Қазақстанның 70 пайыз жері шөлейттеніп, топырағы тозып кеткен
Бұл туралы Қазақстандағы шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі БҰҰ Конвенциясының ұлттық үйлестірушісі Қайрат Үстеміров мәлімдеді. Оның айтуынша, жердің тозуына топырақтың тұздануы, құнарсыздануы, эрозияға ұшырауы және химиялық улану себеп болған. Салдарынан жайылым жерлер де ескіріп, жойылу алдында тұр.
Дүниежүзінде климат өзгеріп, көптеген жерлерде құрғақшылық болып жатыр. Жерлердің шөлейттену қаупі тек Қазақстанға ғана емес, Орталық Азияның бірқатар елдеріне төніп тұр екен. Мамандардың зерттеуі бойынша 4-10% өңделетін, 27-68% жайылым жерлері, 1-8% орман алқаптары шөлге ұшыраған.
Жерлердің шөлейттенуі мен бүлінуі жаһандық экологиялық, әлеуметтік-экономикалық мәселе болып тұр. Сондықтан Орталық Азия елдерінің ғалымдары 11 қазанда Алматыда бас қосып, экологиялық ахуалды талқылады. Сарапшылар шөлейттену топырақ құнарлығы мен өнімділігін төмендетіп, аграрлық секторға кері әсер етеді деп алаңдап отыр.
"Шөлейттену бірінші табиғи факторлардан болса, екінші жағынан адамдар да әсер етіп жатыр. Ормандарды отап, карьерлер қазып, топырақтың эрозиясын қолдан жасайды. Жайылым жерлер жойылып барады.Бұл өзекті экологиялық проблема, сондықтан оны заманауи технологиялар қолдану арқылы шешудің жолдарын қарастыруымыз қажет. Жайылымдарды қалпына келтіру үшін, елді-мекендерден шалғайда ұңғымалар қазып мал жаятын жерді қолдан жасаймыз. Сөйтіп бұрынғы тозған жерді қалпына келтіреміз", – деді Қайрат Үстеміров.
Орталық Азия елдерінің ғалымдары тағы бір өзекті мәселені көтерді. Жабайы тозаңдатқыштар азайып кеткендіктен, ауылшаруашылығы өсімдіктерінің өнімділігі төмендепті. Қазақстанда егінді алқаптарға омарташылардың араларын жібереді. Бірақ улы тыңайтқыштардан аралар жаппай қырылып қалған. Енді Қазақстандағы әрбір шаруашылық басшылары тыңайту жұмыстарын жүргізу уақыты мен қандай дәрі себетінін омарташыларға алдын-ала хабарлау міндеттелуі мүмкін.
"Жер бетінде адам саны көбейіп, көкөніс пен дәнді-дақыл егетін жер жетпей жатыр. Шаруалар жерді тыңайтып, зиянкестерден құтылу үшін химиялық қоспалар қолданады. Сөйтіп пайдалы жәндіктерді өлтіріп жатыр. Тозаңдатқыштар болмаса азық-түліктен тарығамыз. Сондықтан араларды және тозаңдатқыш жәндіктерді сақтау үшін барлық мемлекетте егіс алқаптарын дәрілеу кестесі алдын-ала хабарлануы керек" – деді Өзбекстан омарташылар қауымдастығының төрағасы Шерали Суяркулов.