Көрермен көзайымына айналған
«Ел іші – өнер кеніші». Үлкен қалалар мен облыс орталықтарындағыдай мәдени ошақ – театрлары жоқ тұрғындар қажеттілін қанағаттандыру мақсатында жұмыс істеп, ел ішіндегі тума таланттардың басын біріктіріп, көркемөнерпаздардың өз күшімен құрылған халық театрларының бірегейі Қазалы қалалық мәдениет үйінде жұмыс істейді. Алғаш 1992 жылы драма үйірмесі болып жұмысын бастаған ұжым кәсіби театр болмаса да, өнер көрігін шағын топпен қыздырып келеді. Драма үйірмесін мәдениет үйінің әдіскері Серік Пірімбаев жүргізеді. Олар көп уақыт өтпей-ақ облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленеді.
Драма үйірмесі «Халықтық ұжым» атағын алу үшін көптеген қойылымдар дайындайды. Д.Исабековтың «Әпке», С.Суханбердиннің «Шындық», «Сәлденің сыры», Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі», Д.Исабековтың «Есепшот, түйетауық және Домино», Р.Шотбаеваның «Құйынбайдың құдалары» атты пьесаларын сахналанады. Олардың қатарындағы С.Суханбердиннің «Сәлденің сыры» атты бір перделі, екі көріністі пьесасы жоғары бағаланады.
Репертуары түрлі тақырыптық театрландырылған көрініс, пьеса, спектакль, әдеби музыкалық кештермен толыққан топты бүгінде ауданнан өзге облыс жұртшылығы да жақсы таниды.
Халық театры 2017 жылы көркемдік жетекшісі және өнерпаздарының ұйымдастыруымен Ө.Боранбаевтың «Бәрінен де күшті қорқақ көжек» атты ертегісімен балаларды қуантады. Ұжым 2018 жылы «Қаламы қарымды Қалтай» атты драматург Қ.Мұхамеджановтың 90 жылдығына арналған халық театрлары мен драма ұжымдарының облыстық байқауына қатысып, марапатталады.
2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” атты мақаласына орай, Сырлыбайхан Шабақұлының 200 жылдық мерейтойына арналған жазушы Әбдісаттар Оспановтың «Сырдың Сырлыбайы» атты екі актлі, үш көріністі пьесасын дайындап, халық ықыласына бөленеді.
2019 жылы жергілікті өнерпаздар ұжымы және Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің студентерімен бірлесіп Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» пьесасын, 2020 жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Жалағаш ауданының ұйымдастыруымен өткен «Абай әлемі» атты халық театрларының облыстық онлайн байқауына М.Әуезовтың «Абай» пьесасын қойды.
Қазіргі таңда халық театрының режиссері театр тынысын кеңітіп, актерлердің орындаушылық шеберлігін шыңдауда нәтижелі жұмысымен көрініп келеді. Режиссер Айгерім Асанова мен көркемдік жетекшісі Арнұр Әлжан түрлі жастағы өнерпаздармен С.Балғабаевтың «Жымбала, Мико және қасқыр» атты ертегісін сахнаға әзірлеген. Драмалық ұжым өткен жылы Мұхтар Әуезовтың «Абай», әл-Фараби туралы «Фараби ойы» спектакілімен көрерменін қауыштырып, қоржындарын толықтырған.
«Біз үшін әр қойылым – бір өмір. Оларды оқу басқа да, сахналау басқа дүние. Осы жолда ұжым талмай талаптанып, ізденісін жаңартып отырады. Дайындаған дүниеміз халық жүрегіне жол тапса, бұл біз жеткен меже, атқарылған жұмыстың ақталғаны», –дейді Айгерім Асанова.
Еңбегі елеуге тұрарлық ұжым жыл сайын жас буын, жаңа репертуармен толығып келеді. Бұл мақсатқа тәжірибелерімен күш біріктіріп, көрермен көзайымына айналған халық театрлары әлі де талай межеден көрінері анық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА