Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жер-Ананы жүдеткен не?

Жер-Ананы жүдеткен не?

Қазақ халқы үшін найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғалған кең байтақ жеріміздің құны адам тағдырымен тең. Табиғи байлық ресурстары бойынша Қазақстан әлемдегі ең үлкен мемлекеттер қатарында.
Алайда жер көлемінің 76 проценті әртүрлі деңгейде деградацияға ұшыраған. Оған қатысты қандай шаралар қолданылуда? Өңірдегі топырақ құнарсыздығының басты себебі неде?

Жер құтты болса, мал сүтті болар
Қазіргі таңда әлемдегі топырақтың 70 проценті деградацияға ұшырап, қалған 30-ы шөл-шөлейтке айналуға бейім. Бұл құбылыс біздің елге де тән. Қазақстан жерінің 45 млн гектары қара топырақ, 90 млн гектары қара қоңыр, сұр қоңыр топырақ, 120 млн гектары сұр топырақ. Зерттеулерге сүйенетін болсақ, космосурет пен топографиялық ізденістерді салыстырғанда жерімізде біршама өзгеріс бар. Құнарсыз болса нәр де жоқ. ҚР солтүстігінен бері қарай топырақтың құнарлығы біртіндеп азая түседі, одан кейін эрозияға, шөл-шөлейтке айналып, тұздануы басталады. Мұның барлығы табиғи климаттық жағдайға байланысты. Жайылымдық жер 180 миллион гектарды құраса, соның 48 миллионы өте қатты деңгейде деградацияға ұшыраған. Ал оның ішінде 25 миллионы ауыл төңірегіндегі орналасып, тозаңы шыққан.
Әлемге әйгілі Менделеев кестесінде тұрған элементтердің барлық түрі табылатындығы жердің егін шаруашылығына қолайлы екенін білдірмейді. Бұл туралы: «Өткен ғасырдың сексенінші жылдары 35 млн гектар жер егіске жарамды еді, ал оның қазіргі жағдайдағы көлемі 24 млн гектарға дейін азайды. Кезінде суармалы жерлердің көлемі 2,3 млн гектар болған, қазір оның көлемі 1,5-1,6 миллион гектарды құрайды. Суармалы жерлердің көбі тастанды, тұзданған және сортаң жерлерге айналып кетті. Сондықтан үкімет жерді тиімді пайдалану мәселесін алға қойып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында суармалы жердің көлемін 2021 жылға дейін 2 миллионға жеткізу қажет деп талап қойды.
Кезінде суармалы жерлерден алынған өнім жалпы өнімнің 30% беретін. Сондықтан біз аграрлық ел болғандықтан топыраққа көп көңіл бөлуіміз керек», – дейді Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, академик Абдулла Сапаров.
Қазалы аумағындағы жерлерде егіннің нәтижесіздігіне су жетіспеушілігі де маңызды себеп. Алайда, құнарсыз жер маңдай теріңмен өсіп шығар өнімді ғана емес,мал басын көбейтер төліңді де шөптің шықпауымен қинап отыр. Қыста қар түспей, көктемде бір тамшы жаңбыр жаумаса, малдың шөптен тарығатынын болжауға әулие болудың қажеті шамалы. Жердің оты жоғалып, көркіне айналар көк шөптің көрінбеуі топырақтың құнарсыздығына қосылар тағы бір себеп шығар.
"Ауылда шөп жоқ. Жер қуаңшылық. Топырақ жеп жатыр жылқылар. Су да жоқ. Шөпті Қызылордадан әкеліп беріп жатырмыз", – дейді Арал ауданының тұрғыны Рахымжан Көптілеу.
Малға жайсыз болған жердің адамға сая болмасы анық. Қара топырақтың құнын біліп, нәрлендіріп отырған бабалардың даналығына таңдай қағасың кейде...

