Суға аллергиясы бар адамдар қалай өмір сүреді?
Аллергияның да түр-түрі бар. Біреулердің тамақтан, біреулердің иістен, біреулердің жан-жануар жүндерінен, енді біреулердің ауа райынан ағзасы тітіркенеді. Тіпті әлемде суға аллергиясы бар жандар да бар екен. Су - тіршілік көзі, өмірдің нәрі. Ал сусыз жаратылысты елестету тіпті мүмкін емес.
Дегенмен денесіне су тисе, аллергиясы өршіп, жанын қоярға жер таппай кететін жандар да өмір сүріп келеді. Әлемде осындай дертпен ауыратын 50-ге жуық адам бар екен. Суға аллергиясы бар жандар үшін қиындық көп. Оларға жылауға да болмайды. Жылай қалса, денелері дуылдап қышып, не бөртіп кетеді. Ал суды мейірі қанып ішу деген - бір арман. Неміс дерматологы Маркус Маурер бұл дерт адам өмірін күрт өзгертетінін айтады. Ол өзіне қаралатын емделушілер қатарында осындай дертке шалдыққан бір адам барын айтады. Ол 40 жылдан бері осы аллергия түрімен күресіп келеді екен. Бұл дерт медицина тілімен айтқанда "аквагенді есекжем" деп аталады. Бұл дертке шалдыққандар жаңбырлы күндері, ылғалды ауа райында далаға да шыға алмайды. Физикалық күш көп жұмсалатын жұмыстар жасауына да болмайды. Терлей қалса, аллергиясы өршиді. Гигиеналық тазалық үшін де қиындық көп.
Суға аллергиясы бар жандар қалай өмір сүреді?
Су орнына олар сүт ішеді. Көпшілігі осылай өмір сүріп келеді. Осындай дертке шалдыққандардың бірі - Миннесота штатының кішкентай тұрғыны Айви Ангерман. Оның аллергиясы суда 15 секунд тұрғанның өзінде-ақ өршіп кетеді екен. Терісі қабынып, ағзасы тітіркенеді. Дәрігерлер қызды кондиционері бар салқын бөлмеде күту жайлы ата-анасына ескерткен. Ал жуындыратын кезде аз да болса тітіркенуді сездірмеуге көмектесетін дәрілер берген. Рэйчел Уорвик есімді әйел де осы дерткен шалдыққан. Ол денесіне су тигізуден қорқады. Су ішкені - у ішкенмен бірдей.
- Денеме су тисе, қатты шаршап қаламын. Құдды бір марафонға қатысып келгендей боламын. Өзімді әлсіз сезініп, тынығуыма тура келеді. Жылау тіпті қиын. Бетім дуылдап кетеді. Бейтаныс адамдар үшін менің дертім қызық. Барлығы "сусыз қалай өмір сүресің?", "қалай тамақтанасың?", "қалай жуынасың?" деп сұрайды. Басқа салса амал жоқ, өмір сүріп келемін, - дейді Рэйчел.
Бұл дертке қатысты ғалымдардың нақты тұжырымы да жоқ. Әрқайсысы әрқилы болжайды. Тіпті аллергияның бір түрі деп санамайтындар да бар. Ішкі ағзадағы иммунитет реакциясы деген қорытынды шығарады. Себебі терінің сыртқы қабаты арқылы иммунитет "қате хабар" алуы мүмкін деп болжайды.
massaget.kz