Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Уақыттың білмей бағасын...

Уақыттың білмей бағасын...

Бұған дейін әр аймақтағы уақыттың арасындағы үлкен айырмашылықтың нендей мақсатқа сүйеніп бекітілгенін аса түсіне бермеуші едік. Әйтеуір, мектепте Қазақстандағы өңірлер бесінші, алтыншы уақыт белдеуінде жатқанын ұмытпаппыз. Дегенмен тиісті заңға өзгеріс енгізіліп, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облысы ІV, ал қалған өңірлер V уақыт белдеуіне орналастырылған. Билік мұның барлығы «облыстарда жұмыстарды жеңілдету, еліміздің бірыңғай энергожүйесінің жұмысының тиянақтылығын қамтамасыз ету, телеқатынас жүйелерінің ішкі және сыртқы көлік жүк тасымалының үйлесімділігі үшін жасалды деп түсіндіреді. Осындай желеумен Қызылорда облысының Батыс уақыт белдеуіне ауысқанына биыл үш жыл толады. Уақытқа байланысты өзгеріс жасауға шын мәнінде не түрткі болды? Жергілікті халық қалай қабылдады? Мұның адам денсаулығына пайда-зияны қандай? Осы сұрақтарға ­жауап іздеп көрелік.

Белдеу туралы білім
Ең алдымен уақыт белдеуінің не екенін ұғынып алған жөн. Ғаламшар өз осі төңірегінде үздіксіз айналатындықтан кез келген адамның санасы ұғына бермейтін ғажайыптар болады. Мәселен, Испанияда күн жап-жарық болса, Америка континентінде күн «ұясынан» шығып үлгермейді. Сондықтан, тіршілікте тыным таппайтын адамзатқа осы айырмашылықтарды ескермеу мүмкін емес. Уақыт белдеулері дәл осы себепті пайда болған.
Уақыт белдеулері планетаны 24 бөлікке бөлу арқылы негізгі меридианды тірек нүктесі ретінде қолданалады. Меридиан мәтіндерін координаталық картадан табуға болады. Бұл уақытты ұйымдастыруға, әлемнің әр түкпіріндегі күннің қозғалысын бақылауға көмектесетін пайдалы ресурс. Ғалымдардың тілімен айтсақ, әр уақыт белдеуі 15 градусты құрайды. Бұл жер шарын 360 градусқа бөлу үшін 24 секция бар дегенді білдіреді. Оның әрқайсысы Жердің өз осінде айналуы үшін қажет сағаттың жобасын көрсетеді. Егер бұл болмағанда адамдар сөздігінде «ойлануға уақыт керек», «уақытым жоқ» деген тіркестер болмайтын ба еді, кім білсін?! Біздің жағдайымызда ғаламшардағы әрбір уақыт белдеуінде өлшенетін 15 градус бір сағатқа сәйкес келеді. Осылайша, жер бөлінген 24 учаске тәуліктегі 24 сағаттың пайда болуына алып келді.

