Жаңа жинақ жол тартты
Сырбойылық жас ақындардың ұсынысына сәйкес облыстық мәслихат депутаты, «Сыр үміті» жастар қауымдастығының төрағасы Мағжан Ералиевтің демеушілігімен «Сыр сандық» атты антология жарыққа шықты. Өлең өлкесінде жақсы қырынан танылып, оқырман қауымға жырдан жақұт шашып жүрген 70 ақынның өлеңі енген жинақтың тұсаукесері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттер сарайында ұйымдастырылды.
Әдеби-танымдық іс-шараны ақындар қазалылық Ақжол Түменбай мен аралдық Айдар Сайлауов жүргізді. Кітаптың тұсаукесерінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Қазақ тілі әдебиеті және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Шанжархан Бекмағамбетов пен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шәкизада Әбдікәрімов құттықтау сөз сөйледі.
– Қазір қазақ жыры мағыналық жағынан да, пішіндік құбылуы жөнінен де мықты. Талай елде болып, ақындардың басқосуларын көрдім. Солармен салыстырар болсақ, біздің қазақ ақындарының өлеңдері жоғары сапаға ие. Мұны жастар поэзиясынан да аңғаруға болады. Ал жастардың бір-бірін қолдап, демеп жүруі өте жақсы іс. Мағжан Ералиевтің өзі секілді жастарға, оның ішінде ақындарға сый жасап, өлеңдерін жинақтап, антология шығарып беруін қай қырынан мақтасақ та жарасады. Сыр ақындары антологиясына өлеңдері енген ақындар енді жауапкершілікті терең сезініп, бүгінгіден де жақсы жазуға тырысуы керек, ізденуі қажет, – деді Шәкизада Әбдікәрімов.
Аға буын өкілдерінің лебізін айтыскер ақын Серік Ыдырысов пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстар жөніндегі проректоры Жандос Базартай жалғап, кітаптың жарыққа шығуына қолдау көрсеткен, атсалысқан азаматтардың бәріне алғаусыз алғыстарын айтты.
Өлеңсүйер қауым асыға күткен іс-шарада Ұлықбек Бекұзақұлы, Бекжан Ержігіт, Бақытәлі Жамбыл, Асқар Әли, Назар Бекарыс бастаған ақындар өлең оқыды. Жас ақындардың шабыттанып, тебірене оқыған өлеңдерінен рухани ләззат алған оқырман қауымның жырға шөліркегені аңғарылды. Ақын арулар Аружан Оралбай, Дина Бөкебай және Сымбат Сұлтанның сахна төрінен тыңдарман қауымға ұсынған сырға толы сыршыл өлеңдеріне көпшіліктің қошеметі ерекше болды. Басқосуда өңір ақындарын қолдап, шығармашылығын белсене насихаттап жүрген Т.Меңдібай мен Ж.Бимұратқызы кітаптың тұсаукесері әдеби қауым үшін тарихи жаңалық екенін алға тартып, жастардың жанашыры М.Ералиевке алғыс айтып, естелік сыйлық табыстады.
Атап өту керек, «Сыр сандық» атауымен жарыққа шыққан кітапта аймақтағы орта буын және жас ақындардың жырлары топтастырылған. Өлеңдер ақындардың рұқсатымен жеке қорынан алынып, баспаға ұсынылған. Кітаптың басты демеушісі әрі идея авторы Мағжан Ералиевтің айтуынша, поэзия кештерінің жастарға берері мол әрі әдеби іс-шаралардың, әдебиетті қолдаудың елді қоғамдық саяси, рухани-мәдени тұрғыда дамыту үшін маңызы зор.
– Елбасы мен Мемлекет басшысынан бастап ақындарды қолдап, олардың шығармашылығын насихаттауға көп көңіл бөлінуде. Бұл игі іс аймағымызда да облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Сол жұмыстардың дәстүрлі жалғасы болсын деген ниетте, ақындар өлеңдерін топтастырып, антология құрастырдық. Жалпы, сырбойылық ақындар облыс орталығынан бөлек аудандарда да поэзия кештерін өткізіп келеді. Араға ұзақ уақыт салып, қайта жаңғырған поэзия кештері алғашында облыстық Жастар ресурстық орталығында және Қорқыт ата атындағы университетінде өткізілген еді. Кейін аудандарда жалғасып, өнер көшінің сапары жемісті болды. Сондай шаралардың бірінде ақындарды қолдау мақсатында жинақ шығарып беруге уәде еткен едім. Міне, сол істің бүгін мәресіне жетіп, аға буынның ақ тілегімен кітаптың тұсауын кесіп отырмыз. Өнерлі жастарды біріктіретін іс-шаралар ұйымдастырыла берсе деген тілек бар, – деді Мағжан Ералиев.
Аталған жинаққа аймақ ақындарымен қатар Қазалы ауданы ақындарының да шығармалары топтастырылған.
Айта кетерлігі, 206 беттік кітап «Ақмешіт баспа үйі» баспаханасында басылып, 500 данамен жарыққа шыққан.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат