Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан Тәуелсіздігінің 27 жылы: Елбасы бастамалары өміршеңдігін дәлелдеді

Қазақстан Тәуелсіздігінің 27 жылы: Елбасы бастамалары өміршеңдігін дәлелдеді

Желтоқсан айы - қазақ үшін қастерлі ай. Арғы тарихты айтпағанда, дәл осы айда Алаш Орда үкіметі құрылып, автономиясы жарияланған еді. Бұл алаш қайраткерлерінің ұлттық тәуелсіздік үшін жасаған маңызды қадамы болды.

Кейіннен бұған азаттықты аңсаған Желтоқсан оқиғасын, ел болып тарихи таңдау жасаған Тұңғыш Президент сайлауын қосыңыз. Ең бастысы Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан күн де осы желтоқсан айына тиесілі екен. Биыл сол Тәуелсіздікке 27 жыл. Осы жылдары қазақ халқы талай сыннан сүрінбей өтіп, береке-бірліктің арқасында түрлі қиындықтарды еңсерді. Бүгінде еліміз төрткүл дүниеге толық танылған, халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесі ретінде мойындалды. Осы орайда алдымызда тұрған мәртебелі мақсат-міндеттерге де бірлесе қол жеткізе алатынымызға сенеміз. Сондықтан Тәуелсіздік қадірін білген халықымыз 16 желтоқсан мейрамының маңызы мен мәнін жақсы түсінеді.

Бұл жетістіктердің барлығы дерлік Президенттің көпжылдық еңбегімен тығыз байланысты. Ол Мемлекет басшысы әрі Ұлт көшбасшысы ретінде мәртебелі сый-құрметке лайықты болды, ел ішінде және барша әлемде жоғары беделді иеленді.

Негізі, егемендік алғанға дейінгі мерзімнің өзінде Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жолындағы барлық қажетті әрі маңызды қадамдарды жасады. Ал Қазақстан Тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін ең басты стратегиялық шешімдер Президенттің тікелей қатысуымен жүзеге асырылды. Сондықтан да Елбасы қазақстандық мемлекеттіліктің басты сәулетшісі болды.

Ұлт көшбасшысы Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің ұлы шежіресі бірқатар тарихи кезеңдерден тұратындығын өзінің естелігінде қадап айтқан болатын. «1990 жылдың сәуірі - Республика Президенті лауазымын тағайындау, 1990 жылдың қазаны - Қазақстанның егемендігі туралы Декларация, 1991 жылдың тамызы - Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және Республикалық егемен алтын-валюта қорын құру, 1991 жылдың желтоқсаны - алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау, біздің мемлекетіміздің жаңа атауы туралы шешім қабылдау, 16 желтоқсан - «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдау, 1993 жылдың 15 қарашасы - өзіміздің ұлттық валютаны және қаржы жүйесін енгізу. Жеке мен үшін іс жүзінде осынау ырғақты кезеңнің әрбір күні ұмытылмақ емес», - деп еске алды Н. Назарбаев.

Шынымен де, Президенттің сол кездегі стратегиялық қадамдары дұрыс болғандығын өмір дәлелдеді. Естеріңізде болса, Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған кезде батыстық кей мамандар Қазақстанның ішкі нәзік жағдайларына байланысты ұзаққа бармайтыны, өзін-өзі басқара алмайтыны туралы негізсіз жорамалдар жасаған еді. Бірақ олар қателесті. Мұны өткен 27 жылдың нәтижелері растап отыр. Атап айтқанда, Қазақстан халықаралық деңгейде аса маңызды жұмыстарды атқарды, беделді мәртебеден көрінді.

Тарихқа ден қойсақ, Қазақстандағы тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы 1991 жылы 1 желтоқсанда өтіп, онда Н. Назарбаев сайлаушылардың 98,8 пайыз дауысын алды. 10 желтоқсан күні Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің ант беру салтанаты өтті.

«Біз дербес өмір сүретін жағдайдамыз» - менің ұлықтау салтанатындағы негізгі сөзім осы болды. Арада жиырма жыл өткен соң бүкілхалықтық сайлау өткізілген мерейлі күн мемлекеттік мерекеге - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне айналды. Саяси күнтізбеде ол заңды және символдық тұрғыда Тәуелсіздік күніне ұласады. Тарихи 1991 жылғы президент сайлауы Қазақстанның тәуелсіздікке қарай жасаған шешуші қадамы болды», - деп жазды Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабында.

Алдымен экономика...

Биыл Қазақстанның өз алдына дербес ел болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретінде өмір сүріп жатқанына 27 жыл толып отыр. Бұл мерзімде жүріп өткен ауыр да әрі абыройлы жолымыздың мәні мен мағынасын тұтас ғасырға балауға болады. Экономикалық-әлеуметтік, қауіпсіздік, саяси, оның ішінде жаһандық, өңірлік мәселелерге қатысты өз алдына дербес шешім қабылдауға қауқарлы, өз ұстанымын талап ететін Тәуелсіз мемлекет бола алатынымызды барлық жағынан көрсеттік. Халықаралық бастамалармен бірге, әлемдік деңгейдегі шараларды, адамзаттық маңызды форумдарды да жоғары деңгейде ұйымдастыратын мемлекет екенімізді дәлелдедік. Шын мәнінде мұның барлығы дербестіктің, егемен елдіктің арқасы екені анық.

«Алдымен экономика, содан соң саясат» қағидатын ұстанған жас мемлекет аздаған уақыт ішінде саяси, экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асыру арқылы әлемге таныла бастады. Осы уақытта Қазақстан халқы да, оның дүние пайымы да, даму жолы да өзгерді. Экономика қарыштап өсіп, ондай өсім игілігі халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуге бағытталды. Бұл да көреген саясаттың арқасы.

Н.Назарбаевтың басшылығымен табысты нарықтық экономиканың моделі құрылды. Бұл ретте еркін бәсекелестік пен әлеуметтік қорғаудың жоғары деңгейіне екпін қойылды. Республикалық бюджет шығыстарының басым үлесі әлеуметтік салаға бағытталып келеді. Қазақстан шетел компаниялары үшін сенімді серіктес атанып, осының нәтижесінде Орталық Азияға шаққанда, тікелей шетел инвестицияларының басым бөлігі елімізге тиесілі болды.

Атап өтерлігі, тұрақты экономикалық өсім, стратегиялық алтын-валюта қорының жинақталуы көптеген мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуын қамтамасыз етуде. Бұл бағдарламалар экономиканы әртараптандыруға, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік саланы жаңғыртуға, адами капиталды дамытуға негізделген. Қазіргі кезде Қазақстанда стратегиялық дамудың екінші бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Ал «Қазақстан-2050» Стратегиясы ұзақ мерзімді кешенді дамудың сындарлы тұжырымдамасын қамтып отыр. Онда мемлекеттің тұрақты инновациялық дамуының басымдықтары, бағыттары айқындалды.

Бүгінде Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықтағы жоғары деңгейі елімізге Орталық Азия өңірінің мүддесін қорғауға мүмкіндіктер беріп отыр. Осы орайда ҚР Президентінің бастамалары еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтты. Әлемдік рейтингтерде алдыңғы қатарлы орындарға қарай белсенді ілгерілеп, халықаралық аренада маңызды ойыншылардың біріне айналуға қауқарлы болдық.

Жалпы, біз ғасырлар бойы қаншама ұрпақтың арманы болып өткен тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Біздің халқымызды бірлік ұғымы, яғни ортақ құндылықтардың, мақсаттар мен міндеттердің, тағдырымыздың бірлігін түсіну біріктірді. Ендігі күні іргетасы мығым қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің тұғырлы байрағы мәңгіге желбірей беретініне еш күмән жоқ.
16 желтоқсан 2018 ж. 1 176 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930