Германияда қоқыс жәшіктерін жаппай тексеру басталады
15 қыркүйектен бастап Германияда биоқоқыс контейнерлерін жаппай тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды BILD.

Қалдықтарды шығаратын жүзден астам компания тұрғындардың органикалық қалдықтарды дұрыс бөліп тастағанын бақылауға кірісетінін хабарлады.
Көктемде күшіне енген жаңа экологиялық нормаға сәйкес, енді биоқоқыстың құрамында бөгде қоспалар 3 %-дан, ал пластик 1 %-дан аспауы тиіс.
Тексеруді қоқыс контейнерлерін әкететін қызметкерлердің өздері жүргізеді. Кейбір аймақтарда қоқыс тасушы көліктер дұрыс сұрыпталмаған қоқысты анықтайтын датчиктермен жабдықталған.
Ережені бұзғандарға санкциялар қарастырылған: бір жерде қоқыс жәшігі мүлде әкетілмей, қайта сұрыптағанға дейін қалдырылады, ал кейбір жерде арнайы әкету үшін ақы салынады — мысалы, Баден-Вюртемберг жерінде бұл стандартты контейнер үшін шамамен 84 еуро тұрады. Жекелеген қалаларда қайталанған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық ісі де қозғалу мүмкін.
Осылайша, ел билігі компост құрамындағы пластик пен басқа да қалдықтардың мөлшерін азайтуды көздеп отыр.
Тұрғындарға бұл контейнерге, мысалы, көкөніс пен жеміс қабықтары, тағам қалдықтары, шай қалташалары, кофе қойыртпағы, жұмыртқа қабығы салынатыны, алайда ит пен мысықтың нәжісін тастауға болмайтыны ескертілуде — себебі оларда компосттау жоя алмайтын паразиттер болуы мүмкін.
Бұған дейін Үндістанның Амбикапур қаласында Garbage Cafe атты кафе желісі 1 кг пластикалық қоқысқа түскі ас ұсынатыны хабарланған еді.