Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Ұлттық ЖОО-да вирусолог мамандары даярланатын болады

Ұлттық ЖОО-да вирусолог мамандары даярланатын болады

Қазақстанның ұлттық жоғары оқу орнында вирусолог-мамандар даярланады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтымен (БҚПҒЗИ) бірлесе отырып, вирусолог-мамандарды даярлайтын болады. Әңгіме магистранттар мен докторанттар туралы болып отыр. Тиісті тапсырманы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тағайындады. Ол пандемия эпидемиология және вирусология саласындағы мамандарды даярлау қажеттілігін атап өтті», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, ведомствода ҚР БҒМ БҚПҒЗИ қызметкерлері қазақстандық Covid-19 вакцинасын әзірлегенін еске салды. Ұлттық жоғары оқу орнының ректоры Ж.Түймебаев пен биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ бас директоры К.Закария тиісті келісімге қол қойды. Қазір ҚазҰУ БҚПҒЗИ-мен бірлесіп вирусология саласында жаңа білім беру бағдарламасын әзірледі.

«Қазақ ұлттық университеті биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтымен алғаш рет бірлесіп, вирусолог-мамандарды даярлайтын болады. Бұрын бакалавриаттың ұқсас білім беру бағдарламаларын оқыған жоғары оқу орындарының түлектері оқи алады. Олар ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің базасында және БҚПҒЗИ BSL-2 және BSL-3 зертханаларында білім алатын болады. Вирусологтарды даярлау кезінде студенттердің теориялық ғана емес, сонымен қатар практикалық білім алуына басты назар аударылады. Жетекші вирусологтар зерттеу мен диагностиканы қалай жүргізу керектігін, вирустың жаңа түрлерін қалай анықтау керектігін көрсетеді. Сондай-ақ, білім алушылар молекулярлық биология, биохимия, микробиология әдістерін меңгереді», деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Практикалық сабақтар басым болғандықтан, студенттер БҚПҒЗИ базасында тәжірибеден және тағылымдамадан өтеді. Институт ғалымдары, соның ішінде коронавирусқа қарсы вакцина жасағандар вирусология, биология және биотехнология саласында практикалық сабақтар, мастер-кластар, семинарлар өткізеді. Оқуды аяқтағаннан кейін, жақсы білімді көрсеткен жағдайда, түлектерді биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа орналастыруға болады.

Бұдан әрі биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ базасында докторлық жұмыстарды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес құрылатын болады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде әдістемелік-консультациялық сипаттағы көмек көрсету үшін шетелдік ғалымдарды тарту көзделеді.

Сондай-ақ, министрліктің баспасөз қызметі биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының биологиялық қауіпсіздік, биотехнология, вирусология, микробиология, иммунология саласында үлкен тәжірибесі бар екенін атап өтті. Институт ғалымдары препараттардың 60-тан астам атауын, оның ішінде 30 вакцинаны, 16 тест-жүйені және 15-тен астам түрлі биопрепараттарды әзірлеп, енгізді. Соңғы 10 жылда институт аса қауіпті инфекциялар бойынша вакциналарды, оның ішінде отандық QazVac вакцинасын дайындау технологиясын жасады.
03 қыркүйек 2021 ж. 143 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2021    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
  • Қытайда екі миллиардтан астам вакцина салынды