1 қазаннан бастап дәрігерлердің еңбекақысы қалай өзгереді? Кімнің табысы артады?

Отандық медицина қызметкерлері 2020 жылдың наурызынан бастап қаржылай қолдау ала бастаған. Оларға барлығы 229 миллиард теңге төленді. Енді 1 қазаннан бастап коронавируспен күрескен медицина қызметкерлеріне қосымша төлемдер тоқтатылады. Ал 1 тамыздан бастап үстемеақының көлемі 50 пайызға қысқарды.
50 пайызға қысқарған жағдайдағы төлемдер:
бірінші қауіпті топ – 10 ЕАЖМ;
екінші қауіпті топ – 5 ЕАЖМ;
үшінші қауіпті топ – 2,5 ЕАЖМ.
Бұл шешім неге қазір қабылданды?
Денсаулық сақтау министрлігінің Жұртшылықпен байланыс департаментінің мәліметінше, президентің 2020 жылғы 30 наурыздағы тапсырмасына сәйкес 2020 жылғы наурыздан бастап Covid-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне коронавирус жұқтыру қаупі жағдайында жұмыс істегені үшін үстемеақы төлеген.
Мәселен, 2021жылдың 6 айында 106,2 млрд теңге төленген. 2020-2021 жылдары орташа есеппен 51 мың қызметкер төлем алды.
"Бұл ретте 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап халықты және денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерін жаппай вакцинациялау басталды. Бүгінде медицина қызметкерлерінің 93,5% вакцина алған. Яғни 217 мың медицина қызметкерінің 203 мыңы екпе алып үлгерген", – делінген ресми жауапта.
Сондай-ақ, 2020 жылы Covid-19-бен ауырған медицина қызметкерлер саны – 17450 адам, ал 2021 жылы 6400 адам ауырғанын айта кету керек. Бұл жұқтыру қаупі өткен жылмен салыстырғанда төмендегенін көрсетеді.
Сонымен қатар медицина қызметкерлері жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген.