Қазалыда Ретро фестиваль өтті
Қазалы қаласындағы Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде «Ән әлемі шақырады» атты облыстық дәстүрлі ретро фестиваль өтті. Он бірінші мәрте ұйымдастырылған шараға облыстың барлық аудандарынан келген вокалды-аспапты ансамбльдер қатысты.Фестивальдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап құттықтау сөз сөйлеп, ұмытылып бара жатқан әндерді орындайтын өнер ұжымдарына алғысын айтты.
Фестиваль барысында Қазалы ауданынан «Ритм», «Мелодия», «Қазалы» вокалды-аспапты ансамбль, Жаңақорған ауданынан «Jom-Art» вокалды-аспапты жанұялық ансамбль, Сырдария ауданынан «Ритм» халықтық вокалды ансамбль, Қармақшы ауданынан «Ақай» вокалды-аспапты ансамбль, Жалағаш ауданынан «Алтын – Арай» халықтық ән-би вокалды-аспапты ансамбль және Арал ауданынан «Арал» вокалды-аспапты ансамблі 70-90 жылдардағы ескі әндерді орындап, көпшілік ықыласына бөленді.
Өнер кешін Қазалы қаласының әкімі Рахметолла Ізтілеу, Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік ортылығының бөлім меңгерушісі Бағдагүл Есмұрзаева мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев қорытындылап, ән шырқаған ұжымдарға ұйымдастырушылар бағалы сыйлықтарды тапсырды.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі














