Жоғары табыстарға жол ашқан
Кез келген нәрсенің тарихи жолын анықтамай, оның қазіргісін түсіну мүмкін емес. Сол секілді егемендікті қалай еншілегенін тереңіне үңілмей біле алмасымыз анық. Байыбына барсақ, Тәуелсіздіктің бір мүшелінде елдің барлық саласындағы табыстары толайым болды. 2004 жыл ұлттық экономика қарышты өсімді бағындырды. Бір кездері жаппай белең алған жұмыссыздықтың деңгейі де ауыздықталды, жұмыссыздар саны төмендеді, мемлекеттің әлеуметтік саланы оңалтуға қатысты саясаты мығымдалып, жәрдемақы төлемдері біршама артты. Бұл Қазақстанның ТМД кеңістігіндегі әлеуметтік-экономикалық саясаттағы жетістігі ғана емес еді.
2004 жыл – тәуелсіз мемлекеттер шеңберінде саяси дағдарыстар дірілі әлі де басылмаған шақ еді. Кейбір елдерде экономикалық қиындықтар толқыны шарпып, саясатта тығырықтан шығу жолдары тұйыққа тіреле бастағанда әлем елдері Қазақстанды қарыштап дамушы мемлекет ретінде көре бастады. Мәселен, сол жылғы наурыз айының басында «Оксфорд аналитика» британ компаниясы талдауын жариялап, онда қазақ елін дамушы елдердiң бiрi ретiнде ерекше атап өтті. Осындай талдаудың өзі ТМД-дағы әріптестеріне қарағанда Қазақстандағы реформалардың оқ бойы озғанын білдірді. Тағы бір мысалға жүгінсек, осы жылғы зерттеулер нәтижесінде әлеуметтiк-экономикалық дамудағы табыстарының негiзгi өлшемдері бойынша Қазақстан Орталық Еуропаның бiрқатар елдерiне барынша жақындай түсуге мүмкiндiк алып, Оңтүстiк-Шығыс Еуропа елдерiнен iлгерiлеп кеттi. Жыл қорытындысы бойынша Бүкiлдүниежүзiлiк Банктiң сараптамасымен Қазақстан ендiгi жерде орта деңгейден жоғары табысы бар мемлекеттердiң тобына жататын болып есептелді.
Мұнай құбырынан мол қаражат
Елдің қарышты дамуына ең бірінші қара алтынның септігі мол болды.Одан бөлек экономиканың өрлеуі мен ұлттық әл-ауқаттың көтерілуіне мұнай қаражатының әсері аз болмады. Ел игілігіне қарай сауатты жұмсалып, экономикалық һәм әлеуметтік дамуда көп демеу болған мұнай Жаратқанның қазаққа тартқан сыйы іспеттес еді.
Дәл осы мұнай мәселесіне қатысты ықпалдастық дүниесі де осы 2004 жылы орын алды. Нақтыласақ, 2004 жылдың мамырында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға барған сапары кезінде Қытайдың мұнай компаниялары арасындағы мұнай құбыры құрылысын бастау туралы келісімшартқа қол қойды. Оның іргетасы сол жылдың 28 қыркүйегінде қаланды. Сол сәтте әлемнің ақпарат құралдары көршілес екі мемлекет арасындағы осынау қадамды жарыса жазып, екі арадағы келісімді «ғасыр жобасы» ретінде атаған.
Қазақстанның алғашқы қара алтыны Қытайға 2006 жылдың 25 мамырынан құйыла бастады. Соның нәтижесінде біздегі Атасумен шекаралас пункт аспан асты еліндегі Алашаңқай арасын жалғаған мұнай құбырының магистралі арқылы Қазақстан жылына 20 миллион тоннаға дейін мұнай экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп Тәуелсіздіктің 13-ші жылы Қазақстан ұлттық экономикасын түпкілікті реформалауға бағыт ұстанып, қысқа мерзім ішінде нарықтық реформаларды сәтті жүргізе білді. Жан-жақты дамудың тетігі кәсіби Парламенттің қабылдаған заңнамаларымен қамтамасыз етіліп, нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай болды.
