарға және үй іргелік жерлерге бекітілген кестеге сәйкес апта сайын 3 рет аяқсу берілді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА