Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет мәйегіне айналған ансамбль

Мәдениет мәйегіне айналған ансамбль

Сыр елі – өнер тұнған мекен. Бұл қасиетті топырақтан аты шулы ақын да, күйші-жыршы, әнші де шыққан. Сондай өнерпаздардың бірі аудан абыройын арқалап республика, облыс, аудан тіпті шетелдерде асқақтатып жүрген аудандық «Қорқыт ата» өнер мектебі жанынан құралған «Мелодия» орыс ұлттық аспаптары ансамблі.
2012 жылы Қазалы аудандық «Қорқыт ата» өнер мектебінің жанынан «Мелодия» орыс ұлттық аспаптары ансамблі құрылды. Ұжымды бір арнаға тоғыстыруда орасан зор септігін тигізген өнер ордасының басшысы Сәукен Әліш еді.
Тағы да айта кететін аталмыш ансамбль ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығы бойынша халықтық атағын иемденген. Осы орайда халықтық ансамбль атағын қорғауда орасан зор қолғабыс еткен Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі екенін де айта кеткен жөн.
Өнерпаздар құрамында 8 аспап маманы мүшелік етеді. Атап айтсақ, 2012-14 жыл аралығында баян класының мұғалімі Қонысбек Оразалы ансамбль жетекшісі болды. Ал қазір өнер мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары әрі баян класының мұғалімі Досан Келжанов ансамбль жетекшісі міндетін атқарып келеді. Басқа да топ мүшелеріне келер болсақ, Әділхан Ибрайымов – домра-прима, флейта аспабы, Асылбек Әуез – ұрмалы аспаптар, Хамит Панабеков – баян, Серік Отаралиев – бас гитара, домбра-бас, Нариман Серімбетов – балалайка, Әсет Пірназар баян және Нұрсұлтан Шарапатдин – гитара аспабында ойнайды. Жоғарыда айтқандай ансамбль мүшелерінің барлығы өнер мектебінің тәлімгерлері.
«Мелодия» ансамбльінің вокалистері жайлы да айтпасқа болмайды. Олар «Қазақстан дауысы» тележобасының қатысушысы Гүлдана Мұратбай мен бірнеше дүркін республика, облыс және аудан аренасында жүлделі орындарды иемденіп жүрген классикалық әнші Сәкен Қуантқанұлы да бар.
Бір ерекшелігі өнерпаздардың репертуарында орыс, шетел, классик композиторлардың және түрлі ұлттың халықтық шығармалары мен қатар орыс-қазақ композиторларының әндері бар. Ансамбль жыл сайын өтетін білім саласының облыстық «Наурыз шапағаты» фестивалінің лауреаты атанған. Атап айтар болсақ, 2013 жылы Қазалы аудандық білім қызметкерлері «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің, Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреаты атағын бірнеше мәрте иемденген.
2013-2014 жылдары Арал, Қызылорда қаласында өткен Қазалы ауданының мәдениеті мен өнері күндері аясында ұйымдастырылған концертінде көрермен көңілінен орын тапқан. Ауданның түрлі мәдени шараларына да атсалысып келеді.
2016 жылы ансамбль Ақтөбе қаласында музыка мектебі мұғалімдері арасында өткен «Тоника» халықаралық өнер фестивал-конкурсында бақ сынап, жүлделі І орынды иеленіп, конкурс лауреаты атағын иеленді.
Өзге де шетел конкурстарынан қалыс қалмай келеді. Ағымдағы жылдың наурыз және сәуір айында Беларусь Республикасының Гродно қаласында қашықтықтан өткізілген І Халықаралық «Озорные Гармоники» атты музыкалық шығармашылық конкурсына қатысқан болатын. Онда «Ансамбль» номинациясы бойынша Қорқыт ата атындағы өнер мектебі жанынан құралған Досан Келжанов бастаған «Мелодия» халықтық орыс ұлт аспаптары ансамблі 81,5 ұпай жинап, ІІ орынды қанжығалады және тағы да конкурс лауреаты атанды.
Бұдан бөлек қазылар алқасы құрамының шешімі бойынша «Мелодия» халықтық орыс ұлт аспаптары ұжымына Беларусь Республикасының Речица қаласында өтетін VI Халықаралық баянист және аккордеонистердің «AccoPremium-2022» конкурсының осы жылдың маусым айындағы І кезеңінен іріктеусіз өткізу шешімі қабылданды. Үстіміздегі жылдың 1-5-ші қарашасында дәстүрлі форматта өткізілетін конкурстың ІІ кезеңіне қатысу сертификаты берілді. Үнемі жаңашыл бастамаларға құмар ұжымның репертуары қазіргі таңда жаңа шығармалармен толықтырылуда. Ансамбль алдағы халықтық атақты қорғауға концерттік бағдарламаға және күз айында Беларусь Респбуликасында өтетін халықаралық конкурсына қызу дайындық үстінде.
Өзінің ерекше стилімен талайдың таңдайын қақтырған «Мелодия» ансамбльінің жетер жетістігі мен бағындырар белесі әлі алда. Ұжымға әрдайым абырой биігінен көрінуді, алдағы конкурстар мен халық атағын қорғауда сәттілік пен жеңіс тілейміз.

Серік АҚМЫРЗА
28 мамыр 2022 ж. 876 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 42

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930