Мамандығың маңызды
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде мектеп директорларының бағдарлы оқыту ісі жөніндегі орынбасарларының қатысуымен «Мың мамандық бәрі бар, бірін таңдап, бірін ал!» тақырыбында семинар өтті.
Семинар барысында колледжде оқытылатын жаңа мамандықтардың түрлері мен оқу орнының материалдық-техникалық базасы таныстырылды. Заман талабына сай жабдықталған мекеменің әлеуеті мықты, келешегі зор. Қаншама кәсіби мамандар даярланып, жаһандану дәуіріне аяқ басқан қажеттіліктерді дөп басуда. Әсіресе, өңірдегі жастарды жұмыспен қамту, кәсіпке бейімдеу барысында оқу орнының ықпалы ерекше. Колледждің оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасарлары Гүлнәр Күзембаева мен Серік Нұралы колледждің техникалық базасы, оқу кабинеттері, кітапханасы, акт залы, асханасы, шеберханасы туралы мағлұматтар беріп, 2021-2022 оқу жылында колледжде оқытылып жатқан мамандықтар, дәріс беретін мұғалімдер мен шеберлер туралы жан-жақты таныстырды. Колледж туралы дайындалған видеороликтер көрсетілді. Студенттері өздері оқитын мамандықтарын жақсы игеріп жатқанын, практикаға шығатынын, білім сапасын талап ететінін, тәртіп барын, шәкіртақы алатынына тоқталып өтті.
Оқу орнының материалдық-техникалық базасы қазіргі заман талабына сай жаңа ақпараттық құралдармен, компьютерлермен, интерактивті тақталармен қамтамасыз етілген. Колледде 810 орындық оқу корпусы, 100 орындық асхана, 100 орындық жатақхана, жазғы спорт алаңы, оқу-жаттығу залы, фитнес клуб және жылыжай бар.Мамандықты оқытуға арналған 36 оқу кабинеті бар. Оның ішінде 18 арнаулы пән (замануи құрылғылармен жабдықталған 6 арнайы пән) кабинеттері, 14 жалпы білім беретін пән кабинеттері, 10 шеберхана, 10 зертхана және 3 оқу жаттығу полигоны, 150 орындық мәдени орталық, 100 орындық ғылыми-әдістемелік орталық, 20 мыңға жуық кітап қоры және 10 орынды электронды кітапхана бар. Колледж 2018 жылы институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өткен. 2020 жылы республикалық «Жас маман» жобасына қатысып, 180 колледждің қатарына енгізілген оқу орны. Мұнда 21 мамандық 48 біліктілік бойынша оқытылады.
Қатысушылар колледж бен ондағы мамандықтар туралы ақпараттармен толық танысты. Семинарды колледж директоры Болатбек Ахметов қорытындылап, алдағы уақытта мектептер мен оқу орны арасында тығыз байланыс болатындығына сенім білдірді.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