Қазалыда белгілі журналисті еске алуға арналған жарыс өтті
Қазалыда Қазақстанның құрметті журналисі, Қазалы ауданының құрметті азаматы Әлмәмбет Әлішевті еске алуға арналған футболдан аудандық ашық турнир өтті.
Турнирге қазалылық аяқдопшылармен қатар, Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданынан келген спортшылар бақ сынады.
Тартысты өткен турнирдің қорытындысы бойынша Қызылорда қаласының ұстаздарынан жасақталған «Штурм» командасы жеңімпаз атанды. Ал, жүлделі екінші, үшінші орындарды ауданымыздың «Намыс» және «Әмір» командалары өзара бөлісті.
Еске алу турнирінде үздік ойын көрсеткен ойыншылар ұйымдастырушылар тарапынан ескерусіз қалмады. Осылайша «Үздік ойыншы» Олжас Орынбеков, «Үздік қақпашы» Жомарт Садықов, «Үздік қорғаушы» Азамат Бекжанов бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жарыстың жабылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Әліби Әбиев құттықтау сөз сөйлеп, қоғам қайраткері, КСРО және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Әлмәмбет Әлішевтің атқарған жұмысына қысқаша тоқталып өтті. Сондай-ақ, бірқатар турнир қонақтары мен Әлмәмбет Әлішевтің ұл-қыздары сөз сөйлеп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
"Қазалы" ақпарат