Топтық төбелес тыйылмай тұр
«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты мен жастарға сенемін» дейді Мағжан Жұмабаев. Жастық қуат пен ішкі жалын бойын билеген елдің болашағы балалардың бос уақытының дұрыс ұйымдастырылуы, қоғамға араласып, арманына алғашқы қадамды жасап, пайдалы іспен айналысуы – тұлға ретінде қалыптасуының іргетасы. Осы орайда кәмелетке толмаған балалардың бос уақыты қалай ұйымдастырылатынына ата-ана, білім беру ұйымдары, жергілікті әкімшіліктің жауапты екенін ескеру керек.
Мектеп жасындағы оқушылар арасында құқықбұзушылық, түрлі деңгейдегі қылмыстың орын алуы «өтпелі кезеңдегі» жасөспірімдердің құбылмалы мінез-құлық, еліктеушілігінен туындайды деп бағамдағанмен, «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген Абай өлеңін еріксіз ойға оралтады. Бұл мәселедегі аудан ахуалы көңіл көншітпей тұр.
Жақында, нақтырақ айтсақ, өткен сенбі күні кенттегі Қ.Пірімов көшесінің бойында, №234 Ж.Жабаев атындағы мектептің жанында орын алған топтық төбелес – соның айғағы. Айдың- күннің аманында, тапа-тал түсте болған оқиға бейнежазбаға түсіріліп, әлеуметтік желіде тарап кеткен. Бейнематериалдан төбелескендердің түрі анық көрінбегенімен, мектеп жасындағы балалар екені байқалады. Бейбіт күнде тыныштықты бұзған төбелеске не себеп? Оқиғаның соңы қалай өрбіді? Бұл балаларға кім жауапты? Осы сұрақтар төңірегінде ізденген едік.
Аудандық білім бөлімінің айтуынша, оқиға орын алғаннан кейін білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, бейнежазбаға түсірілген балаларды анықтау және оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Яғни, қажетті шаралар қолға алынған. Әлеуметтік желідегі бейнежазбаны көрген жұрт балалардың әрекетіне күйінгендерін жасырмады.
– Мынау сұмдық қой. Күші тасып тұрса, спортпен айналыссын. Не болмаса сабақтарын үздік бағаға оқысын, – дейді Қарлығаш есімді тұрғын. Назерке Жанаева да бұл мәселеген қатысты өз пікірін білдірген: «Дәл осылай топтап әскерге жіберсе ғой, не істер екен? Ешкім балам бұзық болсын демейді. Ата-аналарға обал».
Көпшіліктің талқысына түскен әлеуметтік желідегі жазбаға аудандық полиция бөлімі де пікір қалдырып, бейнероликте көрсетілген тұлғаларды анықтап, шара көру үшін тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Соңғы мәліметтер бойынша, бұзықтық жасап, бір-бірімен төбелескен топтың ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балалар да бар. Алайда олар мектепте оқымайды. Белгілі бір себеппен колледжде де білім алмайды-мыс. Төбелеске не түрткі болғаны бізге белгісіз. Дегенмен елдің әр өңірінен осындай кішкентай оқиға барысында адам қазасы орын алып жатқанын естиміз. Күнкөріс қамымен күні бойы жұмыста жүретін ата-ана, төбелес десе тік тұратын балалар, баланың бос уақытына жауаптылар, осы үштаған өзара тығыз байланыста болса, мұндай жағымсыз жаңалықтар болмайтын ба еді... Көптің көкейінде жалғыз сұрақ: кім кінәлі?
Дина БӨКЕБАЙ