Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенеден келер қауіп көп

Кенеден келер қауіп көп

Қырым Конго геморрагиялық қызбасы – адамды ауру кене шаққан кезде жұғатын вирустық ауру. Аурудың қоздырғышы табиғи ортада кенелердің, жануарлардың (ешкі,қой, сиыр, жылқы) ағзасында болады.

Аталған ауруды тудыратын иксод кенелері жылы қанды организмнің қанымен қоректенетін болғандықтан, адамдар мен жануарларға аса қауіпті жұқпалы ауру жұқтырып, зиянын тигізуде. Кене адам ағзасының температурасын 100 метр қашықтықта сезеді, жүру жылдамдығы 5-7см/с, қоректенуі тәулігіне – 200 мг. қан, ал қорексіз кене бірнеше жыл тіршілік етеді. Кенелер қора-жайларда, қи қоқыста, құс ұясында, тышқан інінде, өсімдік түбінде болады. Аналығы 5-18 мыңға жуық жұмыртқалайды. Кенелер жұқпалы індет вирустарын 25 ай сақтайды. Алғаш рет бұл індет 1944 жылы Қырымда шөп шабумен айналысқан тұрғындар арасында тіркелген, бұл инфекция қоздырғышын 1945 жылы М.Чумаков анықтаған. Ал 1956 жылы Африкада (Конго) Қырым қызбасына ұқсас індет тіркелген және алғашқы анықталған вируспен жақындығы дәлелденген. Сондықтан осындай ауруды Қырым Конго қызбасы деп атау ұсынылған.
Қырым Конго геморрагиялық қызбасы ересек адамдармен қатар балалар мен жасөспірімдер арасында да жиі кездеседі. Ауылдарда балалар мен жасөспірімдер үй шаруашылығымен (мал, қора тазалау, шөп жинау, мал бағу) айналысып, кенеден қорғануға немқұрайлы қарап, өз денсаулықтарына қауіп туғызуы жиі кездеседі және өлім жағдайына да әкелуде.
Бұл ауру адамдар табиғи ошақта болғанда кене шағу арқылы, көбіне науқастар мал қырқымы кезінде кездейсоқ кенелерді езіп жіберу немесе қайшымен қиып жіберу кезінде кененің ішіндегі биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы, малдың үстіндегі кенені жалаң қолмен жұлғанда,мал сою кезінде, оны жіліктегенде және медицина қызметкерлері «апаттық жағдайда» (қолғаптың тесілуі), науқастың қаны медициналық манипуляция кезінде теріге немесе көзге, ауызға тиген жағдайда жұқтырып алуы мүмкін.
Қырым қанды безгегін жұқтырған науқастар аса қауіпті. Кене сілекейі арқылы адамға жұққан вирустар қанда өте жылдам көбейеді. Бірінші кезеңде адамның ыстығы 39-40 градустан асып, басы ауырып, денесі түршігіп, кейде қалшылдап, беті мен адамның шырышты қабыршықтары қызарады. Адамның дәрмені құрып, бұлшық еттері ауырып, буындары қақсап, жүрегі айнып, құсады. 2-4 күннен кейін кеселдің геморрагиялық (қанды)кезеңі басталады. Науқастың жағдайы күрт нашарлап, шырышты қабыршақтары мен терілерінің кейбір жерлері қанталап, бөртіп, қызыл дақтанып кетеді. Лейкоциттер мен тромбоциттердің санының күрт азаюына байланысты адам ағзасының ауруға төзімділігінің жойылуы және қан тамырларының жарақаттануынан қанталау мен қан ағу белгілері байқалады. Адамның мұрнынан, тістерінің қызыл еттерінен, кене шаққан жерлерінен қан ағады. Іші өтіп, бауыры ауырады, сары аурудың белгілерін береді. Осы аққан қандағы көкала қоздырғыштары айналасындағылар үшін қауіпті болып табылады. Сонымен қатар ауырғандардың өлімі 50-70 пайызға дейін жетеді.
Жануарларда бұл ауру симптомсыз, белгісі жоқ, жеңіл түрде өтеді. Аталған індет мамыр, маусым және шілде айларында өршиді. Оған себеп, жартылай шөлді және шөлді аймақтарда «көкала» ауруын таратушы кенелер тіршілікке наурыз айында шығады да, қыркүйекке дейін белсенді өмір сүріп, өсіп өнеді. Кене шаққан жағдайда немесе денеңізге жабысқанын көрсеңіз, дереу медициналық көмекке жүгініңіз. Ол адамды жергілікті медициналық мекеме 14 күнге дене қызуын өлшеп, бақылауға алады. Егер осы бақылау кезінде дене қызу көтеріліп, аурудың алғашқы белгілері басталса, дереу аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жолданып, науқасқа арнайы ем жүргізіледі. Табиғатқа шығар алдында сырт киімдеріңізге репелленттер (кенелерді үркітетін аэрозольдар) сеуіп алыңыз; Ашық түсті киім киіңіз, сол кезде киімге жабысқан кене бірден көзге түседі; Шалбардың балағын етікке немесе шұлыққа салу, ұзын жеңді, жеңінде резинасы бар киім кию, жағасы жоғары түймеленетін, капюшоны бар киімдер кию қажет. Демалу үшін ашық, күн көзі тікелей түсетін жерді таңдаңыз, сол жерден өзіңіз көлеңке жасап алыңыз. Үйге кірер алдында киімдеріңізді, денеңізді түгелдей кенеге қарап шығыңыз және жаныңыздағы адамдардың денесінде кененің бар жоғын жиі тексеріп отырыңыз. Мал басын, мал қораны, ауланы қоқыстардан тазалау, көктем және күз айларында кенеге қарсы өңдеу шараларын жүргізу қажет.

Г.Жұбандықова
Қазалы аудандық СЭББ бас маманы

16 сәуір 2022 ж. 1 455 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930