Тәрбиеші – таңдаулы мамандық

Біз, мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілері, тәуелсіз татулығы жарасқан байтақ мекеннің болашағы үшін құстың қанатындай болса да көмегімізді тигізіп жатырмыз деген мақтаныш кеудемді кернейді. Бүлдіршінді күлімдеп қарсы алып, бар өнеріңді үйретіп, бақытты етсең өз ұлтыңды, адамзат баласын бақытты ету жолында тер төккенің.
Тәрбиенің тал бесігі балабақшадағы тәрбиеленушімен өткізген әрбір сәтің қызықты. Бала – ел байлығы, қоғам бақыты. Оның балабақшадан жақсы тәлім-тәрбие алғаны жөн. Осы мақсатта аянбай еңбек етемін. Еңбек өтілім – он жыл. Осы уақыт аралығында ісімнен ешбір жалыққан емеспін.
Өйткені менің жас бүлдіршіндерге арнаған осы уақытымды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездеріме балаймын. Күнде ертеңгісін балабақшада жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкісін, «Сәлеметсіз бе», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серігіп қалғандай болады.
Міне, осындай жұмыс жүйесі менің балабақшамда қалыптасқан.
Жазира ТОЛЫБАЙ,
№1 «Ақкерке» бөбекжай-балабақшасы