Көз ілінді, таң атты
Көрші ресейлік уақыт белдеуін зерттеумен айналысатын ғалымдар жазушы Макс Фрайдың: «Бәрінен де сорақысы – көз іліне кеткеннен кейінгі әп-сәтте азапты таңның атуы. Сол себепті алдымен балабақшаны, сосын мектепті жек көрдім. Рас, толық екі жыл бойы екінші ауысымда оқуға мүмкіндік болды. Осы екі жылда мен үлгерімі үздік оқушы болдым. Бұдан кейін кейіпкерім сэр Джуффин Халлиді кездестіргенше ешқашан үздіктер қатарынан көріне алмадым», – деген үзік сырынан жатқа білетін көрінеді. Осы жазбадан-ақ жергілікті жердегі уақыттың белдеуге дұрыс сәйкестендірілгені оның денсаулығына, көңіл-күйі мен жетістігіне әсер ететінін байқауға болады-мыс.
Ғылым мен әдебиетке тиісті хронотип деген ұғым бар. Мұны ғалымдар кеңістік пен уақыт координаталарының тұрақты байланысы деп түсіндіреді. Кеш хронотипі бар адамдар әлеуметтік ортадағы өмірге нашар бейімделеді. Бұл балалар мектепке барғанда және оқу кестесіне бейімделуге мәжбүр болған кезде айқын көрінеді. Кеш хронотипке жататын балалар мен жасөспірімдер оқу аптасында үнемі ұйқыдан қиындық көреді. Биологиялық сағатына сәйкес кеш жатып, сабаққа кешігіп қалмас үшін таңертең ерте тұруға мәжбүр. Олардың интеллектуалдық белсенділігінің шыңы тек күннің екінші жартысында болады. Сондықтан алғашқы сабақтарда олар жаңа ақпаратты әрең қабылдайды. Ал уақыт белдеуі нақ қойылған мекеннің оқушылары кешке ерте ұйықтайды, таңертең ерте тұрады, сондықтан жаңа ақпаратты қабылдауға толық дайындықпен келеді. Сондай-ақ мектептегі және демалыс күндеріндегі ұйқысы мен ояну тәртібі бірдей.
Кеш хронотипі бар балалар мен жасөспірімдер демалыс күндері ұзағырақ ұйықтау арқылы оқу аптасында жинақталған ұйқы қарызын өтейді. Нәтижесінде, бала «үкілерде» оқу күндері мен демалыстағы ұйқы фазасының арасы айтарлықтай алшақтайды. Ұйқы-ояну ырғағының бұл тұрақсыздығы хронобиологияда «әлеуметтік жетлаг» деп аталатын десинхроноздың бір түрі екенін қарапайым тұрғындар біле бермейді.
Неміс зерттеушісі Силке Сондермайер жүргізген диссертациялық жұмысында екінші сағат белдеуінің батыс шекарасына жақын жерде тұратын мектеп оқушыларының жол қозғалысы салдарынан денсаулығына зиян келгені айтылады. Зерттеуге сай батыстықтар ұшыраған таңғы уақыттағы жол-көлік оқиғаларының саны шығыс шекара маңындағы құрдастарымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бұл айырмашылықтардың негізгі себебі ретінде Германияның батыс жерінде күн шығыс жаққа қарағанда 40 минут кеш шығуын көрсеткен.
Адамның күш-жігері күнге бейімделгендіктен күн ұясынан шықпай тұрып ояну ұйқының қанбауына және таңертеңгі сергектіктің төмендеуіне әкеледі. Сәйкесінше әлемдік ғалымдар кеш хронотипі бар балалар мен жасөспірімдердің депрессияға, девианттық мінез-құлыққа, агрессияға бейім, стимуляторларды, соның ішінде есірткіні қолдануға және суицидке бейім болатына сендіреді. Қызылорда облысындағы уақыт белдеуін өзгертуді ұсынған, зерттеуші Болат Нұрғожаевтың да айтып жүргені осы еді.

