Полиция қазақстандықтарды Жаңа жыл қарсаңында интернет-алаяқтардан сақ болуға шақырды

Жаңа жыл жақындаған сайын мерекелік сауда-саттық қыза түседі. Осыны пайдаланған интернет-алаяқтар да белсенді әрекет ете бастайды. Олар арзан бағаға смартфон ұсынып, тұрмыстық техника мен мерекелік сыйлықтарды тиімді бағамен сататынын айтып, азаматтарды алдауы мүмкін. Осыған байланысты полиция тұрғындарға сақтық шараларын еске салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алаяқтар тауарды нарықтағы бағадан әлдеқайда арзанға ұсынады. Сонымен қатар жаңа жылдық сыйлықтар мен тұрмыстық техниканы үлкен жеңілдікпен сататынын айтып, азаматтарды қызықтыруға тырысады. Кейбірі тіпті “Мерекелік ұтысқа ие болдыңыз!” деген хабарлама жіберіп, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады.
Полиция өкілдері тартымды ұсыныстардың артында алаяқтық әрекет тұруы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан бейтаныс интернет-дүкендерге бірден сеніп, тауарды алмай тұрып алдын ала төлем жасамаған жөн. Сатып алмас бұрын дүкеннің сенімді екенін тексеріп, күмәнді ұсыныстардан бас тарту қажет.
Оған қоса мамандар жеке деректердің қауіпсіздігіне мән беруді сұрады. Банк картасының нөмірін, CVV-кодты және SMS арқылы келетін бір реттік құпия кодтарды бөгде адамдарға беруге болмайды. Тауарды тек сенімді, тексерілген дүкендерден сатып алған дұрыс.
Егер алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу банкке хабарласып, картаңызды бұғаттап, полицияға арыз беріңіз. Шұғыл жағдайда 102 нөміріне қоңырау шалуға болады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда алаяқтар балалар байқауын сылтауратып, азаматтардың WhatsApp және басқа да мессенджердегі аккаунттарын бұзып жатқаны туралы жазған едік.











