Халық қалаулылары – Қазалыда
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сапар Ахмет, Бақытбек Смағұл және Нұржан Әлтаев жұмыс сапарымен Қазалы ауданында болды. Олар алдымен Әйтеке бидің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жанқожа батыр кесенесінде болып, баба рухына құран бағыштады.
Мұнан кейін халық қалаулылары ауданаралық аурухананың мәжіліс залында медицина саласы қызметкерлерімен жүздесті. Онда аудан әкімі Мұрат Ергешбаев әлеуметтік бағдарламалар жүйелі жүзеге асып жатқандығын айтып, өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Кездесуде халық қалаулысы Сапар Ахмет дәрігерлердің елеулі еңбегіне алғаусыз алғысын жеткізді. Жауапкершілігі мол ауыртпалықты қайыспай көтере білген қызметкерлерге мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалып жатқандығын алға тартты.
Сондай-ақ, орталық ауруханадағы «Ангиограф» медициналық аппараты іске қосылса, аудан үшін үлкен жетістік екендігіне тоқталды. Нақты мәлімет бойынша қазір арнайы бір бөлме дайындалып, заманауи қондырғыны бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті мамандар оқытылып, облыстық медицина орталығында толық тәжірибеден өткізілген. Көп ұзамай халық медициналық аппараттың игілігін көретін болады. Бір қуантарлығы бұл келешек жедел және сапалы ота жасауға септігін тигізбек. Нәтижесінде Қазалыдан бөлек, көршілес Қармақшы, Арал аудандары мен Байқоңыр қаласы тұрғындарына да қызмет көрсетіледі деп күтілуде.
Жиын барысында ауданаралық аурухананың балалар дәрігері Әсия Жәдігерқызы жаңа аурухана пайдалануға берілгенде толық жетілдірілген медициналық құралдармен жабдықталғандығына алғысын білдірді. Сөз арасында халық қалаулыларына аудандық емхана тар екенін айтып, жаңадан ғимарат тұрғызуға атсалысуларын сұрады.
Жұмыс сапары барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары “Nur Otan” партиясы аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА