Суда қандай сиқыр бар?
Су – тіршілік көзі. Адам тамақсыз 3 күн жүре алса, сусыз 1 күнде шыдай алмайтындығы ғылыми дәлелденген. Себебі адамның ағзасында 80 процент су орналасқан. Су күш береді, нәрлендіреді, қан жүгіртеді, денеңді тазалайды. Көптеген елде суға ерекше құрметпен қарайды. Бұның бәрі бекер емес.
Жалпы ғылыми жобалар бойынша тіршілік нәрі бойына қандай қасиеттерді сіңіргендігі жайлы көп зерттелді. Соның бірі жапон ғалымы Масару Эмотоның ашқан жаңалығы әлемді таң қалдырды. Ол су есте сақтау қабілетіне ие екендігін нақты зерттеулермен дәлелдеп берді. Эмото берілген сыртқы мәліметке қарай су құрамының өзгеретіндігіне анық көз жеткізді. Екі бірдей ыдысқа су құйып, біреуіне жақсы, ұнамды, жағымды сөз, екіншісіне жаман, жағымсыз сөз жазылған қағаз жапсырған. Сулардан түзілген кристалдарға қарағанда, жағымды сөз жазылған су кристалының өте әдемі, ал керісінше, жағымсыз сөз жазылған судағы кристалдардың пішіні бүлінгендігі анықталған. Айталық, «жақсы», «бақыт», «рақмет» деген сөздер жазылған су кристалдары жаңа ашылған гүл секілді әдемі түскен. Ал «жаман», «сорлылық», «жынды» деген секілді сөздер жазылған судың кристалдары дереу бұзылуға ұшыраған.
Бір таңғаларлығы, шет тілінде жазылған бір мәндегі сөздерге де су кристалдары әдемі түзілген. Мәселен, рақмет мағынасындағы ағылшынша «thank you», қытайша «doce», французша «merci», немісше «danke» италиянша «grazie», арабша «шүкран», түрікше «тешеккүр», корейше «камусамунида» сөздерінің бәрі де жақсы әсер ететіндігін байқатқан. Ең қызығы, «махаббат және құрмет» сөзі жапсырылған судан түзілген кристалдар тым әдемілігімен ерекше көз тартқан.
Сонымен қатар Пенсильвания университетінің профессоры Рустум Рой: «Су – өмір мәнісі. Ол өте мөлдір болғанымен қоймай, өте икемделгіш қасиетке ие. Тіпті ең қатты деген жартастардың өзін тамшылап тұрып-ақ тесіп шығады», – дейді. Расында да, су өте биік деген ағаштардың ұшар басына дейін көтеріле алады. Оны бүгінгі күні ғалымдар дәлелдеп отыр.
Сонымен бірге түрлі пішінге ене алады. Қатты да, сұйық та, газ түрінде де бола алады. Бір түрден екінші түрге ауыса береді. Ауысу кезінде су тазарып отырады. Булану барысында химиялық әрі физикалық тұрғыдан тазарады. Оны қатырғанда және еріткенде ол жағымды құрылымды иеленеді. Молекулалық құрылысы өзгере алады. Осы молекулалардың топтарға бірігуін микроскоп арқылы көруге болады. Бұны «кластерлер» деп атайды. Ғалымдар «есте сақтаудың көзі – осы кластерлер» екендігін болжауда. Су осының негізінде магнитафонның лентасы секілді көргенін де, естігенін де жазып отырады деседі. Қазіргі жаңа құралдар судың осы әрбір көзінде 440 мың ақпаратты панел бар екенін анықтаған. Оның әрбірі өзін қоршаған ортамен әсерде болады. Кластерлік құрылым судың ақпаратты қабылдап, есте сақтау гипотезасын растап отыр. Бұны Эмото Масару тіпті тәжірибе жүзінде дәлелдеуге тырысқан.
Пенсильвания университетінің профессоры, АҚШ халықаралық академиясының мүшесі Рустум Рой су жөнінде былай деуде: «Мидың негізгі бөлігін су құрайды. Судың өзі сияқты молекулалары да тез қозғалады. Ол мидың есте сақтау бөлігін құрайды. Сондықтан су мидың ақпаратты есте сақтау бөлігіне жауапты».
Нобель сыйлығының иегері Курт Вютрих те өз болжамын келтірді.
– Егер жүрек, өкпе, немесе бұлшық еттер, ми секілді қарапайым құралдар арқылы көрінетін адамның ішкі мүшелеріне қарасаңыз, бәрінің де суға толы екенін көресіз. Көріп тұрғаныңыздың бәрі су. Басыңыз да суға толы. Бізде судан басқа ештеңе жоқ, – дейді ғалым. Үлкендер балаға ұрысқанда басыңда түкте жоқ су ми екенсің деген сөздің астарында да негіз бар. Ғылыми дәрежесі болмаса да, дана қазақ бастың ішкі бөлігі судан тұратынын қайдан білгені жұмбақ.
Барлық әлемдік діндерде ислам, христиан, иудаизмде көпшілікпен бірге асқа отырар алдында бата жасап, дұға оқылады. Оны шетелдік фильмдерді тамашалағанда байқап жүрміз. Осы көрініске ой қозғап, неліктен бұлай деп ойланып көрдік пе? Негізінде оқылған дұға міндетті түрде ас пен суға әсер етеді. Бұған орай, Ресей жаратылыс ғылымдары академиясының академигі, Константин Коротковтың өзіндік пікірі бар. Оның айтуынша, қазіргі уақытта сөздің су кластерлері, су молекулалары арқылы қалай іске асатынын білеміз. Сондықтан жалпы жұртшылыққа жеңіл кеңес беруге болады. Яғни дастарқан басына жиналғанда көтеріңкі көңіл-күймен отырған абзал. Егер дастарқан басына ашуланып жайғассаңыз, ол денсаулығыңызға міндетті түрде кері әсерін тигізеді екен. Сол себепті де болар дін өкілдері Құран сүрелерін су бетіне оқып, дем салатыны. Себебі оның науқастанған адамға шипасы тиетіндігін айтады олар. Тіпті тікелей қасиетті кітап аяттарын ауырған жанға бағыттап оқыса да құлан-таза айығып кету фактілері де жоқ емес. Өйткені зерттеушілердің дәлелдеуі бойынша адамдардың ағзасы 80 процент судан тұрмай ма? Ар жағын өзіңіз пайымдай беріңіз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА