Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » NEЕT-тегілер қатары неге көп?

NEЕT-тегілер қатары неге көп?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында «NEЕT» санатындағы жастардың мәселесіне назар аудару керектігін атап өтті. Елдегі бұл санатқа жататын жастардың үлесі 2021 жылдың бірінші жартысында 6,7 процентке жеткен. Яғни, шамамен 230 мыңнан астам жас не жұмыссыз, не білімсіз қалып отыр деген сөз. Бұл күннен-күнге дамудың жаңа сатысына қадам басқан қазақ елі үшін мемлекеттік маңызы жоғары мәселе. Қалай болғанда да түрлі экономикалық, әлеуметтік және саяси факторларға байланысты жұмыс істемеу, білім алуға құлықсыз жастар қатары артып барады. Әлемдік Еңбек ұйымы «NEET» санатындағы жастар үлесінің әрбір мемлекеттегі көрсеткішін даярлаған еді. Ол бойынша 2019 жылы Қазақстандағы оқымайтын және біліктілігін көтермейтін жастар 10,4 процент құраған.Жапония еңбек нарығының жетекші мамандарының бірі – Рэйко Косуги қоғамдық қарым-қатынасы өте әлсіз жастарды төрт категорияға бөледі. Әлеуметке қарсы: өзін еңбектенбесе ғана жайлы сезінетіндер; тұйықталып қалғандар: қандай формада болса да қоғаммен қарым-қатынасқа түсе алмайтындар; пассив: өзіне деген сенімділік жоқтығынан жұмыс таба алмайтындар; көңілі қалғандар: алғашқы жұмыс орнынан кері әсер алып, сондықтан ары қарай жұмыс іздеуден бас тартқан жастар. Ал Қазақстанда оқуға да, жұмысқа да құлықсыздардың көбеюіне не себеп? Аудандағы ахуал қалай? Осы сұрақ төңірегінде пікір алмасқан едік.

Асылхан Дәрібаев, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры:
– Жастардың осы тобы туралы сөз қозғағанда, «жұмыссыздарды» жұмыс істеуге құлықсыздарға теліп жіберетіндер көп. Осы жағын да ескеру керек. Өйткені ауданда өндіріс көзі, жұмыс орындары аз. Яғни, жұмыссыздар баршылық. Бірақ соның бәрі жұмыс істеуге ниетсіз емес шығар?
2021 жылы жүргізген зерттеу бойынша, жалпы ауданда шамамен 329 жас оқу мен жұмысқа ниетсіз деп танылды. Ал «NEЕT» санатындағылардың көбею себебі әртүрлі. Олардың ішінде қос дипломды жастар да бар. Бітіріп келген мамандығы бойынша ауданнан бір жұмысты ұсынсаң, айлығы аз деп менсінбейді. Бірден жалақысы көп, статусы жоғары жұмысқа орналасқысы келеді. «Бәрі тезірек ­болса» дейді. «Алма піс, аузыма түс» деп жүріп, құлықсыздар қатарына қосылады.
Сонымен бірге ауылдарда қолынан келетін кәсібімен нәпақасын тауып отырған жастар бар. Мәселен, біреу балық аулайды, біреу бәліш пісіреді. Олар жеке кәсіпкерлік ашып, ресми тіркелмей жүре беруі мүмкін. Алайда әкімшіліктер жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін, «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» деп тіркеп береді. Осы бағытта шаралар жалғасуда. Нақты қанша жас жұмыссыз екенін анықтасақ, жастарды қоғамға араластырып, жұмыс табуына септігімізді тигізер едік. Колледж бітірген жастарды ауданда іске асатын инфрақұрылымға тартып немесе «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтуға тырысудамыз. Айта кету керек, кей мекемелерде зейнет жасына жеткен мамандар бір-екі жылға созып, жұмыс істеп жүре береді. Бұл – әділетсіздік. Осындай жағдайда зейнеткерлерді жастармен ауыстырамыз. Жалпы жастарды қоғамға араластыру мүмкіндігі көп.

Алтынбек Төреханов,
Жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі:
– Жалпы «NEET» санатын еңбектен, білімнен, әлеуметтік белсенділіктен өз еркімен немесе түрлі себеппен бас тартқан жастар тобы құрайды. Мұндай мінез-құлық көбіне олардың қоғамнан алшақтауына әкеліп соқтырады. Олар әлеуметтік ортада өздерін керексіз сезініп, жеке жол табуға ұмтылады. Суицид секілді мәселелер осыдан туындайды. Отбасы құндылықтары осылай бұзылады.
Ауылдық жерлерде «маған білім керек емес» деп, өз бетінше қол жұмыс істегісі келетіндер бар. Абайша айтсақ, «Адам боп, мал табу» – заман талабы. Осы жылы бізге аудан бойынша 29 жасқа дейінгі 863 жас жұмыс іздеп келген. Оның ішінде ақылы қоғамдық жұмысқа 250, жастар практикасына 85, жұмысқа 201 адам қосылған. Жыл басынан бері ­«Бастау бизнес» жобасы бойынша 181 жас кәсіпкерлік негізде оқытылса, 113 жас мемлекеттік грант алып, өз кәсібін ашты. Қазіргі заманда ізденген адамның екі қолына бір күрек табылады. Мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдаланып, бизнес бастағандар қаншама.

