Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітапхана – ақыл мен білім ордасы

Кітапхана – ақыл мен білім ордасы

Таңертеңмен жұмысқа жиналып жатқан мені көріп, жиенім де киіне бастады. Бірінші тоқсанды тәмамдап, демалысқа шыққан соң ата-әжесіне келді ғой. «Бұл қайда барғалы жатыр» деп ойланып тұрғанымды байқап қалса керек: «Тәте, кітапханаға барамын», – деді. Ішім жылып қалды. Жол бойы әңгімесін айтты. Бірнеше кітап оқыпты. Жаттаған шумақтары да бар.
– Кітапханада кітап көп. Ертегі кітап, өлеңдер, қызықты әңгімелер бәрі бар. Сіз неше кітап барын білесіз бе, тәте? – деп сұраулы жүзбен қарады.
– Жүр, бірге білейік, – деп жиенімді жетектеп кітапханаға бас сұқтым.
Қалалық мәдениет үйінің екінші қабатына көтеріліп, балалар кітапханасына кірдік. Кітапханашы апайлар жылы шыраймен қарсы алды. Әңгімелесе келе, кітапхананың тарихы тереңде жатқанын аңғардық.
Қалалық балалар кітапханасы 1945 жылы ашылып, алғашқы кезде 3000 кітап қорымен оқырман қабылдады. Сол жылдары М.Горький атындағы №16 орыс және Ғ.Мұратбаев атындағы №17 қазақ мектебінің жас жеткіншектерін рухани білім алу үшін кітапханаға оқырман ретінде тартты. Кітапхананың негізгі міндеті – балаларға арналған көркемсуретті кітапшалармен, әртүрлі ойын түріндегі бағытта жұмыс жүргізіп, оқырманның көңіл көзін ашып, оларға рухани азық беру.
1952-1964 жылдар аралығында Жәкеш Төлепова кітапхананың меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1961 жылы КПСС ХХІІ съезі қарсаңында жарияланған Республикалық қоғамдық байқау шарттарын ойдағыдай орындағаны үшін Қазақ ССР Мәдениет министрі Л.Ғалымжанованың бұйрығымен Қазақ Мәдениет министрлігі және Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті Қазалы қалалық балалар кітапханасына «Үлгілі кітапхана» деген атақ беріп, дипломмен наградтады. Бұл – үлкен жетістік, мерейлі мақтаныш. Әр жылдары Ұлы Отан соғысының ардагері Сара Тәжібаева, Талшын Жұбаниязова, Айшолпан Мырзағұлова, Айсара Қожақ кітапхана меңгерушісі болды.
Қазіргі таңда кітапхананы Толқын Мырзалиева басқарады. Кітапхана қорында 28220 кітап бар. Және жыл бойына 2000 оқырманды қамтиды. Бұнда оқу залы, абонемент және сақтау қоры бөлімдері бар. Кітапханашылар Қазына Садирова мен Эльмира Шамет оқырмандар сұранысына сай жұмыс жасап, көптің көңілінен шығуда. Балалар кітапханасында оқырмандар жанынан құрылған «Қарлығаш» балалар шығармашылығы бірлестігі қолөнер бұйымдарын жасау, тігу, тоқу, сурет салу, көркемсөз оқу және жас ақындардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында жұмыс істейді. Әр сала бойынша түрлі іс-шаралар өткізіп, оқырмандарды кітапты сүюге, оқуға қызығушылығын арттырады.
Өлкетану әдебиеттерін насихаттау барысында Қазақстан Журналистер Одағының лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы, жазушы Әлмәмбет Әлішевтің 80 жасқа толуына орай жазушының «Батыр болып тумайды» атты повесінен оқушылар конференциясы өтті. Кеште №16 мектеп-лицей шәкірттері Нұрила Тастыбай, Сұлушаш Махашова, Әйгерім Ідіріс, Салтанат Ерсайын, Әйгерім Зұлқарнай, Ұлдана Әмірхан, Ақбота Жұмабай, Меруерт Сауытбек, Аяла Жүсіпбек және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысып, шығарманың басты кейіпкері Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевтың өмір жолы мен ерліктерін талдап, шығарманы ашуға атсалысты. Жиналғандар «Қазалының бәйтерегі, ақсұңқары» атты кітап көрмесін тамашалады.
– Қасиетті Қазалы жерінің тарихында өлең өлкесін аралап, өзіндік өрнек салып кеткен жыр майталмандары көп-ақ. Солардың ішінде, айбынды жырымен, шынайы болмысымен, терең философиялық ой-орамдарымен дараланып тұратын ақын – Рүстем Жанай. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Шапағат» медалінің иегері, ақын Рүстем Жанаевтың туғанына 75 жыл толуына орай «Елінің еркесі еді, ерен біткен» атты мәнерлеп оқуға М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің 6-7-8 сынып оқушылары қатысып, ақынның өмір жолымен және шығармашылығымен танысты. «Ақын жүрегінің жылуы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Өмір парақтары» атты ой-парақтарын пән мұғалімдері талдап, шараның мәнін аша түсті.
Біз білім ордалары және ұстаздармен тығыз байланыстамыз. Кітапханаға келушілер қарасы үзілмейді. Балаларға арналған көптеген қызықты кітаптар бар. Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға еңбек етудеміз, – дейді кітапхана меңгерушісі Толқын Ділдәбекқызы.
ҰлболсынТАЛАПБАЕВА
02 қараша 2019 ж. 2 844 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 84

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930