Суицидтің себебі – уақыт белдеуі деп еді...
Қызылорда қаласының тұрғыны, зерттеуші Болат Нұрғожаев уақыттан озамын деген адам өмірден озатынын айтады. Сөзіне сенсек, уақыт белдеуін өзгерту туралы мәселе көтергенде «мынаның есі дұрыс емес» дегендер де болған. Бірақ ақырында зерттеуші өз-өзіне қол салушылар санының көбеюі тап осы белдеуге байланысты екенін дәлелдей алған жалғыз адам еді.
– Менің бұл мәселемен толық 4 жыл бойы айналысуыма Қызылорда облысы неге суицидтен ҚР бойынша 1-орында деген түрткі болды. Суицидтың себебін білу барысында бірден Уақыт өлшемінің дұрыс болмауы салдарына, оны бұзу неге соқтыратынына тап болдым. Ары қарай қазбалай бастағанда онкология, диабет, ЖҚТ аурулары, тіпті бедеулік пен белсіздік, яғни репродукциялық қабілеттілікке әсері проблемалары шықты. Сөйтіп 4 жыл күнделікті жаңа етек жайып келе жатқан хрономедицина, хронобиология, сомнология саласына еніп кеттім, – дейді Б.Нұрғожаев.
Уақыт өзгерген тұста қызылордалықтар 13 жылда бұрынғы белдеу айырмашылығына үйренісіп қалдық деген пікірді жиі айтты. Тіпті 88 жылғы декреттік уақыт та күнделікті өмір салтына айналып кеткенін айтып, қарсы келгендер болды. Эволюциямен 2 миллиардтан аса жыл қалыптасқан циркадтық ритмдерді бұзуға 100 жылда үйреністік деу Нобель сыйлығына лайық «жаңалық» секілді. Азаматтық белсенді жұрттың ауруға ұшырауы, оған гендік бейімділік тудыруы мүмкін екенін, бірақ үйренісе алмайтынын айтады. Бұл адам биологиясына, физиологиясына, тіпті табиғаттың өзіне қайшы нәрсе.
Ресей ғалымдары В.Анисимов, В.Ковальзон, С.Рапопорт, М.Бланк, В.Добронравов, В.Апрельев, шет елдік Ю.Ашшоф, М.Янг, Ш.Линде, тағы басқа көптеген ғалымдардың зерттеу нәтижесі уақыт белдеуін дұрыс қолданбау онкология, ЖҚТ (инфаркт, инсульт), диабет, семіздік, репродукциялық қабілеттілік (белсіздік, бедеулік), баланың дұрыс бітпеуі, түсік тастау, бүйрек жетіспеушілігі, ұйқы бұзылуы ауруларына, яғни ең қауіпті созылмалы ауруларды өршітетін, тіпті жаңа ауруларды тудыратынын көрсетіп отыр. Метью Уолкер “әлемді ұйқы бұзылу эпидемиясы жайлады” деп әлем елдері Үкіметтерін бұған аса мән беруге шақырады.
Қазіргі таңда Циркадтық ритмді, оның механизмін, мелатонин түзілуін бұзу тек қана ауру емес ол интеллект, есте сақтау, иммунитет, қартаюды тежеу, еңбекке қабілеттілік, өмір сүру ұзақтығына бірден бір әсер ететін, тіпті жол көлік оқиғалары мен авиация мен медицинадағы қателіктерге соқтыртын фактор екені дәлелденіп отыр.
– Циркадтық ритм бұзылуы, яғни күн мен түн ауысу уақытынан елеулі ауытқу десинхронозға, ол өз кезегінде созылмалы шаршау синдромына (синдром хронической усталости), салдары ерте мүгедектікке, ерте өлімге соқтыратынына әлемдегі ешқандай ғалым шүбә келтіре алмайды. Белдеулік уақыттан озу, одан туындайтын десинхроноз (джетлаг) ең бірінші ұйқы бұзылуына соқтыратыны дәлелденген. Одан ең зардап шегетін кімдер? Қыстың күні миы әлі оянбаған, сабаққа мәжбүрлеп тұрғызылатын балалар, жасөспірімдер, сосын егде кісілер..., – дейді Б.Нұрғожаев.
Қалай болғанда да, зерттеушінің ұсыныс басшылықтан қолдау тауып, қызылордалықтар үшінші жыл жаңа кесетемен өмір сүріп жатыр. Алайда ұйқы режимін белдеуге сай барлығы реттеп үлгерді деу әбестіктен басқа ештеңе емес. Деннің саулығы ұйқының тұрақтылығына тікелей байланысты екенін ескерген жан ұтылмайды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
25 желтоқсан 2021 ж. 446 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 23

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 25

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 23

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 20

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031