Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Біржан салға бір бағыт керек

Біржан салға бір бағыт керек

Жол азабын жүрген біледі. Қазалы ауданында бірнеше жылдан бері қозғалыс мәселелері шешілмеген жолдар баршылық. Әсіресе базар маңындағы Біржан сал мен оған параллель жатқан Ж.Аймауытов көшелеріндегі кептеліс жаға ұстатады. Онымен қоса жүргіншілер жолы қарастырылмаған. Жылына бірнеше рет көлік жүргізушілері мен кент тұрғындары құзырлылардан орын алған қиындыққа байланысты көмек сұрап келеді. Алайда автотұрақ қарастырылмаған сауда орындарының есебінен ондағы қозғалыс күн өткен сайын күрделеніп барады.
Қос көшенің жақтауы, әсіресе, таң мен түстің арасында көлікке толады. Жолдың екі жақтауына ерсілі-қарсылы көліктер қойылған. Ортаңғы бір аяқ ізбен де техника ұзын-сонар кезекке тұрады. Сондай кезде алаң күйге түскен жаяудың жайы тіптен аянышты. Олар тротуар қарастырылмағандықтан кептелген көлік арасынан жол іздеуге мәжбүр. Осындағы жұрт жолдың тарлығынан адамдарды ысырып кетіп жатқан көлікті талай көргенін айтады.
– Базарға жеке шаруамызбен көп келеміз. Балаларым мектепте оқитын болғандықтан «Динара, Береке» сауда үйіне жиі барамыз. Сондайда осындағы кептелістен, ерсілі-қарсылы жүйіткіген көліктен жолды кесіп өту мүмкін емес. Балалар шалт болады ғой. Қолынан ұстап келе жатқанның өзінде қаптаған көлікке қарай жүгіріп кете ме деп зәре-құтымыз қалмайды. Балалар тұрмақ ересек адамдардың Біржан сал көшесімен жүруі мұң. Құзырлылар мұндағы мәселені көріп отыр ғой. Көлік қозғалысын реттеп, жаяу жүргіншілердің қатынасын шешіп беретін уақыт әлдеқашан келді. Аудан тұрғыны ретінде жауапты мамандардан осы мәселені шешіп беруін сұраймыз, – дейді Айсәуле Шалмаханова.
Шұғыл шаруасына барар жолда Ақан сері мен Ж.Аймауытов көшесімен өтуді шешкен жүргізушінің де айтары көп. Мұндайда кей жағдайда жарты сағатқа дейін кептеліс кемшімейді. Сауда нүктелерінің алдын кес-кестеп алған жүк көліктері тауарды тапсырып бітірмейінше тұрған қалпы тұрған. Кері айналып, басқа көшеге түсу мүмкін емес. Себебі оның артында да кептелген көлік жетерлік.
– Базар маңы болғасын мұндай жағдай қалыпты деп ақтайтындар бар. Алайда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік ­болып тұрғанда неге жасамасқа? Бірбағытты жол мұндағы жаяу жүргіншінің де көлік иелерінің де қиындығын шешіп берер еді. Кәсіпкерлердің емін-еркін тауар тиеп, әкелетін мүмкіндігі болады. Аудан басшыларына тұрғын ретінде, көлік жүргізушілері атынан түйіткілдің түйінін тарқатып беруін сұраймыз. Жанайқайымыз жетсе деген тілек бар, – дейді Аманкелді Базарбаев.
Қаптаған көлік кептелісі жиі орын алатын жерде жол көлік оқиғалары орын алатыны түсікті. Біржан сал мен Әйтеке би көшелерінің қиылысы да бұдан ада емес. Дей тұрғанмен мұнда аса ауыр жол апаты болмағанға ұқсайды. Бұл жайында аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесі жол көлік инспекция тобының инспекторы Жасарал Жекенов айтып берді. Полиция аға лейтенатының сөзіне сенсек, аталған көшені бірбағытқа ауыстыруды өтініп келетін тұрғындар қарасы қалың. Мұны кент әкімдігі, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар қатынасы және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарымен бірлесіп шешеуге білек сыбана кіріскелі жатқанын жеткізді. Егер жұмыс жоспарға сай жүрсе екі айдың көлемінде тұрғындар тілегі орындалатынын мәлімдеді.
Осы тұста бірбағытты жол белгісін қояр алдында оның уақыт интервалы ұмыт қалмауы тиіс. Өйткені кәсіпкерлердің айтуынша, кешкілік бұл көшемен көлік көп жүрмейді.
– Біржан сал мен А.Байтұрсынов көшелерінің бір бөлігі бұрыннан бірбағытты екені белгілі. Көшенің қазіргі қиындығын шешу барысында Әйтеке бидің екі жағында аталған көшелерге уақыт межеленген бірбағытты жол белгісі қойылса деген тілек бар. Неге десеңіз, базардағы қызу тірлік таңғы сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін ғана жалғасады. Ауданның басқа да тұрғындарына қиындық тудырмас үшін жауапты мамандар ескеруі керек. Жергілікті әкімдік жаяу жүргінші, тротуар салу ісіне мін беруі тиіс. Өйткені адам қауіпсіздігі қашанда маңызды, – дейді кәсіпкер Елдос Тәуекелов.
Жалпы базар маңындағы кісі қарасы қос көшенің бірбағытты жол қылғанын бірауыздан қолдап отыр. Тіпті осы мәселемен әкімдіктің табалдырығын тоздырғандарын айтады. Өткен жылы осы сауалмен кент әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа хабарласқанымызда жолдың бағытын айқындап беруге болатынын айтқан. Ол үшін Жанқожа батыр көшесіндегі жөндеу жұмысы аяқталғанын күту керек болды. Бір қызығы, батыр атындағы көшенің асфальтталғанына жыл өтсе де баяғы жартас сол күйінде тұр. Дегенмен әкім әлі де болса мәселені шешіп беремін дейді.
– Алдағы аптада полиция бөлімі мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар қатынасы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысымен ақылдасып, зерттеп, аудан әкімдігіндегі комиссия отырысына ұсынамын. Бұл мәселе жыл соңына дейін созылмай шешіледі деп ойлаймын, – деді Қ.Жақсыбайұлы.
Ештен кешті көңілге медеу көретін жұрт мұны да мақұлдап отыр. Кептелістен арылмайтын көшемен кент тұрғындарының еркін қозғалатын күні алыс емес деп сенейік. Ханда қырық кісінің ақылы болатыны рас болса ұзап кетпесе керек. Әрі-беріден соң уәденің халыққа берілгендігі, оның сұрауы болатыны бесенеден белгілі.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

17 шілде 2021 ж. 541 0

ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

26 желтоқсан 2024 ж. 85

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031