Шын мықтыға тұсау жоқ
Осыдан үш жыл бұрын аудандағы білім саласы тағы бір білім ордасымен толығып, 300 оқушыға арналған №276 мектептің лентасы қиылғаны есімізде. Жаңа ашылған білім мекемесінің алғашында техникалық мүмкіншілігі зор болмағаны рас. Кейін өскелең ұрпақ дамуына бейжай қарамайтын әкімдер мен басшылардың көмегімен интерактивті тақта, спорт құралдары толықтырылды. Алғашқы қоңырау соғылғанда мектеп директоры Мейрамбек Жұмашов білім мен спорт додаларында топ жаратын таланаттарды тәрбиелеп шығу туралы алдына мақсат қойғанын айтқан. Бүгінде үлкен үміт артылған жоспардың бір парасы орындалды десек жарасады. Өйткені білім ордасының өрендері республикалық сайыста топ жарып, аудан абыройын асқақтатып келді.
Білім саласында мектеп лигасы ең тартысты, көлемді жарыс саналады. Елдің түкпір-түкпірінен іріктеліп келген спортшылар бақсынасып, өзара үздіктерді анықтайтынын білеміз. №276 мектептің өсіндері бұған дейін аудан, облыс деңгейінде жеңімпаз атанғанын білеміз. Былтыр сондай екі команда республикалық кезеңге жолдама алғанымен карантин талаптарына байланысты бар алмай қалғанына өкінген. «Шын мықтыға тұсау жоқ» дегендей мектептің жас спортшылары биыл да аталған кезеңнің жолдамасын қанжығаға басқан еді. Нәтижесінде дене шынықтыру пәні мұғалімі Нүркен Жұбатқан тәрбиелеген 9-11 сынып қыздары «Ұшқыр доп» ұлттық лигасында екінші орынға табан тіреді. Сонымен бірге қазақтың меншікті ойын түрі асық атудан Ақжол Құрманбайұлының шәкірттерінің асығы алшысынан түсті. Олар да күмістен медаль тақты.
– Шыны керек, жарысқа дайындық ауыр болды. Оқушылар күннің ыстығына қарамастан стадионда екі мезгіл жаттықты. Бұдан бөлек мектепте дайындық үздіксіз жүргізілді. Балалардың талантын ашуда, позицияларын шегендеуде №17 спорт мектебінің жаттықтырушы Серік Бейсенбековтің де еңбегі ерекше. Осылай үміт пен күдік арпалыстырып жүріп, лигага аттандық. Мықтылар бәсекесі 23-30 маусым аралығында Талдықорған қаласында өтті. Гандболдан он команда қатысты. Топтық кезеңдегі командалардың барлығын ойсырата жеңіп, ақтық сайыста Түркістанға есе жіберіп қойдық. Психологиялық қысым, жеңіске деген ұмтылыс қобалжуға алып келсе де лайықты өнер көрсеттік деп ойлаймын. Команда капитаны Нұргүл Әділхан үздік ойын өрнегін көрсетті. Бірақ бұл бізге, аудан үшін үлкен жетістік. Осы тұста оқушыларға лайықты жағдай жасап, жан-жақты қолдау білдірген мектеп директоры Мейрамбек ағайға барлығы үшін алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта өтетін тартысты додаларға шақырту алдық. Енді соған дайындаламыз, – деді команда жетекшісі Нүркен Жұбатқан..
Пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл ғана толған білім ордасының бүгінде ауыз толтырып айтатын жетістігі жетерлік. Спорттан бөлек өнер сайыстары мен пәндік олимпиадаларда шәкірттері оқ бойы озық шығып жүр. Аудандағы білім ордалары ішінде ең жас ұжым саналатын ұстаздар заман талабынан қалыс қалмай келеді. «Жас келсе – іске» дегене осы болар.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