1994 жылы елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 700 доллардан сәл ғана асса, 2004 жылдың соңында ол 2 мың 700 долларға жетті. Соның арқасында тауар айналымының құрылымында Еуропалық одаққа мүше елдер, Ресей, Швейцария және Қытаймен бірге алғашқы орынға шықты. Осылайша қазақ елі әлемдік экономиканың бөлінбес бөлшегіне айналып, жаһандық бәсекелестік арнасына еркін енуге ұмтылды. Сол жылы 204 инвестициялық жоба іске асырылса, соның тең жартысы даму институттарының қолдауымен жүзеге асты.
Келешек үшін келісім
Ел болашағы үшін мемлекет басшысының әлем елдерімен байланысы одан әрі күшейе түсті. Жыл басында Ресей басшысы Қазақстанға ресми сапармен келіп, Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы келісімге қол қойды. Ал бір жылдан кейін, яғни 2005 жылы 25 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығы бойынша ҚР-ның ғарыштық қызметінің 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік даму бағдарламасы бекітілді. Әрі осы 2004 жыл – Ресейдің Қазақстандағы жылы болып жарияланған болатын.
Одан соң Елбасы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы қаулыға қол қойды. Бағдарламаның мақсаты – халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның iшiнде осы заманғы ұлттық мәдениетiн, фольклорын, дәстүрлерi мен салттарын зерделеудiң бiртұтас жүйесiн жасау, ұлттық тарих үшiн ерекше маңызы бар елеулi мәдени-тарихи және сәулет ескерткiштерiн қалпына келтiрудi қамтамасыз ету, ұлттық әдебиет пен жазудың санғасырлық тәжiрибесiн қорыту және кеңейтiлген көркем, ғылыми, өмiрбаяндық дестелер жасау мен мемлекеттiк тiлде әлемдiк ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттiң үздiк жетiстiктерi негiзiнде гуманитарлық бiлiм берудiң толымды қорын жасау еді.
Мұнан бөлек бұл жылы Астанада «Орталық Азия Ынтымақтастығы» ұйымына мүше мемлекет басшылары Кеңесінің отырысы өтті. Оның барысында Орталық Азиядағы төрт мемлекеттің басшылары өңірдегі теледидар және радиохабарларын тарату туралы келісім шешілді. Сол тұста Ресей Федерациясы «Орталық Азия Ынтымақтастығы» ұйымына мүшелікке өту ниетін танытты. Сондай-ақ жиын барысында мұнай мен газды, электр қуаты мен су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық мәселелелерді бірлесіп шешу және ортақ рынок жасаудың алғышарттары секілді мәселелер талқыланды.
Көп ұзамай Елбасы Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен «Орталық Азия Ынтымақтастық» ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына қатысты. Аталған жиында негізінен төрт мәселе қаралды. Біріншіден, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан арасындағы ұйымға Ресейді қосу, екіншіден, Астанадағы қол жеткен келіссөздерді жүзеге асыру, үшіншіден, ұйымға мүше мемлекеттердің Ауғанстанмен аймақтық қауіпсіздік және ынтымақтастықтың негізгі бағыты, төртіншіден, ұйымға мүше мемлекеттердің келесі төрағалығы туралы қозғалды.
Осы жылдың басты жаңалығы Астанадағы «Ақорда» атауына ие болған Президент резиденциясының ашылу салтанаты болды. Оның жалпы ауданы 36 720 шаршы метрді құрайды. Ол қазақстандық ақ мәрмәр мен малтатасты пайдаланып, озық құрылыс әдістерімен соғылған. Нұрсұлтан Әбішұлы ғимараттың ашылу салтанатында елімізді басқару елорданың жаңа орталығынан жүзеге асырылатындығын атап өтті. Сонымен қатар 2004 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Онда 100 мыңнан астам экспонаттар бар. Президент Н.Назарбаевтың жеке мұрағаты мен кітапханасы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларының тартулары, Елбасының біргей марапаттар коллекциясы, жеке заттары, құжаттары көрермен назарына ұсынылатын болды.
Дайындаған Абзал БАҚЫТҰЛЫ