Мүмкіндіктер мекені
Осыдан төрт жыл бұрын оңтүстіктің халқын солтүстік өңірге мемлекеттік бағдарламамен көшіру қызу қолға алынған болатын. Сол кездері қазалылықтарды жинап, Қарағанды, Қостанайдан келген өкілдермен біздегі мамандар кездесу ұйымдастырды. Сонда тиісті қызметкерінің өзге жаққа 40 жасқа дейін көшіп алған дұрыс, бұдан кейін көшсе ол жерге сіңісу қиын болады дегені біраз ойландырған еді. Бірақ адам ойлағанымен нендей істі болмасын Алла ретейтіндігін өмірден көріп жүрміз. Мәселен, қазалылық Алмас Есқожаев 46 жасында отбасымен елордаға көшкен болатын. Негізгі себеп – сол уақыттары екінші ұлы Қуаныш 9 сыныпты бітіріп, Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің колледжіндегі халық аспаптары домбыра бөліміне түсуі еді.
Ауылдан қалаға қоныс аударғаннан кейін тұңғышы Азамат Назарбаев университетінде ақпараттық технологияның қыр-сырына қанығып, Австриядағы ірі зауыт "Сименс" компаниясынан тәжірибеден өтеді. Бір жылдық тәжірибеден соң елде отау құрып, ата-анасының батасымен Филлах қаласына тұрақты тұруға және аталған компанияда жұмыс істеуге кетеді.
Он екі жыл бұрын балаларының жарқын келешегін құруды көздеп келген кейіпкерімізден бұрынғы елорда мен қазіргі Нұр-Сұлтанның айырмашылығын сұрағанымызда:
– Біз келгенде сол жағалау енді салынып жатқан. Бүгінде ол жақта жаңа нысандар, көз тартар ғимараттар мен көпқабатты тұрғын үйлер бой түзеді. Халықаралық ЭКСПО өтті. Шет елден келгендерді күтіп-шығарып салу қызметін атқару үшін ұлдарым Қуаныш пен Әлихан еріктілер қатарында жүрді. Соның арқасында ағылшын тілін жетілдірді. Кейін екеуі де музыкалық колледжді үздік бітірді. Қуанышым Қазақ Ұлттық өнер университетінің бакалавриатын бітіргелі тұр. Ал Әлихан еріктілер қатарында жүріп, бизнес саласына қызығушылығы артты. Сөйтіп Қытайдың Шанхайдағы Политехникалық университетіне түсіп, халықаралық бизнес факультетінде 2 курста оқиды. Қазір онлайн сабаққа қатысатындықтан "World and travel" бағдарламасымен АҚШ-тағы Хьюстон қаласында жұмыс істеп, тілдік тәжірибесін дамытуда. Балаларымның мұндай талабына ешқандай шектеу қоймаймын. Қайта оларды ерте жетіліп, аумалы-төкпелі уақытта өмір ағымына тез ілесіп, оның қатал заңдарына төтеп бере алатындай еркіндікті беру мақсатында осында қоныс аударғанмын, – дейді А.Есқожаев.
Айтуынша, Алмас Ленинградтың теміржол институтынан инженер-электрик мамандығын меңгеріп шыққан. Қазалыда теміржолда аға механик лауазымын атқарған. Тікелей ауысыммен елордадағы Автоматик және телемеханика департаментіне аға диспечер болып орналасады. Жан жары Алтын теміржол ауруханасының медбикелігінен қалалық №9 емханасына мейіркеш болып тұрады. Сол кезде алты айлық құндақтағы ұлы Мерей осы күні Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 сыныбында оқиды.
– Шүкір Астанамен бірге мен де өстім. Мүмкіндіктер қаласында өмір сүрудің өзі мүмкіндік. Қазіргідей бағыт, ізденіс, талап керек уақытта осы жерде тұрудың өзі ғанибет. Әуелі Алла деп ертеңіме алаңдап, қорықпаймын. Өйткені діттегенім жүзеге асып, ұлдарымның интеллектуалдық көкжиегі кеңеюде. Қазалыны жақсы көремін. Сағынышымызды осындағы жақын-жуық пен ағайындарымыздың қуанышына ортақтасып, той-томалағына келгенде басып аламыз. Үлкендерді құрметтеп, арнайы да келетін кездер болады. Бұл жолы да әдейілеп келіп, бір аптаға жуық туған-туысты аралап, арқа-жарқа көңіл-күйде елордаға қайтып барамыз, – дейді Алмас Рахметұлы.
Қазір артта қалған қиындықтарды еңсеріп, мұндай батыл шешімді қабылдағанына еш өкінбейді. Керісінше, кеудесі қуанышқа толы адымын кемелді келешекке қарай еркін басады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА