Шетелдіктерді мәжбүрлеп елден шығару қағидалары жаңартылды
Қазақстан Үкіметі шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды мәжбүрлеп елден шығару, сондай-ақ оларды ішкі істер органдарының арнайы мекемелерінде ұстау қағидаларын жаңартты.
Құжатқа сәйкес, шетел азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды елден шығару туралы жаза Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары арқылы орындалады.
Егер шетелдік сот белгілеген мерзімде Қазақстан аумағынан шықпаса, оны елден шығару туралы заңды күшіне енген сот актісі негізгі жаза орындалғаннан кейін мәжбүрлі тәртіппен жүзеге асырылады.
Негізгі жазаның орындалғаны туралы ақпарат алғаннан кейін ішкі істер органдары елден шығару жұмыстарын ұйымдастыруы тиіс. Атап айтқанда, жүру бағытын, мемлекеттік шекараны кесіп өтетін орынды анықтап, жол жүру билеттерін сатып алады. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын елден шығару шарасы туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне де хабарланады.
Шетелдіктерді елден шығару негізінен теміржол көлігі арқылы жүзеге асырылады. Теміржол қатынасы болмаған жағдайда әуе, автомобиль немесе су көлігін пайдалануға рұқсат етіледі. Егер адам мемлекеттік шекарадағы өткізу пункті орналасқан елді мекенде болса, оны шекараға автокөлікпен немесе жаяу жеткізуге болады.
Мемлекеттік шекарадан өткеннен кейін ішкі істер органдары мен Шекара қызметінің лауазымды тұлғалары шетелдікті елден шығару туралы тиісті акт жасайды.
Елден шығару шығындарын шетел азаматының өзі, оны Қазақстанға шақырған жеке немесе заңды тұлғалар не заңсыз жүргені анықталған кезде оның еңбегін пайдаланған жұмыс берушілер өтейді. Егер аталған тұлғалардың қаражаты жеткіліксіз болса, шығындар бюджет есебінен жабылып, кейін жұмсалған қаражат сот арқылы өндіріп алынады.
Құжатта елден шығарылуы тиіс шетелдіктерді ішкі істер органдарының арнайы қабылдау орындарында ұстау тәртібі де жеке қарастырылған.
Атап айтқанда, жүріп-тұру бостандығын алдын ала шектеу соттың санкциясымен қолданылады. Бұл шара адамды арнайы мекемеге 30 тәулікке дейін уақытша оқшаулауды көздейді.
Шетел азаматын арнайы қабылдау орнына орналастыру кезінде сот санкциясының, жеке тексеру хаттамасының және жеке басын куәландыратын құжаттардың бар-жоғы тексеріледі.
Елден шығарылатын шетелдіктерді ұстаған мемлекеттік орган бұл туралы құрықталған адамның жақын туыстарына, Бас прокуратураға, Сыртқы істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Ішкі істер министрлігіне дереу хабарлауға міндетті.
Арнайы қабылдау орындарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, белгіленген нормаларға сәйкес тамақ беріледі. Ерлер мен әйелдер бөлек орналастырылады. Туберкулездің жұқпалы түрімен, венерологиялық және басқа да инфекциялық аурулармен ауыратын адамдар өзге ұсталғандардан оқшауланады.
Шетел азаматтары арнайы қабылдау орнынан оларды елден шығару туралы сот актісін орындау үшін немесе жүріп-тұру бостандығын алдын ала шектеу мерзімі аяқталғаннан кейін босатылады.
Қаулы 2026 жылғы 6 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда көші-қон заңнамасын бұзған 76 шетелдік депортацияланғанын жазғанбыз.












