Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ізгілік, ізденісті мұрат еткен

Ізгілік, ізденісті мұрат еткен

ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Бұл кезеңде ұстаздар алдында оқушыларды жеке тұлға ретінде қалыптастырып, білімді, тілді меңгерген, бәсекеге қабілетті азамат ету міндеті тұр. Білім – ізгілік бастауы. Осы жолда уақыт ағымына ілесіп, әр күнді шығармашыл, ізденіспен жалғаған Б.К.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназия жетістіктерімен алысқа даңқы жеткен іргелі ұжым.
Аудан тарихында өзіндік орны бар тұлға, білім беру ісінің үздігі, «Қазалының Алтынсарині» атанған Бердікен Мергенбаев атын иемдеген оқу ордасының тарихы тереңде. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін де сол кезең қажеттілігіне жауап беретін саналы ұрпақ тәрбиелеу ісін одан әрі дамыта білген мектеп сан шәкірттің санасын сәулелендіріп, егемен елдің қалыптасуына күш салатын азамат етіп қалыптасуына бастау болды. Осынау жылдар ішінде білім беру жүйесінің талап деңгейінен көрінген педагогтардың жетістіктері көп, бағындырған белестері биік. Алысқа ұзамай, соңғы жылдарға үңілсек, мектеп-гимназия «NOBEL EDUCATION» халықаралық педагогикалық орталығының «Үлгілі мектеп – 2020» номинациясын иемденіп, «ИНЛЕЛЕКТ» білім және ғылым орталығының «Ең үздік мектеп 2020-2021» атауын алуы сөзіміздің дәлелі.
Жас ұрпаққа сабақ үйретіп саналы тәрбиелеуде өзіндік ұстанымы бар ұлағат ұясының шығармашылық пен білім-білік дағдыларын қалыптастырудың негізгі мекеніне айналғандығын шәкірттері мен ұстаздары қол жеткізген табыстардан аңғаруға болады.
«Еңбектің негізгі ұйытқысы – жаңашыл біліммен қаруланған, мақтанышқа айналған тәжірибесі мол, шығармашыл ұстаздар» ұстанымын өміріне арқау еткен мұндағылардың жауапкершілік жүгін сеніммен арқалап келе жатқанын ата-аналар да айтады.
Жаңа оқу жылы басталғанына санаулы уақыт өтсе де, бөлісер жаңалықтар көп екенін білдік. Мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мирамкүл Жөлекеш Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай өткізілген «Сыныптан тыс оқуды дамытудың заманауи цифрлық ресурстары» облыстық байқауында, «Өрлеу» біліктілік арттыру орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік авторлық бағдарлама – 2021» облыстық кезеңінде бірінші орын иеленіп, Құрмет грамотасымен марапатталған. Информатика пәнінің мұғалімі Нұргүл Балғараева «Білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісін тағынып, Республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауының облыстық кезеңі бойынша үздік деп табылған. Бастауыш сынып мұғалімі Айжамал Имбетова «Үздік авторлық бағдарлама – 2021» облыстық кезеңінде топ жарған.
Математика пәнінің мұғалімі Еркін Сыдықовтың шәкірттері Абылайхан Құрманбай және Фариза Дауылбай 2020-2021 оқу жылындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша мүмкін болған межелік 45 ұпайды толық жинап, аудан абыройын асқақтатқан. Шығармашыл ұстаздың ҰБТ-да оқушыларының барлығы дерлік жоғары көрсеткіштен көрінген. Күні кеше ғана Е.Сыдықовтың тағы бір оқушысы Ақбота Ұзақберген президенттік «Өрлеу» олимпиадасының республикалық деңгейіне жолдама алған. Осындай ізденісі мол педагог кадрлар арқасында гимназиялықтар өткен оқу жылындағы ҰБТ-ға түлектерді түгелдей қатыстырып, нәтижесінде 95,4 орташа ұпаймен үздік мектептер санатынан ойып тұрып орын алған. Бұл шәкірттердің 7-еуі «Алтын белгі» иегері болса, 4 оқушысы «Үздік аттестатты» қорғап, еліміздің ең үздік жоғары оқу орындарының студенті атану мүмкіндігіне ие болған.
2020-2021 оқу жылында оқушылар Күмісбек Нұрасыл мен Мерей Жеткерген «Зерде» ғылыми жоба облыстық кезеңінде ІІІ орын алса, Республикалық Ясауи олимипиадасында Байдос Бауыржан мен Абылайхан Құрманбай Түркия елінің грантын жеңіп, Қ.А Ясауи университетінің грантын ұтып алған.
Республикалық Жалпы Білім Беру ұйымдарының арасында өткізілетін пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде орыс тілі мен әдебиетінен Замира Мұртаза екінші орынға қол жеткізсе, өзін-өзі тану пәнінен Мадина Майлыбаева үшінші орын биігінен көрінген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған мәнерлеп оқу байқауының облыстық кезеңінде дәл осы оқушы алғашқы орынға қол жеткізген.
Тәлім мен тағылым ордасының бүгінгі жайы туралы мектеп директоры Ерік Өмірзақов: «Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың жан-жақты, жаңа мазмұнды білім игеруге негізделеді. Шәкірттеріміздің болашағының жарқын болуын қамтамасыз етуде мемлекет тарапынан білім мекемелерін стандартқа сай жабдықтауға да қолдау көрсетіліуде. 2020 жылы облыстық бюджеттен «Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, қазіргі заманға сай жабдықталды.
Салауатты өмір салтын ұстану – ұжымның әр мүшесі және шәкіртінің басты қағидасы. Бұл бағытта мемлекет тарапынан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында мектеп жанынан қосымша құрылыс ретінде Спорт залы салынып, қолданысқа берілді», – дейді бізбен әңгімесінде. Ізгілік, ізденісті мұрат етіп, мерекеге мереймен жеткен ұжым мүшелеріне біз де толағай табыс тіледік.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
02 қазан 2021 ж. 905 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031