Асыл Ерсайын,шет тілі пәні оқытушысы, ­Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрайымы:
– «NEET» тобынa жaтaтын жacтaрдың caнының aртуынa көптеген фaктор әcер етеді. Қазіргі заман талабына сәйкес «әрекетке – берекет» дегендей, әр адам жұмыспен қамтылған болуы тиіс. «Жұмыс жоқ» деп ұрандататын уақыт емес. Жұмыссыздық мәселесімен күресіп, санын азайтуға күш салып жүргенімізде, «құлықсыздар» қатарының көбейе түскенін аңғармай қалғандаймыз. Жұмысқа, қоғамдық белсенділікке енжарлар қайдан шығады? Жұмыстан, білімнен қашу отбасында «дайын асқа тік қасық» болып, өз өміріне жауапкершілік алмай, ата-анасына сеніп алғандардардан басталады. Немесе кейбір ата-ананың өзі баласына таңдау бермей, «тұлға» болуына тұсау қойып, балам қиналмасын деген желеумен материалдық қажеттіліктерін қамтып отыруы мүмкін. Қоғамда, әлеуметтік желілерде тез ақша табудың оңтайлы көздерінің табылуы да бір себеп.
Сонымен қатар жac қыз-жігіттердің бacым бөлігі мемлекет тaрaпынaн ұcынылaтын мүмкіндіктерден бейхaбaр болуы, болмaca aca қaтты қызығушылық тaнытпaуын дa aйтуғa болaды. Әрі «NEET» caнaтындaғы жacтaр – оcылaр» деп aйтaтын aрнaйы cтaтиcтикa да жоқ. Cебебі олaрдың ішінде үкіметтен ештеңе aлмaca дa, өзін acырaп, қолынан келетін кәсібімен күнделікті қaжеттілігін өтеп жүрген aзaмaттaр бaршылық.

Мәнсия Сапарғалиқызы,әлеуметтанушы, профессор:
– Біздің елдегі «NEET» жастарға асырауда отырған балалар кіреді. Яғни білімі бар, бірақ еңбек тәжірибесі жоқ, жұмыс істеуге ынталы емес топ. Ата-ананың қалтасына сеніп, отырған балалар жауапкершілікті сезінбегендіктен, қоғамдық өмірге араласудан шектеледі. Одан кейін жас аналарды да осы топқа жатқыза аламыз. Оның ішінде 15-16 жасында ерте тұрмыс құрып, ана атанып жатқандар бар. Жастай тұрмыс құрған қыздар қоғаммен араласа алмай қалады да, жұмыс пен оқуға деген ынтадан мақұрым қалады.
Құлықсыздар қатарына енетін эгоистік топты оқуға, еңбекке келгенде жанын қинағысы келмейтін жастар толықтырады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар да «құлықсыздар» қатарына кіріп кетеді. Олар білім алғысы келсе де, қалтасы көтермегендіктен, ЖОО жайлы мүлдем ойламауы мүмкін. Бейәлеуметтік, ешқандай статусы жоқ жастар да осы қатарда. Яғни темір торға тоғытылған, есірткі, ішімдікке тәуелді, ойынқұмар жастар. Мұндай топтарда жұмыс істеуге, оқуға деген ниетсіздік басым. Себебі, қоғам оларды қабылдауға қауқарлы емес.
«NEET» жастардың пайда болу себебін объективті, субъективті және жеке тұлғалық тұрғыдан қарастыруға болады. Ең басты әсер ететін фактор – өскен ортасы, отбасы, қоғам, достар, туысқандар. Сонымен қатар көп жағдайда ата-ана балаларын тым сезімталдықпен өсіреді. Баланың өз бетімен қимылдауына мүмкіндік бермейді. Тұрмыстық жағдай болса да, оны өзі жасаса немесе ата-анасымен бірге отырып орындаса, бала кез келген нәрсенің қадірін біліп өседі. Және жауапкершілікті сезінгеннен кейін қоғамдық өмірге жол түзей алады.
Жастардың құлықсыздығымен жұмыс балабақшадан басталады. Ата-ана, мектеп болсын, жоғары оқу орнына түскен кезде де олармен сындарлы жұмыс істеу керек. Баланың еңбекке, оқуға, қоғамға енуге, араласуға деген ынтасын арттыру керек. Жастың оқшаулануы байқалса, дер кезінде кемшілікпен жұмыс істеген дұрыс. Қазір ата-ананың да уақыты жұмыспен шектелген. Бастысы, баланың тамағы тоқ, киімін бүтін етсем болды дейді. Алайда, біраз балаға ашық әңгімелесу жетіспейді.

Дина БӨКЕБАЙ
18 қыркүйек 2021 ж. 438 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 103

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 88

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 71

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 88

Елімізде қар жауып, аяз түседі

23 желтоқсан 2024 ж. 104

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031