Құмалақшы құрбы
– Анау үй, соңғы рет Гүлнұр әпкемнің кіші баласы үйленерде келгенбіз.
– Еее, ол кезде не үшін келдіңдер. Бұлар жоқты таппайтын ба еді?
– Ештеңе жоғалтпады. Келетін келіннің кім екенін, әке-шешесі қандай адамдар білмек болған.
– Қойшы, тегі. Адамның өткен-кеткенін бағдарлайтындай көріпкел емес шығар?
– Менің құрбым біледі деймін, турасын айтады. Болашақты көріп отқанда, өткенді біліп беру сөз емес ғой.
– Не дейді құрысын...
– Еее, ол кезде не үшін келдіңдер. Бұлар жоқты таппайтын ба еді?
– Ештеңе жоғалтпады. Келетін келіннің кім екенін, әке-шешесі қандай адамдар білмек болған.
– Қойшы, тегі. Адамның өткен-кеткенін бағдарлайтындай көріпкел емес шығар?
– Менің құрбым біледі деймін, турасын айтады. Болашақты көріп отқанда, өткенді біліп беру сөз емес ғой.
– Не дейді құрысын...
Екеудің әңгімесі осылай аяқсыз қалды. Діттіген жерге жетіп, есікті ақырын ішке итерді. Үйдің іші тым-тырыс. Кезек күтіп қаламыз деп таң сәріден шыққан бұлар бүгінгі келушілердің алды өздері екенін аңғарды. Үйге әлдекімнің кіргенін аңғарса керек, ішкі бөлмеден ер адам шықты.
– Айнаш қызым амансыңдар ма, келіңдер.
– Сәлеметсіз бе, аға, Бақытқа келіп едік.
– Жүріңдер, – деп ер адам алға түсті. Екеуі еріп келеді. Бұрын-соңды келіп жүргенін байқатып, Айнаш: «Жаңа теледидар алған сияқты», – деп сыбыр ете қалды. Толқын иығын қайқаң еткізді. Бұнысы «мен қайдан білейін, бірінші келуім» дегеннің қимылмен жауап берген нұсқасы. Ер адам оң жақтағы бөлмені нұсқады. Ешкім жоқ, екеуі төрге жайылған көрпеге жайғасты. Толқын құмалақшы құдды ішкі ойын сезіп қоярдай қуыстанып отыр. Балгер, көріпкел, құмалақшы дегендерге атымен сенбейді. Сыныптасы қолқалап қоймаған соң еріп келді. Бір жағы не дейтіні қызық көрінді. Ішкі ойымен арпалысып отқанда, аппақ болып киінген әйел адам кіріп келді. Орнынан қалай ұшып тұрғанын байқамай қалды.
– Отыра беріңіз, – деп бұларға жапсарлай төселген төсекке отырды. Айнашпен құмалақшы құрбысымен емен-жарқын сөйлесіп отыр. Ананы-мынаны сұрап, шүйіркелесіп қалды. Аузы сөзде, қолы істе. Лезде ақ матасын жайып, уысын толтыра ұстаған құмалақты қойып, олай-былай араластырды. Толқын құмалақшының әр іс-қимылын аңдып отыр. Бажайлап қарады. Жас шамасы өзі құралпы. Балшы-балгер дегендер жасы үлкен болушы еді. Мынауың өрімдей жас ғой. Көкейіне «Бұл не біледі екен» деген күмән келді.
– Иә, не дейсіздер? Қандай ой мазалайды? – деп басын көтерді.
– Сыныптасым ғой жақында жаңа жұмысқа ауыспақшы. Соған енді жаңа ортада жағдай қалай болар екен деп... Жалпы, болашағын айтып берсең, – деп Айнаш әңгіменің шетін шығарды. Құмалақшы қыз басын изеп, іске кірісіп кетті. Толқынның көзіне тік қарап, атын сұрады. Тағы бірнеше сұрақ қойды. Жанары сұсты екен, өңменінен өтіп барады. Ақ жаймаға үңіліп, топтасып тұрған құмалақтарды бөлікке бөлді. Күмбірлеп отыр. Толқын бірдеңе естіп қалам ба деп, құлағын түре қойды. Алайда мардымды ештеңе ести алмады. 3-4 минуттық үнсіздіктен кейін: «Өкшең көтеріліп тұр, жуырда жолға шығасың. Бір жерге бармақшысың ба?» деп төтесінен сұрақ қойғанда Толқын тосылып қалды. Бұның жауабын күтпестен балшы болашақты болжай берді. Айтуынша, жаңа жұмысы сәттілік әкеледі екен. Көп ұзамай әріптестерінің арасынан өмірілік серігін кезіктіретін көрінеді. Төрт-бес айдың көлемінде келін атанбақшы. Көңілі көтеріліп, бір серпіліп қалды. Қиял әлемінде отырғанда құрбысы Айнаш бүйірінен түртіп, тәтті түстің быт-шытын шығарды. Әлденені ымдайды. Аңтарылып қалған бұған көзімен көрпенің жиегін көрсетті. Енді есіне түсті. Ақы қалдыруды ұмытып барады екен. Дереу ыңғайлы болсын деп алдын ала дайындап, сырт киімінің қалтасына салған ақшаны көрпенің астына шетін шығарып қоя қойды.
Бұл оқиғадан кейін арада жыл өтті. Әріптесімен бас қосамын деген Толқын әлі жалғыз. Жаңа жұмысы жаман болмады, дегенмен, «өкшесі көтеріліп», жолға шықпапты. Ал сыныптасы Айнаш әр кезіккен сайын құмалақшы құрбысы туралы аузының суы құрып әңгімелейді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА