Машақаты көп мамандық
Ел еңсесін тіктеп, дамудың алғашқы баспалдағын аттаған сәтте Қазақстанда мамандарды даярлау, жоғары білім беру ісі кенжелеп қалған емес. Алайда дипломы сандық түбінде сарғайғандардың қарасы қалыңдады. Яғни диплом қолда болғанымен, жұмыс іздеп тентіреп жүргендер қатары азаймады. Ал қазір ше?
Бүгінде барлығы бәз қалпында деп айтсақ артық болмас. Өйткені төртжылдық білім алғандардың бірсыпырасы ел асып, жат жерден жұмыс іздеп кетті. Мұндайда басты қателік мамандық таңдауда болып отыр. Ал қазір колледждерде білім беру бағдарламарының 80 процентке жуығы еңбек нарығы талаптарына сай емес.
Қандай мамандар тапшы?
Сонымен, статистиканы сөйлетсек, мемлекеттік колледждерде жабдықтардың шамамен 50 процентінің тозығы жеткен. Білім ордасын аяқтаған түлектің 60 пайызы өз мамандығымен жұмыс істемейді. Осы мәселеге қатысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегі жарияланған болатын. Онда бүгінде колледж бітіргендердің 60%-ы өзге саладан нәпақасын тауып жүргені айтылған. Одан қалды түлектердің 27%-ы бір жыл бойы жұмыс таппаған, ал алған біліктілігіне сәйкес тек 13%-ы жұмыс істейді. Білім беру бағдарламалары 80 проценті ескірген. Халықаралық сертификаттау бағдарламаларына қарағанда, колледж дипломдарына сұраныс аз көрінеді.
Қазақстанда негізінен құрылыс және өнеркәсіп секторларында жоғары санаттағы инженерлер сұранысқа ие. Мұны жылдан-жылға Қазақстанға осы мамандық бойынша шетелдік қызметкерлердің көбірек шақырылатынын дәлелдейді. Мысалы, өткен жылы шетелдерден 2,3 мың инженер және 1,7 мыңға жуық түрлі техник пен механик келген. Ал цифрландыру және технологияларды дамыту дәуірінде тиісінше IT саласындағы мамандарға да сұраныс артып келеді. Тек электронды еңбек биржасы алаңында жыл басынан бері осы салада 3 мыңға жуық бос жұмыс орны жарияланды. Шетелден маман алдырмай, өзіміздегі колледж түлектерін жұмысқа тартуда не кедергі?
Жалақы жайы ше?
Сұранысқа сай мамандық енгізіп, сапалы білім беру бағдарламасын жасаумен бұл саладағы түйткіл шешілмейді. Себебі қазір колледждерде 40 мыңға жуық педагог жұмыс істесе де, еңбек нарығы тағы 2,4 мың маманға зәру. «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, мектеп мұғалімдерінің жалақысы артып, жағдайы жақсарғанмен, колледж мұғалімінің еңбекақысы сол қалпы. Мектеп ұстаздарының жалақысы артқалы колледжден жұмыстан шығып, мектепке ауысқандар саны күрт өскен.
«2019 жылға дейін колледжде 5 жыл бойы 120 мың теңгеге жұмыс істедім. Былтыр мектепке ауыстым. Мектепте қазақ тілі және әдебиет пәнінен сабақ беремін. Алатын жалақым 200 мыңға жуық. Колледжде сабақ беру мектепке қарағанда жеңіл. Жалақысы жақсы болса, мектепке келмес едім», – дейді Айнұр Нұртазина есімді ұстаз.
Екінші, колледждердегі педагогтердің 30%-дан астамы – 55 жастан асқандар. Өйткені колледжге келген жас маманға кемі екі жыл мардымсыз жалақыға жұмыс істеуге тура келеді. Мәселен, 2020 жылы жұмысқа тұрған жас маман модератор болу үшін 2022 жылдың көктемінде ғана тест тапсыра алады. Сондықтан бұл салада жас мамандардың тапшылығы жалақы мәселесі жоғарыламаса шешілмейін деп тұр.
Заманауи жабдық жетіспейді
Колледждердегі білім сапасына әсер ететін тағы бір фактор – заманауи жабдықтардың жетіспеуі. Елде 770 колледж жұмыс істесе, оның 424-і мемлекеттік және 346-сы жекеменшік. Бүгінде 180 колледж ғана «Жас маман» жобасы аясында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ал кейбірінде баяғы жартас сол жартас. Тозығы жеткен жабдықтары шаң басып тұрғанын айтып қынжылатын колледж басшылары да бар. Мемлекеттік грантты ұтып алған студенттер оқу барысында осы күні өндірісте қолданылып жүрген жабдықтармен емес, өткен ғасырда жасалған көнерген технологиялармен танысады. Оларды басқаруды үйренгеннен не пайда? Көне технологиялардың тілін меңгерген колледж түлегі ертеңгі күні өндіріс орнындағы заманауи жабдықтармен қалай жұмыс істейді?
Францияда «Мектеп 42» деген оқу орны бар. 2 жыл оқытады, бірақ диплом бермейді. Тегін оқудан шығып қалған студент айыппұл төлейді. Оқып, сертификат алған түлекті жұмысқа алуға ірі компаниялар кезекке тұрады. Сол секілді бізде де 2021 жылдан 2025 жылға дейін барлық кәсіптік техникалық мамандықтар тегін оқытылады. Мектеп оқушысы 9-сыныптан кейін колледжде білім аламын десе, еш қиындықсыз оқуға қабылданады. Бірақ колледждердің әлеуметтік серіктестері мықты оқытушылардың біліктілігі жоғары болмаса, оқу орны соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталмаса, сол оқу орнын бітірген студентке сұраныс бола қоя ма? Мәселе осында...
Байыбына барсақ, ең әуелі елдегі мамандықтардың нарықта қаншалықты сұранысқа ие екенін анықтау маңызды. Себебі оқуды мақсат етіп, өзге жерге қоныстанған жастардың бірсыпырасы сонда тұрақтауда. Тіпті жат жерге бейімделіп, шет тілдерін еркін меңгеруде.
Айтпағым, озық кадрды даярламас бұрын әр мектеп бітіретін түлек мамандық таңдау мен нарық сұранысын қамтамасыз ету тұрғысынан зерттеулерге қатысып, қажетті ақпаратпен әуел бастан танысуы артық етпейді.
А.БАҚЫТҰЛЫ