Жолдас бейнесін жаңғыртты
Жақсының аты өлмейді. 25 жасында келместің кемесіне мінген Нұрбек Боранбаев ақжарқын көңіл, арда азаматтың бірі еді. Қыршын жанның көзі кетсе де, өзін ұмытпаған достары өткен жексенбіде аудандық «Жеңіс» паркінде ағалары мен інілері арасында еске алуға арналған кіші футболдан турнир ұйымдастырды.
Жарыстың ашылуында марқұмның әкесі Өтепберген Боранбаев сөз сөйлеп, ұлын ұмытпай, ұлықтап жатқан жора-жолдастарына алғысын білдіріп, көзіне жас алды.
– Ата-ананың ең басты байлығы – бауыр еті баласы. Бүгінде көзі тірі болғанда отыз жаста болар еді. Амал жоқ, Тәңірдің басқа түсіргеніне көнеміз. Нұрбекті ұмытпай еске алып жатқан достарына ризамын. Алла пейілдеріңе берсін! – деді әкесі.
Жарыста кенттің шығыс беткейіндегі аймақтың 1984-ші және 2003-ші жылдар аралығынан құралған 10 команда бақ сынасты. Бес сағатқа созылған турнир нәтижесінде үшінші орынды «2000» жылғы жастар қанжығасына байлады. Ал финалдық бәсекеде Нұрбектің достарынан айласын асыра алмаған «96» жігіттері екінші орынды қанағат тұтты. Қызу тартыста үздік танылған 1992-ші жылғы аяқ допшылар бірінші орынды иеленіп, бас жүлдеге тігілген қойды еншіледі.
Сайыс барысында ерекше көзге түскен ойыншылардың еңбегі елеусіз қалмады. «Үздік қақпашы» бағамы Айдос Жанғабылға бұйырды. Ал Мейрамбек Қасымхан «Ең жас ойыншы» деп танылып, «Үздік сұрмерген» бағамын Рүстем Жалғасбаев иемденді. Одан бөлек «Үздік ойыншы» номинациясына Әлім Тәңірберген лайық деп танылды. Тартысты додада жүлделі орын алғандар мен ерекше ойыншыға бағалы және ақшалай сыйлық табысталды.
Еске алу турнирін ұйымдастырудың басы-қасында болған досы Әділбек Тілеубергенов барша жиналғандарға алғысын білдірді.
– Нұрбек айналасындағыларға шуағын шашып, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет таныта білетін арда азамат еді. Көмекке зәру жандарға қолынан келгенін аямай, артынан ерген інілеріне дұрыс жол көрсете білді. Осындай атпал жанды ұмыт қалдырсақ, біздің азаматтығымызға үлкен сын. Көптен ойда жүрген турнирдің тағы бір мақсаты – ауыл жастарын спортқа баулу, жаман әдеттен аулақ ету. Турнирге атсалысқан Нұрбектің достары мен аға-інілеріне алғысым шексіз, – деді ол.
Айтпақшы, жарысты ұйымдастырған 1992 жылы туылған жігіттер футболдық форма алуға қолдау көрсеткен жеке кәсіпкер Медеу Есқожаевқа ризашылықтарын жеткізді.
А.БАҚЫТҰЛЫ