Көше көркін кетірген

Бүгінде ауылдың көркеюіне әрбір тұрғын атсалысып келеді. Кейбірі жұмыссыз ретінде тіркеліп, кент тазалығына жаны ашымайтын азаматтардың тастаған қоқыстарын, газды судан босаған ыдыстарды теріп, көше көркіне көрік берген еңбекқор жандардан бастап ауданның құрылысшылары, мекеме қызметкерлері туған өлке десе, аянбай қызмет етеді. Олардың мақсаты – ауылды көркейту. Дегенмен кейбір оғаш істер көзге тез түсетіні шындық. Жып-жинақы көше бойымен келе жатып, ілініп тұрған әдемі билбордтардың жыртылып қалғанын көріп, еріксіз қынжыласың.
– Қаншама аудан көлемінде жақсы жобалар қолға алынып, қыруар шаруа атқарылуда. Десек те солар көп ұзамай адам факторының әсерінен істен шығып қалады. Көше бойына құрылған жарықшамдар шағылып, отырғыштар қиратылады. Ол әрине адам әрекетінен жарамсыз жағдайға жетеді. Бүтін тұрған дүниенің бүлінгеніне өзіміз кінәліміз. Балаларымызға, інілерімізге өзіміз өмір сүріп жатқан мекенімізді аялау, адамның еңбегін бағалай білу туралы түсіндіруде, бала тәрбиесінде әлі де болса кемшіліктер жіберіп отырмыз, – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Күміскүл Сайлауова.
Осындай кенттегі моральдық жағынан ескірген және заманауи сәулет талаптарына сай келмейтін және көше мәдениетіне оғаш жарнамалық билбордтар неге қадағаланбайды? Көшелердің сиқын бұзып тұрған осы жарнамалар бақыланып уақытылы алынса, деген ұсынысын жеткізді редакциямызға хабарласқан оқырман.
Нұрай ШАБЫТ