Шегінерге жол жоқ, артымызда Арал
Топырақ дегадарацияға ұшырағаннан кейін шөл-шөлейтке айналып, эрозияға ұшырайды. Тау кендерін ашық әдіспен игерілсе – топырақ ондағы химиялық және ауыр металдармен ластанады. Өңірлік топырақ экологиясына келер болсақ, суы тартылған апатты Арал теңізінің түбінен шыққан шаң тұздар 25 млн гектар жерге тарайды. Мамандардың айтуынша, жел тұрғанда 500 км жерге дейін барады екен. Міне, осы тұздар өсімдікке түскенде оны күйдіріп, зиянын тигізеді, ол құнарының азаюына, тіпті, топырақтың өзінің тұздануына әкеліп соғады.
Республикадағы жердің 30 млн га топырақ эрозиясына, 60 млн га тұздануға, 10 млн га химиялық және радиактивті заттармен ластануға ұшырап, экологиялық тұрғыдан нашарлай түскен. Топырақтың құнарлылығына қатысты бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан мониторинг негізінде Сыр өңірінің, әсіресе, Арал табанындағы сортаң және тұзданған топырақтардың көлемі көбейгені байқалды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанда Арал аймағының экологиясына байланысты 2 млн га жер шөлейттеніп кеткен және Жаңадария өңіріндегі 3 мың га қара сексеуіл орманы біржола жойылу үстінде. Арал өңірі мен Сырдария өзенінің аңғары бойынша топырақтың химиялық улы заттармен және радионуклидпен ластану процесі жылдамдады.
Теңіз түбінен көтерілген улы тұздың мөлшері жылына 13-20 млн тонна деп есептеледі. Тіптен, тұзды шаңдар әсері сонау Орта Азия республикалары аумағына жетіп, ауыл шаруашылығына зардабын тигізуде. Соңғы жылдары топырақтың тұздануы Қазақстанда 60-70 %-ға артып отыр. Ұшқан тұз егінді ғана емес, топырақты да улайды. Осындай қиындықтарға қарамастан, өңірде егін егіп, шаруасын жүргізіп отырғандардың артында үлкен тәуекел тұр. Адам туған жерін өзі таңдамайды ғой, бірақ оны дамыту, сапалы елге айналдыру әрбірінің парызы болса керек.
Түйткілдің түйіні
Мұндай маңызды мәселемен тек қазақ елі ғана бетпе-бет келіп отырмағаны анық. Әлемнің ортақ «бас ауруына» қатысты дүниежүзінде топырақтың құнарлы қабатын сақтап қалуда түрлі жұмыстарды қолға алынған. Қазақстанда қандай шаралар қолданылып жүр?
«Еңбек – ата, жер – ана» демекші адамзат баласы біздің заманымызға дейінгі жазу, сызу қалыптаспаған кезден технология дамыған жаңалықтардың ғасырында да өзіне қажетті несібесі мен сапалы азықтың 95 пайызын қара жерден алып келеді. Сондықтан топырақтың құнарлы қабаты – көздің қарашығындай қымбат. Жердің жайына қатысты үкімет «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде еліміздің әр аймағындағы топырақты жағдайын анықтау ісін «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесіне тапсырған. Бұл үшін мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлінді. Бөлінген қаржының көлемі аз. Ал аталған мекеме еліміздің төрт облысында ғана топырақтың құнарлы қабатының жай-күйін бақылап, ұсыныстарын тиісті орындарға ұсынып келеді. Бұл істің ауқымы кеңеюі тиіс.
– Біздер бірінші кезекте еліміз бойынша топырақтың картасын жасауды ұсынамыз. Соны басшылыққа алып, еліміздегі топырақтың картасын жасаудың маңызы зор. Біз картада топырақтың құнарының қай деңгейде екенін тайға таңба басқандай анық көрсетеміз.
Бұдан басқа ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді өндірістік бағытта тиімді пайдаланудың топтамасын жасау қажет. Өйткені қазіргі таңда агрохимия саласын жетік білмейтін шаруалар өздерінің иелігіндегі жерлерге қандай дақыл егу керек екенін білмейді. Соның кесірінен еңбегі еш кетіп жатқаны жасырын емес. Кеңес заманында Қазақстан әлемге астық өсіруші ел ретінде танылды.
«Соқыр көргенінен жазбайды» демекші, біз әлі күнге дейін сол сүрлеу-соқпақпен келеміз. Келешекте біздер бидайдан да басқа дақылдарды өсіруге бет бұруымыз керек. Өйткені олар бидайға қарағанда экономикалық тұрғыдан тиімді», – дейді академик Абдулла Сапаров.
Топырақ құнарын қалай арттырады? Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласандағы басты мәселе – топырақтың табиғи құнарын сақтап, өнімнің шығымдылығы мен сапасын арттыру. Себебі қуаңшылық пен экологиялық зардаптар және климаттың өзгеруі қуаңшылыққа соқтырып отыр. Топырақтың құнарын толықтыратын негізгі үш элемент-фосфор, калий, азот екенін ескерсек, еліміздегі егістік топырақтың 98%-на фосфор жетіспейді екен. Мысалы, біздің облыстың топырағының құрамында калий көп болғанмен, фосфордың тапшылығы өнімнің шығымын азайтуда. Ал еліміздің фосфордың қоры жағынан әлемде бесінші орынды иеленеді.
Мәселен, ҚР-ның топырағының құрамында калий көп болғанымен, фосфордың тапшылығы мәдени дақылдардың өнімі кемуде. Ал еліміздің фосфордың қоры жағынан әлемде бесінші орынды иеленеді. Ауыл шаруашылық дақылдарының өнімін, оның ішінде астықты мол алу үшін жерді пайдаланудың практикалық мәселелеріне ерекше назар аудару керек.
Себебі, тыңайтқыштарды ретсіз қолдану, қуаңшылық, ылғалдың аздығы, агро техникалық шараларды тиімді пайдалана білмеу нәтижесінде жер құртысы бүлініп, астықтың сапасы нашарлап, шығымы төмендейді. Сондықтан қоректік заттарды ұтымды қолдану арқылы топырақтың табиғи қалпын сақтап қалуға болады. Ал табиғи топырақтан нәр алған астық тұқымдас дақылдардың (бидай, арпа, жүгері, тары, т.б) өнімі мен сапасы жоғары және тұрақты болатыны белгілі.
Арнайы сала мамандары мен мемлекет басшылары осындай түйткілді мәселенің көпжақты ойланып шешімін шығарса, нүктесін қойса дейміз. Жер – халықтың қазынасы. Өзгелер қол сұқпай-ақ өзімізге жарамсыз боп қалса, кінәлі кім болмақ?! Әркімге жалтақтамай әрекеттің арбасына мінетін кез келді, ағайын.
Дина БӨКЕБАЙ
06 шілде 2021 ж. 406 0

ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

26 желтоқсан 2024 ж. 88

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031