Дәстүрді дәріптеген жоба
Қазалыда салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту, отбасылық құндылықтарды насихаттау, гендерлік саясатты іске асыру мақсатында облыстық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Төркіндеу» жобасы аясында тағылымды шара өтті.
Тәрбиелік мәні зор шарада қасиетті Қазалы топырағында туып, қияға қанат қаққан, қазіргі таңда еліміздің әр саласында жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген және өз саласы бойынша ұзақ жылдар бойы қалтқысыз еңбек еткен нәзік жандылар елге төркіндеп келіп, туған жеріне тағзым етті.
Қонақтар алдымен аудан орталығындағы Қ.Пірімов көшесінің бойындағы «Асандар көтерілісі», «Бегім ана», «Тәуелсіздік монументі» секілді тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап, «Бегім ана» ескерткішіне арнайы гүл шоқтарын қойды.
Мұнан соң Жанқожа батыр кесенесіне барып тағзым етіп, баба рухына құран бағыштады. Бұдан соң Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығына жол тартты. Мәдениет ошағының ауласына жеміс ағаштарын отырғызып, олардың өсіп-өркендеп, мәуелі баққа айналуына тілектестік білдірді.
Шара ауданымыздағы ардагер-ұстаз, әр салада қызмет атқарып жүрген аналармен кездесу кешіне ұласты. Кездесу барысында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Әлемдегі бар жақсылық пен ізгілік, отбасының беріктігі мен берекесі әйел-аналарға тікелей байланысты. Қазіргі таңда ер азаматтармен бірге жауапты қызметте жүрген, қоғамдағы игілікті істердің басында болып, өздеріне жүктелген жауапкершілік жүгін көтере білген әйел азаматтарымыздың еңбегі ерекше құрметке лайық», – деп қонақтарға жылы лебізін білдіріп, қошемет көрсетті.
Әрі қарай облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Мансұрқызы іс-шараның негізгі мақсатына тоқталып, келген қонақтарды таныстырып, ұлттық құндылықтар мен отбасы тәрбиесі туралы, кәсіпкер әйелдерге көрсетілетін қолдаулар туралы сөз қозғады. Ұрпаққа үлгі, өмірі өнегеге толы ардагер аналарымызға сый-құрмет көрсетіп, ақ жаулық жапты.
Кештің куәгері болған әйел-аналар қауымы алған әсерлерімен бөлісіп, рухани демалып қалғандарын тілге тиек етті.
– Жөн-жоралғысымен әдемі ойластырылған тағылымды шара болды. Әр салада еңбектерімен нәтижеге жетіп келе жатқан апа-сіңлілеріміз, оқушыларымызбен кездесіп, шүйіркелесіп қалдық. Жалпы Райкүл Мансұрқызы жүрген жер жүрекке жылы тиетін ұтымды шараларға толы болады. Құрметіміз шексіз, – дейді Бағдат Орымбас.
Керемет кештің көркін аудан өнерпаздары одан әрі айшықтай түсті. Олар қонақтарға арнап, ән мен жырдан шашу шашты. Жоғары дәрежеде өткен тағылымы мол шараны аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қорытындылап, келген қонақтарға ризашылығын білдірді. Ұлттық дәстүр ұлықталған шара қасиетті Рамазан айында ауызашар рәсімімен тәмамдалды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА